Жаңалық

АЛАШТЫҢ АСЫЛ АРУЛАРЫ

8 – наурыз –  халықаралық әйелдер мерекесі аясында тарих күнпарағын ақтарып, өткен күннің оқиғасын, өткен заманның келбетін назарларыңызға ұсынамыз. Сөз – ХХ ғасыр басындағы қазақ әйелдерінің тағдыры хақында болмақ.

Ұзақ уақыт бойы советтік жүйенің қысымына ұшырап, байшыл-ұлтшыл деген айыппен ғылыми, тарихи һәм әдеби процестен қақас қалдырып келген ХХ ғасырдың басындағы қазақ қыздары туралы сөз қозғаудың реті келген сияқты. 1905-1907 жылдардағы орыс революциясының дабылы қазақ даласына да зор екпінмен естілді. Революция қазақ қайраткерлерінің қоғамдық және әлеуметтік, прогресшіл бағыттағы ойларының қалыптасуына, ұлттық сана-сезім мен елдік иммунитеттің артуына игі әсерін тигізген-ді. Міне, осы ретте қазақтың көкжал жігіттерінің идеялық тартыс, ұлт-азаттық жолындағы саяси күресіне демеу болып, моральдық қолдау көрсеткен нәзік жандылар да бар еді. Алаш зиялыларының көтерген зор мәселелерінің бірі – әйел тағдыры-тұғын. Әйел азат болмай, халық азат болмайтын. Әйел теңдігі үшін рулық, дуанбасылық ішкі қақтығыстарды шешіп, қазақ қаракөзінің басына азаттық сыйлады. Бостандық таңы атқанда, қыздар да оқуға, сауат ашу ісіне ден қойып, дүние ілімін, дін қағидасын игере бастады. Жаңа оқуды меңгерген қыздар да арғымақ уақыттың жалына жабысып, елдік мұрат үшін қоғамдық істерге белсене араласты. Алаш қозғалысының ниеттесі, мұраттасы болған Нәзипа Құлжанова, Гүлсім Асфендиярова, Аққағаз Досжанова, Ғайнижамал Дулатова, Жаңыл Қадырбаева, Гүлшаһара Досымбекова сынды арулар бодандық құрсауындағы қалың қазаққа азаттық идеясын таратты. Семей, Омбы, Орынбор, Троицк қалаларындағы жастарға арнап түрлі әдеби-мәдени кештерді ұйымдастырды. Бас ақын Абай хәкімнің өлеңдерін халыққа таратып, мұрасын насихаттады. Жыл сайын Абайды еске алу кешін өткізді. 

Алаш сүйген арулар оқыған, тоқыған еді. Алаштың алдыңғы толқын буыны өзге ұлттың өкілінен жар сүйіп, теңін тапты. Ұлт көсемі отыз бес жасында ғана шаңырақ көтеріп, Елена Яковқызына үйленді. Еленаның әкесі орыстың демократ, революционер еді. Әкесімен жақын араласқан Әлекең сол заманның талабына сай орыстың оқыған қызына үйленуге мәжбүр болды. Қазақтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы да білім, білігі мол Александра Иванқызын жар қылып, мұсылмандық жолына түсіріп, Бәфрисасымен бірге тауқыметті ғұмыр кешті. Барлыбек Сырттанұлы, Жансұлтан Сейдалин, Міржақып Дулатұлы сынды арыстар оқып, жетілген қазақ қыздарымен некелесті. Демек, қазақ қыздарының кеш оқуы, қараңғылық түнегінен жарық сәулелі өмірге шығып, еуропалық мәдениетті игеруі – сол замандағы азаматтардың мінезіне, танымына, талғамына оң әсерін тигізген сияқты.

Қазақ үшін «жүрек майын шам қылған» Нәзипа Құлжанованың өмір жолы халыққа етене таныс. Қайраткер қыз туралы көптеген дүние жазылды. Жекелеген арнайы кітаптар да жарық көрген. Осынау шағын дүниеде есім-сойы көп айтыла бермейтін алаштың ардақты арулары туралы айтуды жөн санадық:

Қазақ тарихындағы есімі айрықша жазылуы тиіс қыздардың бірегейі – Гүлшаһара (Гуля) Досымбекова еді. Гүлшаһара – Алаш жастарының басын қосқан «Бірлік», «Жас азамат» ұйымын құрған жігерлі қайраткер қыз болған. Гүлекең – Міржақып Дулатұлының балдызы. Омбы гимназиясын, Омбы ауылшаруашылығы институтын тәмамдаған. Алаш көсемінің қызы Елизаветамен (Зейнеп) жақын құрбы болыпты. Революциядан соң, жоқ-жетім, әлеуметтік ахуалы төмен қазақ балаларының білім алуына, оқуына қаржылай көмек көрсеткені бар. Жүсіпбек пен Мұхтар «Абай» журналын шығарып жүріп, қаржылық дағдарысқа ұшырағанда, осы Гүлекеміз қолындағы күміс жүзігін сатып, ұлт басылымы тарыққанда қолдаушысы да болыпты. Тағы бір қызығы – 1914 жылы Міржақып пен Ғайнижамал отбасын құрғанда, алдаспан арыстың тойына қос шәкірті Мағжан мен Сәкен де келген екен. Ақындығы да, таланты да бір-бірінен асып өткен қос лирик Гүлшаһара бикешке ынтығып, ғашық болған көрінеді. Ізінен ерген таланты інілерін бір-біріне қарсы қоймас үшін Жақаң балдызын қайраткер, публицист Ахметсапа Жүсіпбаласына қосқан-ды. Бірақ, біздің зерттеушілер бұл арудың қоғамдық-саяси қызметін зерттеу ісіне асығар емес…

Алаштың оқу-ағарту саласында табанды қызмет еткен Гүләйім Байгурина Ыбырай Алтынсарыұлының шәкірті болған Ахмет Балғымбайұлының қызы. Орынбордағы гимназияны үздік тәмамдап, заман реңі бұзылғанға дейін орыс тілінен сабақ берген. Оның жолдасы Әлжан Махмұтұлы Байгурин белгілі ғалым, дәрігер, публицист болатын. Жолдасы қуғын-сүргінге ұшырап, атылған соң, Гүләйім де тағдырдың кермек дәмін татқан.

Алаштың ізашар толқынының үлкен қолдауына ие болған Аққағаз Досжанова қазақ әйелінің арасынан шыққан алғашқы дәрігер ғана емес, қаламы өткір публицист, қайраткер еді. 1917 жылы қазақ зиялылары ұйымдастырған Мәскеудегі басқосуда мұсылман елдерінің азаттығы туралы баяндама жасап, езгіндегі бұратана халқының тағдырына алаңдаған. Оның үлкен зор ісі – 1917 жылдың 1-8 мамырында өткен Мәскеудегі Бүкілресейлік мұсылмандар сиезіне қатысып, қазақ әйелінің мұң-мұқтажын жоқтап сөйлеп, төралқаның назарын өзіне аудартқан. Сосын, өмірінің соңына дейін Алматыдағы №1 ауруханада гинеколог болып, безгек ауруына қарсы алғашқы ем-домды ойлап тапқан. Оның медициналық проблемаларды көтерген ауқымды мақалалары «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» басылымдарында жиі жарияланған. Артында іздеушісі болмаған соң, Аққағаздың өмірі де, әдеби-ғылыми мұрасы да ғылыми айналымға ене қоймады.

Бүгінде оқырман түгілі, ғылыми орта өкілдерінің өзі біле бермейтін бірқатар беймәлім есімдерде жиі кездеседі. «Зарлау», «Көздер», «Тұр, қазақ!» өлеңінің авторы Мәриям Сейдалина ғасыр басындағы «Айқап», «Қазақ» басылымдарының авторы болған-ды. Орал облысы қазақтарының сиезінде қазақ әйелінің жағдайы жөнінде баяндама жасаған Шәпенова М., Күләйім Өтегенқызы, Сақыпжамал Тілеубайқызы, Дәмеш Дайрабайқызы сынды ақын қыздардың есімдері жыл сайын ұмыт болып барады. Егер, ХХ ғасыр басындағы басылымдарды мұқият қарап, зерттей бастасаңыз, осы ақын қыздардың көптеген мұраларын тауып, қайыра жариялап, есімдерін де, мұраларын да ғылыми-зерттеу нысанына айналдыруға болатын еді. Шолпан Иманбаева, Сара Есова, Фатима Ғабитовалардың да ғұмырнамасын Тәуелсіздік көзімен зерттеу керек сықылды.

Қазақтың басынан тағы да бағы тайып, дүние дүрлігіп, совет үкіметі орнаған соң, И. Сталин бастаған большевик-шовинистер ұлтшыл қазақ азаматтарының әрбір қадамын бақылауға алып, жолына тыңшы салды. Советтік-шовинистік мезгіл мінез танытқанда, қазақтың алдыңғы қатарлы интеллигент, ұлттық рухы биік ерлері түрмеге тоғылып, айдауға ұшырады. Соңынан әйелдері де, балалары да тоталитарлық жүйенің қысымын көріп, абақтыға қамалды. Сәкеннің жары Гүлбахрам, Бейімбеттің жары Гүлжамал, Тұрардың әйелі Күләндам, Сейітқали Меңдешовтың әйелі Рәзия, Темірбектің жары Дәмеш, Санжардың әйелі Рәбиға, Нығметтің әйелі Зүпнұн АЛЖИР-дың ажал апанында отырып, жазықсыз жапа шекті. Сонымен қатар, Майнұр Сарымолдаева, Алаш көсемінің қызы Елизавета Сәдуақасова, Мәрия Есқараева, Мәриям Тоғжанова, Әйіш Құлымбетова, Сағадат Таштитова, Бижамал Сырғабекова, Мағрипа Рүстемова, Уәзипа Күленова, Шәкітай Тәтімова, Айша Қабылова, Хадиша Мусина, Жанбике Шанина, Мәдина Оразова, Әсма Шоманова, Зағипа Тінәлина, Мәрияш Есенгелдина, Баршын Қалменова, Мінтәй Дәукенова, Сақыпжамал Назаровалар да сталиндік қуғын-сүргіннің тақсіретін бір кісідей-ақ тартып, ажал тұзағынан аман қалды.

Алаш арыстары ұлт мұраты жолында қара бастарын қатерге тікті. Азаттық үшін күресте шаһид кешерін де білді. Тар жолда мінез көрсетіп, қасқайып өлді. Сол ұлтшыл ерлер сияқты рухын таптатпай, намысын жаншытпай мінез көрсеткен Кира Нұрмағамбетова, Торғай Сүлейменова, Мәмилә Таңатова, Шахзада Шонановалар НКВД-ның құрығынан шыға алмай, саяси қауіпті элемент ретінде лагерде атылып, өлім құшты.

Басқа да Алаш қайраткерлерінің әйелдері, балалары совет заманында түрлі қауіп-қатерді бастарынан өткерді. Ахат Шәкерімұлы, Гүлнар Дулатова, Сүйінбике Мұстақымқызы, Шолпан Байтұрсынова, Зүбайра, Мүгілсім Сырттановалар да бейнетті ғұмыр кешті. Совет үшін «Халық жауы» атанған асыл ерлердің текті ұрпақтары әке қаны, ана сүтін ақтап, совет заманында игі істердің басынан табылды. Мәселен, қуғын-сүргін құрбаны Ахмет Мамытұлының қызы Мәншүк Мәметова Сталиннің басына қара бұлт үйірілгенде, майдан даласында Совет одағы үшін ерлік көрсетіп, өлім құшты. Алаш тарихын жазу жолында мемуарлық-эпистолярлық естеліктерімен тарихымызды ажарландыра түскен Гүлнар Дулатова, Данабике Қаралдина, Гүлнар Болғанбаева, Аргуния Жақыпқызы, Іңкәр Бірімжанова, Қарашаш Досмұхамедова, Надия Баталова, Сәуле Рысқұлова, Надежда Қарашева, Роза Бейсеновалардың еңбектері ешқашан ұмытылмас. Текті бесіктен өнген Рәбиға Сыздықова, Ләйлә Әуезова, Үшкөлтай Сұбханбердина, Шәмшібану Сәтпаевалар қазақ ғылымының дамуына, Алаш тарихының бүкпесіз зерттелуіне ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Ал, бағлан азаматтардың көзін көріп, тағылымын алған Нәзипа Құлжанова, Фатима Ғабитова, Зылиқа Жұмабаева, Мария Шоқай, Мәриям Хәкімжанова әдеби мұралардың жиналуына, фольклорлық мұралардың хатқа түсуіне, оқымыстылардың еңбектерінің цензурадан аман қалуына мол үлес қосты.

ХХ  ғасыр басындағы қазақ қыздары ер азаматтардың сенімді серігіне, музасына айнала білді. Аналық сүюдің, әйел келбетінің қандай болуы керектігін қайраткерлік жарқын істерімен көрсетті. Тауқымет тақсіретті арқалаған ұрпақтары да ұлттың ұлысы, ұстыны бола білді. Қалай десек те, уақыт өткен сайын Алаш идеясы, Алаш мұрасы, Алаш арыстарының психологиялық портреттері, ұлтты сүюдегі аңсар-арманды махаббаты, ұлттық намысы мен жігері, сөйлеген сөздері, атқарған толайым істері – бүгінгі қазақтың тұрмысына, ойлау жүйесіне, ұлттық кеңістігіне темірқазық болды.

Бүгінгі күні Алашын аялаған арулар, алаштанушы қыздардың шоғыры қалыптасты. Алаштанудың биік шынары профессор Айгүл Ісімақова, ресейдегі танымал алаштанушы-ғалым Дина Аманжолова, тарихшылар Айткүл Махаева, Күлпәш Ілиясова, Светлана Смағұлова, Толқын Замзаева, Гүлшат Масалимова, Данагүл Махат, Дәметкен Сүлейменова, лингвист Орынай Жұбаева сынды қазақ қыздары арыстардың өмір жолын, әдеби-ғылыми мұрасын жан-жақты зерттеп, ақтаңдақтар мәселесін таныту ісіне өлшеусіз еңбек етіп келеді… Ұрпақтар арасындағы сабақтастық, асылболат идеяның өміршеңдігі осылай жалғаса бермек…

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button