Жаңалық

АЛАШТЫҢ САЯСИ КӨСЕМІ ("Әлихан Бөкейхан жолымен..." жүргенде)

5 наурыз –  ұлт көсемі, қазақтың аса көрнекті қайраткері, пассионар тұлға, біртуар саңлақ Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туған күні. Бүгінгі қазақ халқы үшін ХХ ғасырдың алғашқы ширегі – ренессанстық құбылыс тудырған, тарихи дүбірге толы кезең болып саналады. Ренессанстық құбылысты тудырған алғашқы қазақ оқымыстыларының бірі – Әлихан Бөкейхан.

Әлихантанушы-ғалым Сұлтан Хан Аққұлының зерттеуінде ұлт оғланы «кіндігі кесіліп, сүндеттеліп» туған екен. Бұрын соңғы замандарда бұндай маңдайы жарық перзенттер дүниеге некен-саяқ келген-ді. Біздің саяси көсем, Алаштың Бас адамы болған Әлихан Бөкейхан да Алла Тағаланың теңдесіз жаратқан нұрлы бір перзенті еді.

Осыдан біраз уақыт бұрын Астанадағы Юнус Емре атындағы түрік мәдениеті институтында түрік тілін үйреніп жүргенімде, түрік ұстазымның ұлтшылдығына, патриоттығына қайран қалып едім. Ұстазымның Түркия мемлекетінің негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрікке деген сүйіспеншілігі терең ойға қалдырып еді. 10 – қараша Ататүріктің қайтыс болған күні. Дәл осы күні, сағат 9 – дан 10 кеткенде  мұқым Түркияда іс қозғалыс тоқтап, түрік біткеннің бәрі орнынан тік тұрып, Алдаспан ердің рухына құрмет көрсетіп, тағзым етеді. Міне, патриоттық, елдік һәм ерлік сезім деген! Бүткіл Түрік азаматы ұлттық идеологияға иланып, Тұңғыш Президенттерін мәңгілік есте сақтап, аза тұтқанын көргенде, көңілің босап, өнегелі іске сүйсініп ақ қаласың. Біз де осы қандас бауырларымыздай рухы биік ел болсақ екен…

Әлихан арыс Тоқырауын өзенінің бойындағы, Желтаудың баурайында қоныс тепкен Ақтоғай топырағында дүние есігін ашқан. Төре тұқымынан. Арғы атасы – атақты Көкжал Барақ сұлтан еді. Жеті атасынан бастап қазақтың көшін алға сүйреп, еліне, жеріне адал қызмет еткен. Бала Әлихан сәби кезінен ақ маңдайы жарқырап, ерекше өскен перзент еді. Алғыр. Зерек. Тумысынан талантты. Ерте қаріп танып, дүниенің қыр сырына қанып, айналасын таңғалдырып өскен. Ол – Патшалық Ресей тұсындағы І Мемлекеттік Думаның депутаты, қазақ ұлтының жеке дара ел болуын аңсаған  «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының  көшбасшысы, 1917-1920 жылдары билік құрған  «Алаш Орда» ұлттық-территориялық автономиясы мен қазақтың алғашқы  «Алаш» партиясының төрағасы болған. Оның негізгі мамандығы – ормантанушы. Ол – Санкт-Петербордағы Орман шаруашылығы институтының экономика факультетін «ормантанушы» мамандығы бойынша және экстерн «заң» мамандығын тәмамдаған.

2016 жылы қазақ мемлекеті мен іргелі қазақ ғылымының қалыптасуына үлкен зор үлес қосқан, 1917 жылдың 13 желтоқсанынан 1920 жылдың 5 наурызына дейін заңды түрде билігі жүрген «Алаш Орда» ұлттық – территориялық автономиясының төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның  туғанына 150 жыл толып еді. Сан қырлы қайраткердің 150 жылдық мерейтойы – дүниежүзі көлемінде аталып өтілуі керектігі жайында халықаралық ЮНЕСКО ұйымының арнайы шешімі шыққаннан бері түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Әлихан Бөкейханның ғылыми-шығармашылық ғұмырнамасын тануға арналған тағылымдық мәні мен маңызы зор шараның бірі – Қазақ Географиялық қоғамының ұйытқы болуымен жүзеге асқан «Әлихан Бөкейхан ізімен…» деп аталған халықаралық ғылыми-танымдық экспедицияның жұмыстары. Белгілі алаштанушы-ғалым, профессор А.С.Ісімақова жетекшілік еткен аталмыш ғылыми-танымдық экспедиция құрамына әдебиеттанушы, доцент Қ.Р.Кемеңгер, журналист А.Хамит және демеушілік көрсеткен қоғамның менеджері Қ.Тұрсынғожаев, қоғам еріктісі С.Үркінбай енді. Экспедиция Ақтоғайдан басталып, Қарағанды, Қарқаралы, Семей, Омбы, Санкт-Петербор, Минск, Самара, Орынборда болып, бағдарын Мәскеу қаласында аяқтады.

Экспедицияның басты мақсаты: Әлихан Бөкейханның өмір жолын кең арнада таныстыру, оқырмандарға еңбектерін таныту, Алаш көсемінің ел еркіндігі үшін істеген ерен еңбегін насихаттау. Сондай-ақ әлі көпшілік қауымға мәлім бола қоймаған дәйектер мен құжаттар іздестіру.

Экспедиция аялдаған елді мекендер мен  қалаларға қысқаша сипаттама берсек.

Ақтоғай – бүгінгі Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай деп аталатын үлкен ауданның орталығы. Алаш көсемі Ә.Н.Бөкейхан 1866 жылдың 5 наурызында Тоқырауын өзенінің сағасындағы Жекежал тауының етегінде дүниеге келген. Ақтоғай ауданы жұртшылығы атынан ғылыми-танымдық экспедиция мүшелерін еңбек ардагері, өлкетанушы Т.Мұқан мен аудандық өлкетану мұражайының директоры Т.Жармағамбетов қарсы алып, бізге Алаш көсемінің туған жерін аралатып көрсетті.

Қарқаралы – Алаш көсемінің ғұмырнамасынан және де тұтас Алаш қозғалысы тарихынан үлкен орын алатын қоғамдық-саяси маңызы зор қала. Қарқаралыдағы көпес К.Бекметовтің үйі, Құнанбай қажы салдырған мешіт, Қарқаралы қолөнер мектебі, Қарқаралы бастауыш орыс-қазақ мектебі, Зариф (кейбір деректерде Зариев) медресесі, 1905 жылғы «Қарқаралы құзырхаты» жолданған үй және ХХ ғасыр басындағы Алаш тарихына қатысы бар нысандардың барлығы – ғылымның дәлме-дәл тарихи айғағы үшін әрі туризм саласының дамуы үшін де құнды болмақ.

Семей – 1917-1920 жылдары бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің алтын діңгегі ретінде саналатын – «Алаш Орда» ұлттық-территориялық автономиясының астанасы болған шаһар. Алаш қайраткерлері бұл қаланың  «Заречная слободка» деп аталатын бөлігін Алаш қаласы деп атаған болатын. Семей қаласында Абай хәкімнің  Алаштың белгілі азаматы Әнияр Молдабаевқа сатып алып берген екі қабатты үй бар. Бұл үй – Алаш қайраткерлерінің, әсіресе, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының ғұмырнамасымен тығыз байланысы бар тарихи орын. Сөзіміз дәлелді болу үшін Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының бөлімі «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайының ғылыми қызметкері Қ.Ибрагимованың мақаласына назар аударсақ:«…Әнияр Молдабаевтың үйінде азаматтық қарсыласу жылдары Алашорда басшылары Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатовтың отбасылары тұрғаны туралы Гүлнар Міржақыпқызы: «Әкем 1921-1922 жылдары Семей губсотында қызмет істеді де, біз Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екі қабатты жеке меншік үйінде тұрдық. Үстіңгі қабатында біз – Дулатовтар, біріншісінде Әлихан атаекемнің үй-ішісі жайғасқан еді» деп өзінің «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты мемуарлық еңбегінде еске алады», – деп жазыпты[1, 94 б]. Енді осы деректі мұқият оқысаңыз, Алаш көсемі Ә.Н.Бөкейханның Семей қаласында тұрған уақыты, атқарған қызметі нақтылана түсері хақ. Осы жерде айта кетерлік бір жайт: әлихантану ғылымының алдында тұрған өзекті мәселенің бірі – Алаш көсемінің зайыбы Елена Яковлевна Севостьянованың өмірге келген, өмірден өткен уақыты мен оның өскен ортасы, айналасы туралы жіті қарастыру. Әлі күнге дейін Елена Яковлевнаның дүниеден өткен жылы 1918 немесе 1921 жыл деп әр түрлі жазылып жүр.Кейбір деректерге қарағанда,  Елена осы Семей қаласында дүние салғанға ұқсайды. Алдағы уақытта Еленаның қабірін анықтауымыз қажет.

Семей қаласында Ә.Н.Бөкейхан жазасын өтеген түрме сақталған. Бұл түрме – «Е» әріпі үлгісінде Екатерина патшаның құрметіне салынған. Бұл тар қапаста қазақтың небір тұғырлы тұлғалары жазасын өтеген болатын. Алаш көсемі ««Кәкітай» атты мақаласында: «Сөйтіп кейін бірінші Г.Дума депутаттары саясат әдісіне сайланған жерде абақтыға отыралық десті. Мен осы шартпен жазғытұры 1908-нші жылы Семей келдім. Мен Семейде абақты борышымды күтіп жүргенде Шәкәрім, Кәкітай, Тұрағұл әдейі қалаға келіп, тағы да біраз күн көңіл көтеріп, шат болған едік. Мен абақтыда жатқанымда осылар тағы келіп амандасқан. «Бұған өзге қазақ жарамады-ау» деймін», – деген[2, 189 б]. Осы мақаласынан Ә.Бөкейханның 1908 жылдары түрмеге қалай түскенін аңғарамыз.

Алаш тарихындағы аса елеулі оқиғаның бірі – Алаш көсемінің Семей қаласына келіп, жастарменен кездесуі болатын. (С.Торайғырдың «Әлиханның Семейге келуі» деген мақаласы жарияланған). Біз, сол кездесу өткен мекемеге де кіріп шықтық. Араға 99 жыл салып, Алаш көсемінің өмір жолын тағылымды жолға айналдырып, өнегесін алу мақсатында сан қырлы тұлғаның ізімен жүріп өту үшін ұйымдастырылған ғылыми-танымдық экспедицияның мүшелері Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің базасында өткізілген «Алаштың Әлиханы» атты дөңгелек үстелге қатысты. Шара Алаш көсемінің ескерткішіне гүл қойып, тағзым етуден басталды. Дөңгелек үстелге СМУ-нің профессор-оқытушылар құрамы, жергілікті өлкетанушылар мен БАҚ өкілдері қатысып, Алаш тақырыбында кеңінен әңгіме өрбітіп, пікір алмасты. Шығыс Қазақстан облысы мұрағатының құжаттарды пайдалану бөлімінің меңгерушісі Қадырова Лаура өңірдегі мұрағатта сақталған «Алаш Орда» ұлттық территориялық мемлекетіне тиесілі тарихи құжаттармен таныстырды. Экспедиция құрамы Семейдегі Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан және тағы басқа қазақтың тұлғалары жазасын өтеген түрмеге, бұрынғы «Бостандық үйі» (қазіргі өлкетану музейі) ғимаратына, «Алаш арыстары –М.Әуезов» музейіне барып, мұрағаттық құжаттармен, тың деректермен танысты. 

Омбы – Алаш көсемінің ғұмырнамасындағы елеулі кезең. Біріншіден,

1886-1890 жылдары Алаш көсемі Қарқаралыдағы мектепті бітірген соң, Омбы техникалық училищесінде оқып, оны «техник» мамандығы бойынша тәмамдаған.  Екіншіден, Ә.Н.Бөкейханның  (Қ.оязының  молласының баяны.//«Дала уалаятының газеті», № 19, 12.05.1889 ж. Омбы. А.Н. Мулла в К-скомъ уезде.//«Особое прибавленіе къ «Акмолинскимъ областнымъ ведомостямъ» (ОП къ «Акмолинскимъ областнымъ ведомостямъ»), № 19 от  12.05.1889 г. Омск.) алғашқы мақаласы осы қалада жазылып, жарық көрген.  Үшіншіден, Алаш көсемі бұл қалада болашақ жары Елена Яковлевнаға үйленіп, шаңырақ көтерген болатын.  Ә.Н.Бөкейханның жеке отбасылық өмірі туралы: «1890-1894 жылы ол Петербордағы Орман шаруашылығы институтын бітірген соң, ішкі Ресейден қоныс аударушылар жағдайын зерттеу үшін ұйымдастырылып жатқан Половцев экспедициясына қатысу үшін Омбыға келеді. Бұл кез –

1895 жылдың жазы. Бірақ, Ә.Бөкейханның экспедиция жұмысына қатысуына рұқсат берілмейді. Содан Алаш ардақтысы Омбы қаласына тұрақтап, Орман шаруашылығы училищесіне жұмысқа тұрып, математика пәнінен сабақ береді. Оқытушы бола жүріп, социалистік бағыттағы «Степной край» газетінің қызметіне белсене араласа бастайды. Осы газет арқылы саясаткер Яков Севостьяновпен танысып, жақын қарым-қатынас орнатады. Саясаткер досы Яковпен араласып жүріп, оның қызы Еленамен танысады», – жазған едік [3, 10 б]. Төртіншіден, Ә.Бөкейхан осы Омбы қаласында 1906-1907 жылдары омбылық  «Иртышъ», «Омичъ», және «Голос степи» сияқты кадет газеттерінде редактор болған. Біз, Омбы қаласындағы Қазақстан консульдығында қандастарымызбен кездесіп, пресс-конференция ұйымдастырдық. Өкінішке орай, Омбы техникалық училищесінің орны сақталмаған екен. Ресей Императорлық географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімі, Ш.Уәлиханов оқыған Кадет корпусы, Мағжан Жұмабай, Сәкен Сейфуллин сынды азаматтар оқыған Омбы мұғалімдер семинариясының ғимараттарын аралап, тарихи нысандардың қазіргі келбетін көрдік. 

Петербор – Ресей Патшалығының бас шаһары болған қала. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында қазақтың зиялылары осы қалада оқып, азамат, қайраткер ретінде қалыптасқан болатын. Орман Шаруашылығы институтының экономика факультетіне түскен Ә.Бөкейхан осы қалада кейінірек  І мемлекеттік Думаның депутаты ретінде  өзінің саяси ойларын ашық білдіріп,1906 жылы «Полярная звезда» деген ірі массондық ұйымға мүше болды.

Экспедициялық топ Мемлекеттік Дума сарайына, Выборг қаласына, Орман шаруашылығы институтына барып, тарихи деректерді теориялық-методологиялық тұрғыдан жаңаша байыптап, тәжірибе жүзінде көзбен көрді.

Минск. Алаш көсемі І дүниежүзілік соғыс кезінде Минск қаласында қызмет еткен. 1917 жылдың 5 ақпанында Минскі де бұратана халықтар  бөлімін ашылған. Күнбатыс майданындағы қазақтарға жәрдем көрсететін топ құрамында Ә.Н.Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері болған. Бұл туралы Алаш көсемі: «17-інші декабрде Күнбатыс майданынның Земски комитетінің бастығы В.В.Вырубов бізді (Ғали хан, Мырзағазы [Есболұлы], Тел[жан Шонанұлы], Мұса, Хасен) Күнбатыс майданына шақыртты. Мұнда 9 қоста (рабочая дружина) 12-13 мың қазақ жігіті бар екен. Бұл жігіттер Земгор (яғни «Земский и городской союз») қарамағында. Осы 9 қостағы қазақ жігітіне жататын жай, ішетін тамақ, істейтін іс, бұл іске хақы беретін қазақ жігітін бағып-қағып, басқаратын Земгор болады», – деп «Жұмысшылар жайынан» атты  «Күншығыс майданы» сериялық мақаласында жазған болатын[4, 236 б].

Әлиханның уақытша тоқтаған қонақ үйі жайында «Қазақ» газеті жазған:  «Ғалиханның адресі: Г.Минск. Гостиница Льеж. Алихану Букейхану», – мынадай ақпарат бар. Бір өкініштісі, қазіргі уақытта әлгі аталған «Льеж» қонақ үйінің ғимараты сақталмаған. 1939-1945 жылдардағы Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде, әсіресе, Минск қаласы көп зардап шеккен болатын. Зұлматты жылдары ғимарат қиратылған. 1950 жылдары тұтқынға түскен неміс әскерлері қонақ үй ғимаратының орнына жаңа ғимарат салған. Бұл – бүгінгі Белоруссия мемлекетінің Ұлттық Банк ғимараты.

Самара қаласы. Алаш ардақтысы 1909-1917 жылдар аралығында бұл қалаға Патша жарлығымен жер  аударған болатын. Ә.Н.Бөкейханның Самара қаласына келуі туралы ғалым С.Аққұлы: «Самар кезеңі» – ХХ ғасыр басындағы Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметінің жұмбағы көп тұсы. Әлихан Бөкейхан ең алғаш жер аударылғанда Дала өлкесі генерал-губернаторының бұйрығы бойынша «әкімшілік тәртіп» ережесімен Ресейдің Самар (Самара) қаласына жөнелтілді. 1909 жылдың басынан 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін ол Самар қаласында тұрды», – депті[5,108 б]. Расында, саяси тұрғыда жер аударылып келген болашақ Алаш көсемі қалалық дума депутаты, княз В.А.Кугушевтің үйінде отбасымен бірге тұрып, Дон Жер Банкі мекемесінде қызмет істеген. Журналист, публицист әрі зерттеуші-ғалым Ә.Бөкейхан осы қалада тұрып, өзінің көптеген шығармашылық жұмыстарын «Қазақ» газетіне жолдап, шығарып тұрған.

Орынбор қаласы. Бұл қалада ХХ ғасыр басында жарық көрген  «Қазақ» газетінің (1913-1918) редакциясы орналасқан. Алаш ұлт-азаттық қозғалысының сәтті де, жемісті идеясы жүзеге асқан бұл қалада І, ІІ жалпықазақ сьезі болып өтті.

Мәскеу қаласы. Алаш ардақтысы 1922 жылдың желтоқсанынан 1937 жылдың қыркүйегіне дейін Мәскеуде тұрған. Ә.Н.Бөкейхан  1922 – 1927 жылдары Күншығыс халықтарының «Кіндік» баспаханасында әдеби қызметкер болып қызмет істеді. Осы жылдары аудармашы, ғалым ретінде қазақ ғылымының дамуына үлкен үлес қосып, қазақтың фольклорлық бай әдеби мұраларын жинастырып, жеке кітап ретінде шығарды. Орыстың, батыстың белгілі қаламгерлерінің әдеби шығармаларын қазақша тәржімалады. Кітаптарға сын, рецензия жазды.

1937 жылдың 27 қыркүйегінде ату жазасына кесілді. Соңғы бес жыл көлемінде ғана сүйегінің күлі «Дон» мазарында жерленгені анықталды.

Ғылыми-танымдық экспедиция мүшелері аялдаған әрбір елді мекен, қалалардағы жайттарды ескеріп, құзырлы органның назарына төмендегідей ұсыныстарды жасады.

1.Ақтоғай ауданы әкімінің назарына айтылған ұсыныс:

– Ә.Н.Бөкейханның ата-анасы, туған-туыстары жерленген бабалар қорымы – «Талды бейіт» пен Бөкейхан әулетінің қыстауына ескерткіш тақта орнату;

– Алаш көсемінің тегін «Бөкейханов!» емес «Бөкейхан!» деп «ов»-сыз жазу мәселесі;

2.Қарағанды облысы Мәслихатының назарына айтылған ұсыныс:

– Қаладағы Ленин даңғылы мен Октябрь ауданын Ә.Бөкейханның есімімен алмастыру;

3.Қарқаралы ауданы әкіміне айтылған ұсыныс:

– Ә.Бөкейхан оқыған мектепке, бүгінгі жеке меншік дүкен ғимаратына ескерткіш тақта орнату;

4.РФ Қазақстан Республикасының Елшілігіне айтылған ұсыныстар:

– Омбы қаласындағы бұрынғы Ресей Императорлық географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімінің ғимараты мен «Алашорда» штабына (Учебная, 86 үй), газет редакциясы (Тобольская-Екатериненская көшесі мен Дудоладова үйінің қиылысы) ескерткіш тақта орнату;

– Петербор қаласындағы Орман шаруашылығы институты мен Мемлекеттік Дума (Таврия сарайы) ғимаратына ескерткіш тақта орнату;

– Ленинград облысына қарасты Выборг қаласындағы «Бельведер» қонақ үйінің ғимаратына ескерткіш тақта орнату;

– Самара қаласындағы бұрынғы Дон жер банкі ғимараты (А.Толстой көшесі, 30) мен Граф Кугушев үйіне (А.Толстой көшесі, 32) ескерткіш тақта орнату;

– Осы аталған екі ғимараттың бірін сатып алып, жергілікті қазақтардың қауымдастығына немесе орталығына айналдыру;

– Мәскеу қаласындағы «Ваганька» қорымындағы Ж.Аймауытұлы, Д.Әділұлы, Е.Омарұлы және т.б. азаматтар жерленген бейітке ескерткіш тақта орнату;

– Ә.Бөкейхан өмірінің соңғы жылдарында тұрған үлкен Кисловский көшесіндегі №4 үй, 15 пәтерге ескерткіш тақта орнату;

– Осы аталған үйді сатып алып, Қазақстанның Ресейдегі мәдени-әдеби үйіне немесе басқа да қоғамдық орынға айналдыру.

5.Белоруссиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігіне айтылған ұсыныстар:

– Ә.Бөкейхан қызмет барысымен Күншығыс майданы кезінде тұрған «Льеж» қонақ үйінің орнына ескерткіш тақта орнату;

– Минсктегі Орталық мұрағаттан Ә.Бөкейханға қатысты деректер мен мәліметтердің анықталуына көмек көрсету.

Ғылыми-танымдық экспедиция мүшелері анықтаған негізгі ғылыми жаңалықтар:

– Алаш көсемінің қызы, профессор Е.Ә.Сәдуақасованың сүйегінің күлі жерленген бейіті Ә.Н.Бөкейханның шөбере інісі Н.Р.Бөкейханның көрсетуімен  анықтап, құран оқып, тағзым жасап, халыққа жариялауы. Профессор Елизавета Әлиханқызы Сәдуақаскеліні Мәскеу қаласындағы «Новодевичье» кладбищесінде жерленген (Мекенжайы Лужнецкий проезд, №2).

– Экспедициялық топ алғаш рет Выборг қаласына барып, ондағы «Бельведер» қонақ үйі мен жазғы алаңқайды көрді. Бұрын-соңды елімізден бірде-бір ғалым бұл жерге келген емес. Анығында,  «Выборг үндеуі» 1906 жылдың 9 шілдесі күні Император Николай ІІ Бірінші Мемлекеттік Думаны тарату туралы бұйрық шығарады. 9-10 шілде күндері 220 жуық депутат Бірінші Мемлекеттік Думаның таралуын заңсыз деп танып, Териоки қаласына жиналып, «Бельведер» қонақ үйіне тоқтап, жиналыс өткізген. Жиналысқа заңгер М.М.Винавер төрағалық жасаған. Депутаттардың жиналысында екі жоба (мәселе) қаралды Бірі – І Мемлекеттік Думаның «Кадет» партиясы фракциясының, екіншісі – «Еңбекшілер» партиясы фракциясының жобасы. Жиналысқа қатысқандардың шешімі бойынша  «Кадеттер» партиясының жетекшісі  П.Н.Милюковтың жобасы қабылданды.

«Халықтан – халық өкіліне» деген атаумен даярланған «Выборг үндеуі» қазіргі Санкт-Петербор қаласынан 140 шақырым жердегі Выборг қаласында өткен. Депутаттар тоқтап, бас қосқан «Бельведер» қонақ үйі де әлі күнге дейін сақталған (Мекенжайы: Ленинградский даңғылы, № 16 үй). Тарихи құжаттағы мәліметке назар аударсақ: «Выборг үндеуінде» «9(22) шілде, 1906 жыл» деген жазу жазылған және 180 депутат қол қойғанын байқаймыз.  Бір ескерер жайт: кейбір деректерде «Выборг үндеуі» Выборг қаласында жазылған десе, кейбірінде Териоки қаласында даярланған делінеді. «Выборг үндеуі» туралы нақты мәліметтерді (1.https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%9A%D1%83%D0%B7%D1%8C%D0%BC%D0%B8%D0%BD-%D0%9A%D0%B0%D1%80%D0%B0%D0%B2%D0%B0%D0%B5%D0%B2,_%D0%92%D0%BB%D0%B0%D0%B4%D0%B8%D0%BC%D0%B8%D1%80_%D0%94%D0%BC%D0%B8%D1%82%D1%80%D0%B8%D0%B5%D0%B2%D0%B8%D1%87” title=”Кузьмин-Караваев, Владимир Дмитриевич”>Кузьмин-Караваев, В. Выборгскій процессъ. СПб.: Тип. т-ва «Общественная польза», 1908 және 2. Государственная Дума Российской империи 1906—1917: энциклопедия. М.: Российская политическая энциклопедия, 2008, стр. 113-114) осы еңбектерден табуға болады. Экспедициялық топ анықтағандай: «Выборг үндеуі» Выборг қаласының «Бельведер» қонақ үйінде даярланып, қонақ үй алдындағы жазғы алаңқайда талқыланған және де оны фотосуреттер айғақтайды. Ал, Териоки қаласы 1917 жылдан 1939 жылға Финляндия мемлекетінің құрамында болған. 1939 жылы, яғни, ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде Териоки қаласы СССР-дің құрамына қайта кірген. Бүгінде Териоки қаласы РФ –ның құрамындағы қала болып саналады, қазіргі атауы – Зеленогорск қаласы. (Фин шығанағының жағалауында орналасқан қала. Петербордан 50 шақырым жердегі курортты ауданда орналасқан – Т.Е.). Әлихантанушы-ғалым С.Аққұлұлының «Әлихан Бөкейхан: қазақ жерінің жоқшысы» атты монографиясында, экс-депутаттардың біразы 1906 жылдың 12-13 шілдесінде Териоки қаласында жиналып, «Новый курорт» саяжайында болашақта бірігіп атқаратын жұмыстарының жоспарын даярлаған деген дерек кездеседі[6,6 б].

Экспедициялық топ мүшелері сапар барысында әлеуметтік желілер арқылы қазақ, орыс тілдерінде Ә.Н.Бөкейханның ғұмырнамасына қатысты мәліметтер таратып, әлеуметтік желі қолданушылары арасында викториналық сайыс ұйымдастырды. Экспедицияның бір бағыты – танымдық мақсатта болғаннан соң, аялдаған әрбір елді мекен, қалалардағы Ә.Н.Бөкейханның ғұмырнамасына қатысы бар тарихи жәдігерлерді сурет, бейнебаян үлгісінде даярланып, оқырман қауымның назарына ұсынылды. Қазақ тілді аудиторияға Алаш көсемінің туған жері – Ақтоғай өңіріндегі бала Әлихан өскен ортаның табиғаты, оның отырған «Қара тас – Хан тағы», су ішкен бұлағы, бабалары жерленген қорым, Желтау, Жекежал қыстағындағы Бөкейхан зәузаты тұрған үй, мектеп пен зауыттың орны сияқты тарихи жәдігерлер суретке түсірілді. Оқырман қауым үшін қызықты дерек бала Әлихан 770 метр биіктікте туған екен.

Жалпы экспедицияның жұмысы қорытындыланып, арнайы ұжымдық монография ретінде жарыққа шығады. Сапар аясында түсірілген фотолар альбом ретінде даярланса, түсірілген видеолар да монтаждалып, оқырман қауымның назарына ұсынылады. Тегінде, бұның бәрі жас ұрпақтың кәдесіне жарап, олардың танымдық қабілеттерін арттырып, Отансүйгіштік көзқарастарын қалыптастырары сөзсіз.

Экспедиция мүшелерінің атқарған басты миссиясы –  бабалар қорымы «Талды бейіттен» бір уыс топырақ алып, оны Мәскеудегі Алаш көсемінің моласына сеуіп, бүкіл қазақ елінің аманатын жеткізді. Мәскеудегі моладан топырақ алып, оны бабалар қорымына жеткізді. Қазақ баласы үшін қашан да болсын, қай уақыт та болсын бір уыс топырақтың жөні де, қадірі де бөлек.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы. Ғылыми жинақ. Құраст.: Байдалы С. Ырысбекұлы А.,  // Қ.Ибрагимова «Алаштың айтулы азаматы Әнияр Молдабаев және «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайы» мақаласы. Алматы: Экономика, 2015.  –  779 б.

2. Қазақ газеті / Бас редактор Ә.Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 560 бет. Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. «Кәкітай» //,  № 105, 18.02.1915 ж.

3.Тоқтарбай Е. Ғибратты ғұмыр иелері // Қазақ үні газеті, №1(№42-43,683), 24 қазан, 2016 жыл. – 16 бет.

4. Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937). Шығармаларының 9 томдық толық жинағы = Полное собрание сочинений в 9 томах./Құраст.: Жүсіп Сұлтанхан Аққұлұлы. – Астана: «Сарыарқа» , 2013. – Қазақша-орысша. Т.6. – 520 б.

5.Аққұлы С.Әлихан Бөкейхан. Зерттеулер, мақалалар және сұхбаттар. Алматы: Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қоры, 2016. – 528 б.

6.Тоқтарбай Е. Алаш аманатын арқалаған керуен// Жетісу газеті, №87 (18219), 6 тамыз, 2016 жыл. – 12 б.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button