Жаңалық

Алатау баурайы – Алматының сәні

Құрметті оқырман! Туған өлкеміз туралы өткен тақырыптарда Сіздерге табиғатты қорғау объектілері, соның ішінде ұлттық саябақтар мен мемлекеттік қорықтар жайлы кеңінен жазылған материалдарды ұсынған болатынбыз. Енді алдағы уақытта мемлекеттік табиғи қорықшалар тура сөз қозғалады. Алғашқы тақырыбымыз – Алматы мемлекеттік қорықшасы.

Елімізде барлығы үлкенді-кішілі 80 қорықша жұмыс істейді. Олар Қазақстан территориясының 4600 га жерін алып жатыр. Қорықшаның анықтамасына тоқталсақ, ол – жануарлардың, өсімдіктердің жеке түрлері, су, орман, жер нысандары қорғалатын және табиғи ресурстары шектеулі түрде пайдаланылатын аумақ. Қорықшалар мемлекеттік қорық қорының бір немесе бірнеше нысандарын сақтауға және толықтыруға арналады. Қорықшалар геологиялық, ботаникалық, хайуанаттар қорықшалары және т.б. болып бөлінеді.

Алматы мемлекеттік қорықшасы жойылып кету қаупінде тұрған жануарлар әлемін қорғау мақсатында құрылған. Қорықша аты айтып тұрғандай Алатау бөктерінде, Алматының оңтүстік-шығыс аймағында орналасқан. Алматы облысының Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ және де Райымбек аудандары аралығын қамтитын табиғи қорықша 1978 жылы ұйымдастырылған.

Жасыл желекті Жетісу жерінің төрінде етек жайған қорықшада өсімдіктің 600-ге жуық түрлері өседі. Әсіресе, саңырауқұлақ, мүк, қына және долана, жабайы алма ағашы, өрік, сарыағаш, ұшқат секілді ағаштарын ерекше атап кетуге болады.

Алматы қорықшасының көркішыршалы қалың ормандары.

Аты әлемге әйгілі Алатау тауының етегінде орналасқан табиғатты қорғау орнында 200-ге тарта аң-құстың түрлері кездеседі. Атап айтсақ, марал, арқар, таутеке, елік, барыс, жабайы шошқа, аю, сілеусін, ұлар, кекілік, бұлдырық, жетісу қырғауылы және т.б. да ірі жан-жануарлар тіршілік етеді.

Қазақстанның төл кітабы, құжаты – «Қызыл кітапқа» енген хайуанаттары: Тянь-Шань қоңыр аюы, шұбар күзен, Орта Азия тас сусары, Түркістан сілеусіні, арқар, барыс, орақтұмсық, сақалтай, жұртшы, бүркіт, көкқұс.

Алматы табиғи қорықшасына апарар жол картасы

Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы қаласының арақашықтығы – 1224 км. Алматы қаласы – Райымбек ауданы (15 км), Алматы қаласы – Қарасай ауданы (26 км), Алматы қаласы – Талғар ауданы (33 км), Алматы қаласы – Еңбекшіқазақ ауданы (40 км). Елордадан Алматыға дейін ұшақпен – 1 сағат 40 минут (Air Astana), пойызбен – 15 сағат («Тұлпар-Тальго»), автобуспен – 18-20 сағат (7000 тг), таксимен – 20 000-25 000 тг (inDriver). Ұшақ пен пойыз билеттерінің бағасы билет сатып алған күнге байланысты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button