Алатау, көркіңе көз жетпес...
Жұлдыздарға тіреп қойып асқарын,
Бұлақтармен жазып өмір дастанын,
Бүкіл қазақ кеудесіндей Алатау —
Күншығыстың көтеріп тұр аспанын.
Сырбай Мәуленов
«Алатау, айбатты тау, өр еңселі»
Алатау таулары Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттерінің жерін қамтиды. Сонымен қатар оған Сібірдегі тау жоталары кіреді. Күншығыстың аспанын көтеріп тұрған шерлі таудың құрамында Алатау атты көптеген жоталар бар. Олар: Іле Алатауы, Теріскей Алатау, Күнгей Алатау, Талас Алатауы, Жоңғар Алатауы, Қырғыз Алатауы, Жетісу Алатауы және т.б. Алатау тауларының ең биік шыңы – Хан-Тәңірі. Оның биіктігі – 6995 метр.
Жеріміздің көркі – манаураған Алатауды әр халық әрқалай атайды. Мәселен, түрік, әзербайжан, түрікмендер «Аладаг», – десе, қызғыздар «Алатоо», алтайлықтар «Алатуу», өзбектер «Олотог», – деп атайды.
Алатаудың жоғарғы жағын қалың мұздықтар мен көпжылдық қарлар басқан. Қарлы тау жиі алақаттанып отырады. Әсем таудың «Алатау» деп аталуы да сол себепті.
«Алматы Алатаудың баурайында»
Еліміздің оңтүстік астанасына ерекше сән беріп тұрған айбатты тау Қазақстанның жұмақ қаласы – Алматыда орналасқан. Сонымен қатар Алатау аумағында Қарасай, Талғар, Талдықорған, Қапал және Жаркент секілді бірнеше қала салынған. Алатауды дүние жүзіне әйгілі етіп, көркін одан сайын ашып тұрған алып нысандардың бірқатары әсем қала – Алматыда орын тепкен. Соның бірегейі – «Медеу» мұз айдыны. Ал Алматы облысында етек жайған Шарын шатқалының әлемдік деңгейдегі танымалдылығын айтпаса да белгілі. Сондай-ақ көпке танымал Алтынемел және Іле Алатауы ұлттық мемлекеттік табиғи саябақтары алаулаған Алатаудың баурайында ұйымдастырылған. Бұдан басқа, Алатауда көненің көзі – тарихтан сыр шертетін тасқа қашалған суреттер мен ескі қорғандар бар.
Тұмсат табиғат әлемі
Нұрлы табиғатымен талайды таңдай қақтырып, жүрегінен орын алған Алатау баурайы ірі нысандар мен ұлттық саябақтардан бөлек, флора мен фаунаға да аса бай. Мәселен, Тянь-Шань тауларында «Қызыл кітапқа» енгізілген қар барысы мен Тянь-Шань аюы тіршілік етеді. Басқа жануарлардан таутеке, арқар, қарақұйрық және т.б. мекендейді. Сан алуан ақын-жазушының шығармасынан табылған жырлы өлкеде қызылды-жасылды өсімдіктер дүниесі де жетерлік.