«Әлем Барысы»
Алматы қаласы, «Балуан Шолақ» спорт сарайында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орайластырылған қазақ күресінен абсолютті «Әлем Барысы» әлем чемпионаты өтті.
Бабалар мұрасын дамыту, шет елдерде қазақ күресін насихаттау барысындағы ынтымақтастық пен өзара байланысын нығайту, қазақ күресін халықаралық деңгейде одан әрі жетілдіру, насихаттау және беделін көтеру, қазақ күресінен «Әлем Барысын» анықтау мақсатын жүзеге асырды.
Төртінші рет өткен бәсекеге 30 елден 33 балуан қатысты. «Әлем Барысы» атануға АҚШ, Австралия, Азербайджан, Бразилия, Греция, Грузия, Үндістан, Иран, Испания, Италия, Камерун, Конго, Корея, Куба, Қырғызстан, Литва, Моңғолия, Нидерланды, Пәкістан, Польша, Ресей, Словения, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан, Украйна, Эстония, Япония секілді елдердің және Қазақстанның атақты балуандары қатысты.
Бұл сында еліміздің намысын А.Нұғымаров (ШҚО), Р.Әбдіразақов (Алматы қаласы), М.Исағабылов (Қызылорда облысы), Н.Жарылғапов (Маңғыстау облысы) сынды балуандар қорғады. «Әлем Барысы» чемпионаты 2 желтоқсанда, 13:00-де балуандардың жеребе тарту рәсімінен басталды. Шара аясында көрермендерге спорттық сайыстармен қатар қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама да ұсынылды.
Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша:
І орын – Роман Бубиков (Ресей)
ІІ орын – Айбек Нұғымаров (Қазақстан)
ІІІ орын – Мақсат Исағабылов (Қазақстан)
«Жеңіске деген жігері үшін» номинациясын Мухсин Хисомудинов (Өзбекстан) иеленді.
Чемпионатты Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, ҚР қазақ күресі федерациясы және «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін дамыту және қолдау қоры ұйымдастырды. Сонымен қатар, «Қазақтелеком» АҚ, «ORDA-INVEST» Корпорациясы және «Сәтті жұлдыз» АҚ демеушілік жасады.
«Qazaqstan Barysy» қазақ күресін дамыту және қолдау қорының баспасөз қызметі