Жаңалық

Әлем музыканттары аудио опера нұсқасын дайындады

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» опера труппасының директоры Азамат Жылтыргөзов еліміздің вокалдық классикалық өнері тарихында алғаш рет әлемдік деңгейдегі бірегей жобағаВинченцо Беллинидің «Пуритандар» операсының CD-дисктегі аудиожазбасын жасауға қатысты.

Сондай-ақ операны бельканто жұлдыздары – тенор Лоуренс Браунли, сопрано Сара Кобурн (АҚШ) орындады.

Әлемдік баспасөз өкілдері 1953 жылғы студиялық жазбалардан бері DELOS компаниясының осындай жоба үшін таңдаған бұндай үйлесімді, стильді солистер ансамблі болмағанын хабарлады. DELOS америкалық халықаралық дыбыс жазу компаниясы әлемде 40 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Оның жазбалары бірнеше рет Грэмми сыйлығына ұсынылған.

Сонымен қатар, жобаға литвалық солистер қатысты. Жазбаға бастамашылық танытқан Нью-Йорк қалалық операсының жаңадан тағайындалған музыкалық жетекшісі, әйгілі дирижер Константин Орбелян.

«Біз Константин Орбелянмен 2017 жылы Арам Хачатурянның XIII халықаралық байқауында таныстық. Ол жыл сайын классикалық өнердің әртүрлі номинациялары: скрипка, виолончель және т.б. бойынша өтеді. Төрт жыл бұрын оған вокалистерге арналған байқау алғаш рет енгізілді. Сол кезде  Константин Орбелян қазылар алқасының төрағасы болды, оның құрамына танымал әртістер, Джон Фишер сияқты продюсер әрі опера режиссері енді. Мен осы танымал байқауда екінші дәрежелі сыйлық алу бақытына ие болдым. Осыдан кейін Константин Орбелянмен достық ынтымақтастығымыз басталды. Сол жылы қазан айында Литвада мен осы байқаудың жеңімпаздарымен бірге маэстро жетекшілігімен Каунас симфониялық оркестрімен бірге үлкен концертке қатыстым. Біраз уақыт өткеннен кейін Константин Орбелян мені В.Беллинидің әйгілі «Пуритандар» операсының жазбасына шақырды. Мен бұл шақыруды қуана қабылдадым», – дейді Азамат Жылтыргөзов.

Бұл тұтастай музыка әлемі үшін, сондай-ақ қазақстандық опера өнері үшін маңызды оқиға. Эксклюзивті дискінің мұқабасында отандасымыздың есімі жазылады. Операның 2017 жылы жазылғанына қарамастан, CD биыл күзде басылып шықпақ. Азамат Жылтыргөзов халықаралық тәжірибесін өз Отанында пайдаланып, шетелдік әріптестерімен ынтымақтастықта отандық орындаушылар, дирижерлермен ұлттық опера репертуарын жазуға кірісуге ниеттіп отыр.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button