Жаңалық
Редакция таңдауы
Әлем: Қазақтың бас ақынына арналған ескерткіштер қай елдерде бар?
Ұлы ақынның артында исі қазаққа ғұмырлық рухани азық болар өшпес мұрасы, өлмес ізі қалды. Еліміздің әр өңірінде Абай ескерткіші қойылған болса, ақын атындағы қаншама көше, мектеп, оқу орталығы бар. Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде ұлы ойшылдың 17 ескерткіші бар екен.
Ал әлемде Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштер мен ақын есімі берілген көшелер қанша екендігіне тоқталатын болсақ.
- 1988 жылдан бері Украинаның астанасы Киевте Абай Құнанбайұлы атындағы көше бар. Сондай-ақ ұлы ақын атындағы көше Краматорск, Днепропетровск қалаларында да ашылған.
- Мысыр астанасы — Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы ашылса, Берлинде (Германия) 2000 жылы Абай-штрассе ашылған. Сонымен қатар Ташкент (Өзбекстан), Бішкек (Қырғызстан) қалаларында, тіпті Үндістан астанасы Нью-Делиде де Абай Құнанбайұлы атындағы көше бар. Люксембургтен де ақын атындағы көшені кездестіресіз.
- 1995 жылы 15 ақпанда әлемнің орталығы саналатын Лондон қаласында (Ұлыбритания) Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылды.
- 2006 жылы Ресей астанасы Мәскеудің «Чистые пруды» бульварында Абай ескерткіші ашылды. Ескерткіш Қазақстан Елшілігі маңайына қойылған.
- 2007 жылы Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеран қаласында Абай мүсіні ашылды. Мүсін Ұлттық кітапханаға кіреберіс аллеяда орнатылған. Сондай-ақ Иран ұлттық кітапханасында да Абайдың мүсіні қойылған.
- 2011 жылы Әзірбайжан астанасы Бакуде Абай Құнанбайұлының атымен аталған көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
- 2013 жылы Ташкенттегі Абай көшесінде ақын ескерткіші бой көтерді.
- 2014 жылы Қытай астанасы Бейжіңнің орталығындағы «Чаоян» саябағында Абайға арналған ескерткіш ашылды.
- 2014 жылы Венгрия астанасы Будапешттегі Астана көшесіне Абайдың ескерткіші орнатылды.
- Абайдың бюсті 2016 жылы Каирдің орталық саябақтарының бірінде орнатылған.
2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай:
- Чехия астанасы Прага қаласының Клементинум атындағы Ұлттық кітапханада «Абай» мәдени-ақпарат орталығы ашылды.
- Армения астанасы Еревандағы Ереван мемлекеттік университеті жанындағы қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығына Абай Құнанбайұлының аты берілді.
- Қарақалпақстанның (Өзбекстан) Мойнақ қаласында ашылған «Шайырлар» саябағына Абай мүсіні орнатылды.
- Әзірбайжанның Баку қаласында Абайға орнатылған ескерткіш тақта қайта жаңартылды. Сондай-ақ Баку қаласындағы көшелердің біріне Абай Құнанбаевтың есімі берілді.
- Болгарияның Свети Влас қаласындағы танымал тұлғалар аллеясында Абай барельефі ашылды. Онда: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі», — деп Абайдың отыз жетінші қарасөзінен үзінді келтірілген.
- Румынияның Бухарест қаласының орталығына Абайдың бюсті орнатылды.
- Түркияның Анталия қаласында Абай атындағы саябақ пайдалануға берілді.
- Литва астанасы Вильнюс қаласында Абай атындағы оқу залы салтанатты түрде ашылды.
- Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан Елшілігінің ғимаратында «Абай» мәдени-танымдық залы оқырмандарға есігін ашты.
- Ташкент қаласында «Abaı Úıi» қазақ мәдени-іскерлік үйі ашылды.
- Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы Ұлттық кітапханада Абай атындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығы пайдалануға берілді. Және Абайдың «Қарасөздері» алғаш рет малай тіліне аударылды.
- «Отандастар қоры» КеАҚ Ресейдің Омбы қаласында, Бішкекте (Қырғызстан), Берлинде (Германия), Ыстамбұл қаласында (Түркия) “Abai Úıi” қазақ мәдени-іскерлік үйін ашты.