Мақала

Әлем қоғамдастығының назарын аударған оқиға

Фото: akorda.kz

Әлемде түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің, наным-сенімдердің, алуан түрлі діни қауымдастықтардың бар екені белгілі. Сол себепті де дін тақырыбы өте өзекті мәселелердің бірі. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін дінаралық диалогтың бірегей және беделді тұғырнамасы деп айтуға болады. Дін көшбасшыларының съезін өткізудің бастамашысы –Қазақстан Республикасы. Бүгінде әр үш жыл сайын Астана қаласында өтетін съезд өзіндік тарихы бар бірегей дінаралық диалог алаңына айналды. Бұл дәстүрлі форум – геосаяси ахуалдың ушығып, адамзат өркениетаралық және дінаралық алауыздықтың алдында тұрған кезде елдер арасын жалғап, бір-бірімен ымыраға келіп, ынтымақтастықты күшейтуге, толеранттылықты дәріптеуге арналған игі шара.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі 2003 жылғы қыркүйек айында Астанада өтті. Алғашқы діни форумның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, буддизм, синтоизм, индуизм діндерінің беделді өкілдері қатысты. Әлем бойынша ірі діни қауымдастықтардың өкілдері алғаш рет бір үстел басында бас қосты.

2003-2022 жылдар аралығында Астана қаласында өткен жеті съезд шығыс және батыс өркениеттері арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге жәрдемдесіп, дінаралық диалогтың жаһандық үдерісіне зор үлес қосып келеді.

2022 жылғы қыркүйек айында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII cъезінің Декларациясына сәйкес съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған Тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің одан әрі дамытудың 2033 жылға дейінгі жалпы пайымын, миссиясын, мақсаттары мен бағыттарын айқындайды. Бұл құжатта диалог пен сенімді нығайту, діни және мәдени әртүрлілікті сақтау бойынша бірлескен күш-жігердің маңызы атап көрсетіліп қана қоймай, диалог алаңын жаһандық деңгейде дінаралық байланыстарды нығайтудың нақты механизміне айналдыруға бағытталған.

2023 жылғы қазан айында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХI отырысына қатысушыларға жолдаған үндеуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Биыл – алғашқы съездің шақырылғанына 20 жыл. Бұл игі бастама өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, аз уақыт ішінде маңызды өркениетаралық диалог алаңына айналды. Форум дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға, бүкіл адамзатқа ортақ түйткілдердің шешімін табуға және толеранттылықты дәріптеуге септігін тигізіп келеді. Бас қосу аясында әлемнің рухани көшбасшылары жаһан жұртын алаңдатқан өзекті мәселелерді талқылап, бейбітшілікті сақтау және өзара құрмет пен сыйластықты насихаттау туралы ойларын ортаға салады. Қазір геосаяси ахуал ушығып, түрлі сын-қатер күшейіп тұр. Осы алмағайып кезеңде ізгілік, мейірімділік, бауырмалдық, жауапкершілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түсті. Сондай-ақ халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқаратды», - деп атап өткен болатын. Яғни, Қазақстан дінаралық және өркениетаралық ынтымақтастыққа негіз болатын бастамаларға әрдайым қолдау көрсететінін, оны сыртқы саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде ұстанатындығының белгісі.

Осы ретте алғашқы форум өткелі 20 жылдан астам уақыт ішінде съезд дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға және толеранттылық пен өзара қолдау идеяларын дәріптеуге, маңызды әлемдік түйіткілді мәселелердің шешілуіне зор үлесін қосып келеді. Сонымен қатар өркениеттерді, халықтар мен елдерді жақындастыру үшін саяси және діни қайраткерлердің күш-жігерін біріктіруге арналған маңызды халықаралық саяси құрал.

Бұл дінаралық диалогты ұйымдастыруға басқа да көптеген мемлекеттерде ұмтылыс бар екенін айтқан жөн. Десе де осы уақытқа дейін форум бастамашыларының бірде-бірі әлемдік және дәстүрлі діндердің беделді басшыларының басын қоса алмай келеді. Сол себепті еліміздің астанасында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі әлем қоғамдастығының назарын аударып отырған оқиға.

 

Бердібек Нұрхат Маратұлы

Қызылорда облысының Дін істері

басқармасының бөлім басшысы

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button