Жаңалық Редакция таңдауы

Әлемдегі ең беделді сыйлық биыл кімге бұйырды?

Әлемдегі ең беделді, халықаралық сыйлық – Нобель сыйлығы. 1895 жылы швед өнертапқышы және өнеркәсіп иесі Альфред Нобельдің өсиеті бойынша тағайындалған.

Нобель сыйлығы 1901 жылдан бастап әдебиет, физика, химия, физиология және медицина саласындағы жаңалықтар үшін беріледі. Сонымен қатар бүкіл әлемде бейбітшілік орнатуға арналған іс-әрекеттер де назардан тыс қалмайды. Кейіннен швед банкінің басшылығымен экономика саласының білгірлеріне де сыйақы табыстау жолға қойылады. Бүгінде Нобель сыйлығы алты бағытта беріледі.

Нобель сыйлығын құрушы Альфред Нобель инженер-химик, өнертапқыш және ірі өнеркәсіп иесі болған. Ол 1833 жылы 21 қазанда Стокгольм қаласында дүниеге келді, 1896 жылдың 10 желтоқсанында Сан-Ремода қайтыс болды. Ол капсюль-детонатор, динамит, түтінсіз дәрі секілді өнертабыстардың авторы. Альфред Нобель есімі бүкіл әлемге 1882 жылы Сен-Готард туннелінің құрылысы кезінде алғаш рет динамит қолданылған бойда танылды.

Әр жыл сайын қазан айының басында Стокгольм және Осло қалаларында Нобель сыйлығы лауреаттарының есімі жарияланады. Ал марапаттау рәсімі желтоқсанда өтеді. Дәстүр бойынша, 2022 жылғы Нобель сыйлығының иегерлері де белгілі болды. Олар:

Физика саласы бойынша – француз ғалымы Ален Аспе, америкалық Джон Клаузер және австриялық Антон Цайлингер;

Химия саласы бойынша – АҚШ ғалымдары Кэролайн Бертоцци мен Барри Шарплесс, дат ғалымы Мортен Мельдаль;

Медицина және физиология саласы бойынша – шведтік биолог Сванте Пааобо;

Әдебиет саласы бойынша – француз жазушысы Энни Эрно;

Бейбітшілік саласы бойынша –  Беларусь құқық қорғаушы Алес Беляцкий, Ресейдің «Мемориал» құқық қорғау ұйымы және Украинаның «Азаматтық еркіндік орталығы» құқық қорғау ұйымы;

Экономика саласы бойынша – Бен Бернанке, Дуглас Даймонд және Филип Дибвиг.

Нобель сыйлығы туралы қызықты деректерге тоқталсақ:

Құнды сыйлықтың ең жас лауреаты – 17 жастағы Малала Юсуфзай есімді қыз. Пәкістандық бойжеткен мұсылман елдерінде әйелдерге білім алу құқығының берілуі үшін күрескен. Оған 2014 жылы бейбіт өмір жолында жүргізген күресі үшін табысталған.

Ең жасы үлкен лауреат – 97 жастағы Джон Б. Гуденаф, химия саласында литий-иондық батареяларды әзірлегені үшін иеленді.

1901 жыл мен 2022 жыл аралығында 60 әйел Нобель сыйлығын алды.

Нобель сыйлығының тарихында Жан-Поль Сартр мен Ле Дык Тхо өз еркімен сыйлықтан бас тартқан.

Нобель сыйлығы бұйырған кемеңгерлердің үштен бір бөлігінен астамы АҚШ-та дүниеге келген.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button