Жаңалық

Әлемдік сарапшылар Елбасының антиядролық бастамасын қолдады

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Нұрсұлтан Назарбаев Қоры және Әлемдік экономика және саясат институты бірлесе отырып Халықаралық қауіпсіздік және жаһандық ядролық диалогты қайта бастау мәселелері бойынша халықаралық онлайн конференциясын өткізді.

Іс-шараның басты мақсаты Ядролық қауіпсіздікті қолдайтын және ядролық қарудан азат әлемнің Жаһандық көшбасшылар альянсын (ЖКА) құру идеясын – Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылғы қарашада Астана клубының 5-ші отырысы барысында жария еткен бастаманы ілгерілету болды.

Спикерлер ретінде Астана клубының Консультативтік кеңесінің жетекші мүшелері, сондай-ақ сыртқы саясат және ядролық қауіпсіздік мәселелері саласындағы бірқатар көрнекті әлем саясаткерлері мен сарапшылары сөз сөйледі.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев іс-шараға қатысушыларға бейнежолдауын арнап, конференцияның негізгі спикері болды.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Президенті бола отырып, саналы түрде мен өзімнің сыртқы саяси қызметімнің едәуір бөлігін ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу идеясына арнадым» деп ерекше атап өтті.

Бұдан әрі Елбасы Қазақстанның осы бағыттағы үлесін, атап айтқанда «тәуелсіздікке қол жеткізе отырып, Қазақстан ғаламшардағы қуаты бойынша төртінші ядролық қару арсеналынан өз еркімен бас тартқанына» тоқталды. Тұңғыш Президенттің пікірінше, «тарих бұл қадамның дұрыстығын растады – біз өзіміздің батыл үлгімізбен прогресс пен өркендеу жолында бейбіт жолмен жүруге болатындығын көрсеттік».

Соңында, Нұрсұлтан Назарбаев конференцияның қатысушыларына арнаған сөзінде:

«Сіздер мен сияқты жаппай қырып-жоятын қарусыз әлемге ұмтылу идеясын сөзсіз қолдайтын танымал саясаткерлер мен беделді сарапшыларсыз. Әрине, бұл жол оңай болмайды және мұнда айтарлықтай кедергілер бар.

Бірақ Теодор Рузвельт айтқандай: «Сіз қолыңыздан келетініне сенсеңіз, мақсатқа жетелеген жолдың жартысына жеттіңіз». Осыған орай, ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан азат әлем үшін Жаһандық көшбасшылар альянсын құру туралы менің бастамамды қолдағандарыңыз үшін сіздерге ризашылығымды білдіремін.

Бүгін біз қабылдаған ашық үндеу – бұл бағыттағы алғашқы практикалық қадам болып табылады», – деді.

Конференцияны ашқан Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті Джонатан Гранофф Қазақстан Президентінің жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтудағы ерекше маңызы мен рөлін атап өтті: «Қазақстан мен Тұңғыш Президент Назарбаев шақырған осы іс-шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе, ол кісінің бұл мәселедегі ең маңызды артықшылығы – іс-әрекетке негізделген моральдық беделі».

Астана клубының Консультативтік кеңес мүшелерінің ЖКА жұмысын әрі қарай қолдау қажеттілігі туралы әлемдік көшбасшыларға арналған Ашық үндеуін (Open Call) қабылдауы конференцияның басты қорытындысы болды.

Жалпы, қатысушылар құрамының деңгейі мен пікірталас сапасы бойынша өткен конференция 2020 жылы антиядролық саладағы ең елеулі әлемдік іс-шаралардың біріне айналды.

Өткізілген конференция Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор халықаралық беделін, оның бастамалары әлемде кеңінен қолдауға ие болғанын тағы да бір рет растап, ядролық қарудан азат әлем құру күн тәртібін жаһандық деңгейде ілгерілетуге ықпал етуге себепкер болды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button