Мақала

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі маңызды мәселелерге мән берді

Фото: egemen.kz

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезіне жиырма жылдан астам уақыт өтті. Осынша уақытта Қазақстан өзінің бірлікке бастар саясатын әлемге мойындатып үлгерді. Съезде әлемнің бірнеше елінен келген беделді тұлғалары бейбітшілік пен тұрақтылық төңірегінде ойларын ортаға салып осылайша, Астана диалог орталығына айналып, әлемге бейбіт елдің үлгісін көрсетті.

2022 жылдың күзінде Съездің VII шақырылымы өтті. Дәл сол сәтте Қазақстан әлемнің назарында болды. Себебі, бұл кезекті жиынға 50-ден астам елден 100-ден аса делегация қатысты. Олардың ішінде форумға Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосифтің және басқа да діни жетекшілер, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері қатысты. Ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм секілді бірнеше дін өкілдерін бір дөңгелек үстел үстіне жинаған шара, әлбетте әлем тарихында қалары сөзсіз. Үстел басына жиналған дін өкілдеріне ортақ бір ғана мақсат бар. Ол – барлық адамзатқа ортақ адамгершілік қағидатын насихаттау, тату болу.

Съезд аясында «Діндердің қазіргі әлемдегі рухани және моральдық құндылықтарды нығайтудағы рөлі», «Білім мен діни ағартудың, діндер мен мәдениеттердің сыйластықта қатар өмір сүру және бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы рөлі», «Діни көшбасшылар мен мемлекет қайраткерлерінің жаһандық дінаралық диалог пен бейбітшілікті ілгерілетуге, экстремизмге, радикализмге және терроризмге қарсы іс-қимылға қосқан үлесі», «Әйелдің қазіргі қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдердің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қоғамдастықтардың рөлі» атты өзекті тақырыптар бойынша жұмыстар атқарылды.

«Әйелдердің қазіргі қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдердің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қауымдастықтардың рөлі» тақырыбындағы төртінші секция қоғамның назарын аудартқан отырыс болды.

Дәстүрлі дала мәдениетінде қазақ әйелдері өздерінің отбасылық қана емес, қоғам мүшесі ретіндегі әлеуетін өнер-білім саласында, сондай-ақ қоғам кайраткерлері ретінде көрсетіп, өзін-өзі дамытуға мүмкіндігі болды. Қазақы ортада жеке бастан гөрі отбасылық мүдденің жоғары тұруы әйелдердің қоғамдық-әлеуметтік белсенділігіне кедергі болған жоқ: өнер саласында атағы жалпақ жұртқа жайылған белгілі әншілер, ақындар, майталман күйшілер болды. Қалай десекте қазақ халқы әйел затын, қыз баласын аса құрметтегенін жоққа шығаруға болмайды.

Тәуелсiздiк жылдaрында Қaзақстан гендерлік сaясатты жүзеге асыру жолында белгілі бір жетістіктерге жетті. Бірінші кезекте – әйелдердін мүмкіндіктерін дамытуда, ер азаматтар мен әйел азаматтарының еңбек жағдайларының теңдесуі.

Гендерлік теңдік идеясы «Әйелдердің дамуы» атты БҰҰ бағдарламасында белгіленген, оның негізгі ережелері, әйел – бұл әлемдік қоғамның экономикалық дауына өзінің шешуші жарнасын жасауға қабілетті, адамзаттың қолданылмаған ресурсы ретінде қаралады. Ал біздің еліміздегі гендірлік теңдік саясатының міндеттері – билік құрылымына әйелдер мен ерлердің тең қатысуы, экономикалық тәуелсіздік үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, отбасындағы тең құқықтар мен міндеттер үшін талаптар құру, жыныс белгілері бойынша күштеу бостандығы, біздің қоғамымыздың дамуында әйелдердің рөлін бұдан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын шешімдер қабылдау.

Дін көшбасшыларының секциялық отырыста бұл тақырыпқа аса мән беріп, әйелдердің қазіргі қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қауымдастықтардың рөлін айқындағаны қуантарлық жайт.

Аталмыш, қозғалған тақырыптар аясында айтылған ұсыныстар мен бастамалар әлемді алаңдатып отырған мәселелердің шешімін табуға көмектеседі және әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бейбітшілікті сақтау жайлы тұжырымдары орынды деп санаймын. Осындай маңызы жоғары іс-шараны өткізу еліміз үшін үлкен жауапкершілік және мәртебе. Еліміз дінаралық татулықтың қазақстандық үлгісін халықаралық сахнада мойындатты.

 

Талғат Нығметов

Батыс Қазақстан облысы

дін істері басқармасының басшысы

 

 

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button