Жаңалық

Әлемге әйгілі Coursera платформасында оқитын қазақстандықтар саны артты

74 мыңға жуық адам Coursera жаппай онлайн-білім берудің жетекші алаңында тегін онлайн оқудан өтуге өтінім берді, – деп хабарлайды Ruh.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандықтар ағылшын тілі мен бизнес-ағылшын тілін, Python бағдарламалау негіздерін және SMM негіздерін үйренуге үлкен қызығушылық танытты.

Әлемдегі ең танымал Coursera онлайн-оқыту платформасы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен (бұдан әрі – Еңбекмині) және «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп қазақстандықтар үшін тегін онлайн-білім берудің ауқымды жобасын іске асыруда. Жоба 31 қазанға дейін есептелген, алайда ұйымдастырушылар арасында курстарға тіркелу мерзімін 2020 жылғы 14 желтоқсанға дейін және оқу мерзімін 2021 жылғы 15 ақпанға дейін өтеусіз негізде ұзарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Еңбекмині өтінім берген қазақстандықтарды Coursera алаңында оқуға кірісуге шақырады. Себебі – бөлінген орындар саны шектеулі. Бүгінгі таңда тіркелген қазақстандықтар түрлі бағыттар бойынша 131 мыңнан астам курсты таңдап, 230 мың сабақты өтті.

Бизнес саласы, IT және компьютерлік ғылымдар, тілдерді үйрену, жеке даму және денсаулық оқытудың ең сұранысқа ие бағыттары болып табылады.

«Ағылшын тілін және бизнес-ағылшын тілін үйрену», «Python-дағы бағдарламалау негіздері» және «SMM негіздері» курстарынан басқа, таңдалған ТОП-10 курстың қатарына «Жобалармен жұмыс жасаудағы Agile және Scrum», «Өмірлік істі табу негіздері», «Өз ақшаңа бизнес ашу», «Растрлық графика. Adobe Photoshop CC», «Өтірік теориясы. Профильдеу», «Фотосурет негіздері» және «HTML және CSS негіздері» кірді.

Оқуды аяқтаған қазақстандықтар Coursera онлайн-оқыту платформасында өткен курстардың қорытындысы бойынша өз пікірлерін қалдырады.

Естеріңізге сала кетейік, Coursera білім беру платформасы әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінен (GOOGLE, IBM, Facebook, Stanford University, Yale University, Johns Hopkins University, Princeton University және т.б.) 4 мыңнан астам тегін курстардан өтуге бірегей мүмкіндік береді. Аталған курстарда түрлі дағдыларды, соның ішінде математикалық, коммуникативтік, кәсіпкерлік, бағдарламалау, статистикалық талдау, деректерді басқару және көшбасшылық дағдыларын меңгеруге болады.

Курстарды сәтті аяқтағаннан кейін білім алушылар сертификат алады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button