Жаңалық

Әлеуметтік медиация: отбасылық жанжалдар бала психологиясына қалай әсер етеді?

Биыл пандемия адамзат баласын қатты сынады. Соның ішінде қазақстандықтарға да әсер етті. Мәселен, статистикаға сүйенсек, карантин кезінде отбасылық зорлық-зомбылық елімізде 20 процентке артқан екен.

Жақын туыстар арасында да түсініспеушіліктер мен ұрыс-керістер күрт көбейген. Осындай жағдайда отбасылық жанжалдарды бейбіт түрде шешу үшін және балалардың психологиясына кері әсер бермеуі үшін Қазақстанда медиация институтының әлеуетін дұрыс пайдалану қажеттігі көрінді.

Осы орайда «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты халықаралық конференция өткізіп, отандық мамандар мен шетелдік сарапшылар отбасылық медиация саласындағы қазіргі заңнаманың кемшін тұстарын талқыға салып, оны дұрыс жолға қою жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.

Жиынға кәсіпби медиатор, медиация жөніндегі жаттықтырушы, психолог Шырын Оразбаева, «Келісім» медиация және құқық халықаралық орталығы» жеке мекемесінің құрылтайшысы, медиация жөніндегі PhD Гүлмира Нарбаева, К.Охридски атындағы София университеті политология кафедрасының профессоры, «Терроризмді зерттеу халықаралық қоғамдастығы» Болгар қауымдастығының мүшесі Татьяна Дроздина сынды 30-дан астам отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, өзінің халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы қоғамның барлық саласында медиацияны дамыту қажеттігіне баса назар аударған болатын. «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Басқармасының Төрағасы Данияр Есиннің айтуынша, бүгінгі қоғамда медиация өзінің өзектілігін көрсетіп отыр. Сондай-ақ, қай салада болмасын адамгершілік қатынасты күшейту үшін медиацияның институт ретіндегі рөлі өте жоғары.

«Биыл «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының бастамасымен «Қоғамдағы жанжалдарды бейбіт түрде шешу және әлеуметтік шиеленісушілікті болдырмау, дауларды бітімгершілікпен түйінде мақсатындағы медиацияның рөлі» тақырыбында кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілген болатын. Расымен де, Қазақстандағы медиация институтының мәселесі мен жағдайы мемлекет үшін өте маңызды және Сенат деңгейінде талқылануда», – деді Данияр Есин.

Алайда, сарапшылардың айтуынша, қос тарап арасындағы қарама-қайшылықтар кезінде медиация әрдайым көмектесе бермейді. Бұл әсіресе «отбасылық буллингке» қатысты. Мұндай жағдайда эмоцияны ұстай білудің өте маңызды екендігін айтады К.Охридски атындағы София университеті политология кафедрасының профессоры Татьяна Дроздина.

«Отбасылық буллинг» кезінде сабыр сақтап, ашуға және эмоцияға бой алдырмаған жөн. Сондай-ақ, қарсыласыңыздың бетпақтығын жеңе алмайтыныңызды түсіну керек. Бірақ өз эмоцияңызды бақылай аласыз. Сабыр сақтаңыз. Қарсыласыңызбен айқаса кетуден аулақ болыңыз», – дейді Татьяна Дроздина.

Өз кезегінде «отбасылық буллингтің» соңы ажырасуға апаратынын, ал сот процессі қос тарапқа ғана емес, балаларға да ауыр тиетінін түсінген жөн. Мұндайда отбасылық медиацияның жұмысы ауыр болмақ. Мәселен, жағдай сотқа жеткенде екі тарап та баланың жағдайын емес, қара басының қамын ойлап кетіп жатады. Яғни, кәмелеттік жасқа толмаған бала ата-аналар үшін «айырбас құралына» айналып кетеді. Сарапшылар көбіне ата-аналардың өзара тіл табысқысы келмейтінін, баланың тәрбиесіне көңіл бөліп, пікіріне құлақ асудың орнына қандай жағдай болмасын, өзінде қалдыруға тырысатынын айтады. Отбасылық медиатор және психолог Шырын Оразбаева осы орайда екі оттың ортасында қалған баланың ойында тек «ұрыспаңыздаршы», «мені жақсы көріңіздерші», «екеуңізді де бірдей жақсы көруге мүмкіндік беріңіздерші» деген жалынды тілектер қалатынын атап өтті.

«Ата-анасы ажырасуға дейін барғанда баланың ойы күпті болып, күнделікті қамқорлық, мейірім және махаббаттан қағылудан қорқады. Дегенмен, медиатордың біліктілігі және қос тараптың бір-біріне деген құрметі, өз эмоцияларын ұстай алуы, сабырлықтары бәрін дұрыс шешуге кепіл болады. Міне, отбасылық медиацияның сәтті болуы осыларға байланысты. Егер медиацияны жағдай ушықпай тұрып, өзара түсініспеушіліктің белгілері біліне бастаған бетте қолданар болса, онда жанжалдың алдын-алып, жағдайды жақсы жаққа қарай шешуге мүмкіндік бар», – дейді Шырын Оразбаева.

Сарапшылардың айтуынша, медиация рәсімдері ажырасудың алдын-алуға көмектеседі. Тіпті, жағдай ажырасуға жеткеннің өзінде бәрін жанжалсыз, даусыз шешуге және қос тараптың келешектегі жақсы қарым-қатынастарын сақтап қалуға жол ашады. Мәселен, ажырасуға байланысты сот процессімен салыстырғанда отбасылық медиация қос тараптың көзқарастарын анықтау арқылы бір-бірінің пікірін біліп, ара-қатынастарын жақсартуымен және бала тәрбиесіне бірге көңіл бөлуге ұмтылдыратындығымен тиімді.

Айта кетейік, онлайн-конференция барысында Қазақстандағы медиацияның құқықтық мәселелерін қарастыру жөнінде ұсыныстар айтылды. Сарапшылардың пікірінше, медиацияның құқықтық мәселелері оң шешім табар болса, елімізде бұл саланың сапасы артып, медиаторлар жұмысының нәтижелері жақсарады.

Сарапшылар отандық медиацияны АҚШ және Еуро одақ елдерінің тәжірибесі бойынша магистрлік бағдарламалар арқылы дамыту қажеттігін алға тартып, медиаторлардың жас ерекшелігіне байланысты талаптарды алып тастауды ұсынды. Сондай-ақ, «кәсіби емес медиатор» деген тіркесті «әлеуметтік медиатор» дегенге алмастырып, дауларды шешу тұрғысындағы білімдерін арттырып отыруға жол ашу керектігін атап өтті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button