Жаңалық

Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 500 мыңнан астам оқушы сауықтыру демалысына жіберіледі

Осы жазда 13 мың балалар лагері мен демалыс ұйымдары жұмыс істемек деп хабарлайды Ruh.kz порталы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жазғы сауықтыру науқаны оқу жылы аяқталғаннан кейін бірден басталады. Бұл ретте балалар лагерлерін ашу және олардың толымдылығы туралы шешімді өңірлік санитарлық дәрігерлер қабылдайды. Мұның бәрі өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты.

«Санитарлық нормалар қатаң сақталуы керек. Өңірлер тиісті жұмыс жүргізді, сауықтыру лагерлері балаларды қабылдауға дайындалып жатыр. Өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай ескерілетін болады. Санитарлық дәрігерлермен бірге балалардың қауіпсіз демалуы қамтамасыз етілуі керек. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл мәселені бақылауға алуға тиіс»,- деп тапсырды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.  Министрліктен мәлімдегендей, балалардың демалысын ұйымдастыруға қаражат жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен бөлінетін болады. Егер эпидемиологиялық жағдай нашарламаса, жазғы демалыс ұйымдарына 1 миллионнан астам оқушы бара алады.

Сонымен қатар, жазғы кезеңде олимпиадалық резервтегі жазғы мектептер, тіл мектептері, дебат клубтары және түрлі дамыту үйірмелері жұмыс істейді.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, жедел әрекет ету үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына білім басқармалары басшыларының орынбасарлары, мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді.
Республиканың барлық өңірінде «қауіпсіз аттракцион» рейдтік іс-шаралары өткізіледі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button