Жаңалық Редакция таңдауы

Әлеуметтік қызметтер көрсетілетін пилоттық жоба бастау алды

ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру аясында Қазақстан өңірлерінде жеке секторды тарта отырып, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін сыйымдылығы шағын үйлер құру жөніндегі пилоттық жоба басталды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау аясында жан басына шаққандағы қаржыландыру, жеке секторды тарту арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің мемлекеттік орталықтарын кезең-кезеңімен монополиясыздандыру жоспарланып отыр. Cыйымдылығы шағын үйлер тікелей мүгедектігі бар адамдар тұратын жерлерде, оның ішінде ауылдық жерлерде құрылады.

Пилоттық жобаға еліміздің 7 өңірі қатысады. Олар: Ақмола, БҚО, Қарағанды, Түркістан облыстары және Астана, Алматы, Шымкент қалалары.

2023 жылдың 4 шілдесінде Қарағандыда мүгедектігі бар балаларға арналған сыйымдылығы шағын бірінші үйдің ашылуы өткен. Сондай-ақ 29 тамызда Көкшетау және Шымкент қалаларында, 1 қыркүйекте Астана қаласында ашылды.

Орталықтарда емдік дене шынықтыру, массаж, дефектолог, логопед, психолог кабинеттері және балаларды дамытуға арналған түрлі кабинеттер бар.

Бүгінде сыйымдылығы шағын үйлерде 80-ге жуық бала қызмет алып отыр. Қызмет көрсету стационарлық, жартылай стационарлық ұйымдардың қолданыстағы желісіне балама ретінде және баланың отбасымен бірге болуына бағытталып жасалған.

Бұл бастама мүгедектігі бар балалардың ата-аналарына жұмыс істеуге және отбасының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button