Жаңалық

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН МУЗЕЙІ АШЫЛДЫ

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Астанадағы №76 мектеп-лицейінің ішінен Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында ХХ ғасыр басындағы қазақ қозғалысының көрнекті тұлғасы, саяси элитаның көсемі, Алаш Орда ұлттық үкіметінің төрағасы, сан қырлы қайраткер Әлихан Бөкейханға арналған музей ашылды. Бұл – еліміздегі Алаштың саяси көсемінің ғұмырнамасына арнап ашылған тұңғыш музей.

Музейдің салтанатты ашылу шарасына Әлихан Бөкейханның жиеншары, белгілі ғалым, профессор тоқсаннан асқан Ортай Әбдірахманов ақсақал, жазушы, ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы Орталық Кеңесінің хатшысы Берік Дүйсембинов, әлихантанушы, ф.ғ.к. Сұлтан Хан Аққұлы,  профессор Амантай Шәріп, саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбай, қоғам қайраткері, медиаменеджер Мәди Манатбек, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, көрнекті алаш суретшісі Алмас Сырғабай, Ержан Еңсебай, Алма Сайлауқызы, Ержан Шағимолдин т.б. жас алаштанушылар мен ата-аналар, оқушылар қатысты.

№ 76 мектептің ұжымы мектеп атына Алаш көсемінің есімін беруді сұрап отыр. Және де мектепте Абай, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Барлыбек, Айдархан сынды басқа да Алаш азаматтарының есіміне берілген арнайы пән кабинеттері бар. Бір қызығы – аталмыш мектепте Әлихан есімді 37 бала оқиды екен.

Мектеп директоры, қоғам белсендісі Сафура Сейдуәлиқызының айтуынша, бұл музей – мектеп оқушыларының елдік сананы, тарихи сананы ұлт мұраты, ұлт тарихымен қалыптастырарына, Отан тарихын біліп өсіп, Қазақ жерін қорғауға, елімізді сүюге шыңдайды екен. Мектеп оқушылары Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылған салиқалы ойларды жете түсіну үшін, төл тарихымызды білу үшін мектеп жасынан бастап патриоттық, рухани-адамгершілік тәрбие берудің маңызы өте зор.

ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы құттықтау сөзінде: «Бұл музей Астанадағы алаштанушы ғалымдар мен зерттеушілердің, студенттер мен жастардың, оқырмандардың басын қосатын «Алаш алаңы» болуы керек» деп ұсыныс айтса, қалалық «Руханият» орталығының басшысы, алаштанушы Ержан Еңсебай: «Академик Дихан Қамзабекұлының «Алаш алаңы» деп атаған ұсынысы керемет, қос қолдап қолдай отырып, осы музейдегі ең алғашқы тарихи жиын дәл осы атаумен бастау алуы керек!» деп ізгі идеяны жалғастыратынын алға тартты.

Музейдің салтанатты ашылу рәсіміне дейін көрнекті тарихи тұлғалар атындағы дәрісханаларда «Алаш тағылымы» рухани сабағы өтті. Рухани дәрісті белгілі алаштанушы-ғалымдар өткізді.  Енді бұл музейде қазақ тарихына арналған ұлттық құндылықтарды дәріптейтін шаралар жиі өтіп тұратын болады.

Жарқын ӘЛІ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button