Жаңалық

ӘЛИХАННЫҢ ҰЛЫҚ СӨЗДЕРІ

Ұлт көсемі, қазақтың ұлық көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні болған соң, оқырман назарына қазақтың аса көрнекті саяси тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, сан қырлы талант иесі Әлихан дананың ұлтты ұйыстырар, халықты бірлікке шақырар маржан сөздерін ұсынамыз.

Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.

* * *

Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады.

* * *

Жер десе дірілдемей болмайды: жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры.

* * *

Еуропа «мәденимін-мәденимін» деп мақтанғанымен, мәденилігі ұсталықта ғана, мінезі хайуандық сипатынан қайтқан жоқ.

* * *

Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.

* * *

Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды.

* * *

Біздің іздегеніміз – Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар.

* * *

Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден.

* * *

Бостандыққа апатарын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана.

* * *

Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау.

* * *

Жүйрік, қыран күшін қиянға салса, жұрт мақсатын орнына апарса, мұнан артық не бақыт бар, бауырлар!

* * *

Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмесін.

* * *

Кейінгіге ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп, алғыс алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп, қарғыс лағнет аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс.

* * *

Біздің кемшілігіміз – әркім тарих арқалатқан жүкті белгілі жерге апармай, соңындағыларға тастап кететіндігі.

Қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп, пайдамызды тигіземіз?!

Қазақ-ау! Түзуің бірігіп жұрт үшін қам ойлайтын кез келген жоқ па?!

* * *

Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар!

Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек

* * *

Мен қазақ халқын Совет билігіне қарсы күреске бастадым.

* * *

Мен ешқашан Совет өкіметін сүйген емеспін, бірақ мойындадым.

* * *

Алыспағанжұлыспаған бостандық атына мінбейдібұғаудан босамайдыері құлдықтанәйелі күңдіктен шықпайдымалына дабасына да ие болмайды

* * *

Рухани мәдениеттің бір белгісі – жұрт баласына жалпы оқу, газета, кітап оқып, ғылым жолын тану, қол жеткені ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу.

Ғұмыр тартыс-талас, ғұмыр жүзінде орын аламын десең ұсталық, жиһатшылық зор мақсат. Таласып талпынбаған кісіге де, халыққа да тәмәм қасқыр арасында бәйге жоқ.

Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар.

* * *

Қазақ хандығы халық арасына ғылым таратып, жұртты ағартудың ретін білмесе де, өзінде дін бастықтары, діни мекемелері, мүфти, қазы, имам секілді рухани адамдары болуы шы еді.

* * *

Мен Алтайдан Оралға, Сібір темір жолы торабынан Омбыға дейінгі кең кеңістікті мекендеген 4 миллион қазақ халқының өкілімін.

Не балаларға сабақ беріп, не жорналға, газетке мақала жазып Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой!

Қазақ елі – ақылы кірмеген жас бала сияқты. Баланы құшақтап сүйіп отырсаң, төсіңе сиіп жібереді. Қазаққа тиме, өмір, тұрмыс, ғылым көрсетеді, үйретеді.

* * *

Мәдени жұрттар балаға кіші бір жасында тегіс егеді. Осымен нағыз шешектен өлу мәдени жұртта аз болады.

* * *

Оқуда жүрген жастарға жәрдем қылу жұрт борышы деп білсек, бұған мойын ұсынсақ, енді мұны енді мұны іске айналдыру шарасын қылу керек. Бізден рухани мәдениеті озған жұрттың бұл туралы салған қысқа жолы бар. Біз де сол жолға түсу жөн.

Жәрдем қауымының ісін бастауға, атқаруға таза пікір, талап, жаһұт қана шарт. Менің жоруымша, бұл іс қолынан келетін жігіттер қазақта осы күні бар.

* * *

Өлеңді ақын сынағаны жөн. Оқушы – жазушы, ақын болмаса да, ақын сөзінде болар сынға санатында мүшелер болатын. Орыста Пушкин, Лермонтовты сынға салып, жұртқа жайған Белинский сөзге ақын емес, ойға ақын еді. Шәкәрім Пушкин болмас, біз Белинский болмаспыз.

Мәдениет өмірі – құдірет әмірі. Түйені жетелей білсең, жүк аумай Алтай, Тарбағатай, Алатау, Шыңғыс асасың. Ғылым – аспанда жарқыраған жай отын қолдан істеп алып, телеграммаға хабаршы, теміржолға, трамвайға ат. Жарты кезден жуан зеңбірекке мерген қылып отыр. Әр нәрсені амалын біліп, өз орнына жұмсаса, іс көркейеді. Мал бағуға жұрт шебер болған соң, осы малды қазақ айналдырғаны жөн.

Надан жұрт алдыңғы мәдени жұрттың киіп тастаған ескісін кимек.

* * *

Қазақ жерін мұжыққа алғанда қазаққа көп кемшілік келтіреді, бұрын жерді қазақтан жері жоқ мұжыққа береміз деп алушы еді. Енді қазақтан алған жерді Еуропада өз жері көп дворян-помещиктерге беріліп жатыр.

* * *

Жүзден астам жыл бұл жерге қазақтың кірі, қызметі сіңген. Бұл жерде Астрахан қазақтары 114 жыл кір жуып, кіндік кескен. Ол алынатын жерде неше мың салаулы үй, қора-қопсысы бар. Жұрт қадірлеген бейіт бар. Қанша мың адам шаруасын істеп күн көрген, пішендік, егін жай, мал өрісі осы жерде.

* * *

Ертіс қазақтары пайдаланып отырған «Он шақырым» дейтін жер Сібір казагына кетті. Астрахан жері мен «Он шақырым» жерінің арасы алыс жатыр. «Он шақырымдағы» қазақтар Сібір казагына аренда төлейтін. Астрахан жері – қазақ жері.

* * *

Көбің әлі жассыңдар. Біздің ақылымыз: мұндағы маржаларға [жезөкшелер] жолай көрмеңдер. Мұнан құтылудың бір шарасы: шаршағанша жұмыс қылу. Өздеріңді өздерің билей алмасаңдар, ауру жұқтырып, бірінші өздерің қор боласыңдар, екінші – елге, үйлеріңе алып қайтасыңдар.

Білесіңдер, біздің елде докторлар кем, ауруды жайып, елдің

елдігін кетіресіңдер. Мұны ойлаңдар. Халқымыздың гүлі, үміті сендерсіңдер.

* * *

Жер десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі негізгі ғұмыр мәселесінің ең зоры. Жер ісін «ала қашты, тартып алды, тиіп кетті» қылмай, ақылмен, сабырмен атқарған оң.

«Қазақ-ау! Оян! Мұжық көші жүріп кеткенде жұртта қалып жүрме! Мұжық көрші отырып, бостандық, құрдастық, туысқандық шарапатын пайдаланғанда, ілгері басқанда, мүйізге ұрған сиырдай

шыр айналып, кейін қайтып, көрші жұртқа балаңды жалшы, малшы құл қылып беріп, жұрағаттың обалына, Алаштың баласы, қалып жүрме!

«Біздің қазақ жұртына айтатын тілегіміз: биге таласпаңдар, биді таланға салмаңдар! Әділ бисіз жұрт жұрт болмақ емес. Таза би партияда да жоқ болады. Партия биі әділ болмайды.

«Англия биі» дегенде жер үстіндегі адам баласы ішкен асын жерге қояды. Англия биі бірауыздан партиясыз сайланады, әділ болады, адамнан қорықпайды.

Бұл күнге шейін біздің қазақта әділ би, көздің қарашығындай билікті орнына апаратын әкімші жоқ. Біздің қазақтың бүлініп жүрген бір себебі осы.

Алдымыз үлкен той. Жалпы жұрт жаңа болатын земствоға кіріспек.

Земство – жұрт өзі сайлап қоятын мәжіліс мекеме. Жұрттың

көзі, жанашыры, күзетшісі, қамқоры, қорғаушысы. Тұрмыс-тіршілікте земство билемейтін іс болмайды.

* * *

Қазақ болып автономия боламыз десек, алдымызда шешуі қиын бір жұмбақ бар. Орал, Торғай, Ақмола, Семейде көп мұжық бізбен қоныстас…

Мұжықпен аралас қазақты тастап, алғы қазақ болып шығамыз десек, қазақ орыста қалады, қазақты бұл жерден көшіріп аламыз десек, бұл қазақ ата қонысынан көшпес, көшсе ақылсыздық болады.

Түбінде қазақ ұлты бір автономия бола қалса, іштегі орысты ала кетеміз бе деген үміт. Біздің қазақ ұлтының автономиясы енді тұрмыс халда туысқан автономиясы болар емес, жерге байлаулы автономия болмақ.

Дайындаған: Жарқын ӘЛІ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button