Алия Нұрпақызы: «Тарихын ұмытқан елдің келешегі болмайды»
Кеңес Одағының нацистік Германияға және оның еуропалық одақтастарына (Мажарстан, Италия, Румыния, Финляндия, Словакия, Хорватия) қарсы жүргізген соғысының аяқталғанына және Кеңес Одағының жеңіс туын көтергеніне биыл 75 жыл. Бүгінгі бейбіт заман, ашық аспан оңайшылықпен келмеді. Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен осынау кең байтақ жерді қорғап, аманат етіп қалдырды. Әлемде болып жатқан ахуалға байланысты ұлы мерекені тиісті тойлай алмаймыз. Дегенмен баба рухына тағзым етіп, еске алуға ешқандай індет бөгет бола алмайды. «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай әлеуметтік желіде республика аумағында челлендж жариялады. «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Сағымбаева Алия Нұрпақызымен осы тақырып турасында аз-кем сұхбат құрған едік. Мархабат!
Ruh.kz: Сәлеметсіз бе, Алия ханым! Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығына орай әлеуметтік желілерде челлендж жарияладыңыздар. Мақсаты не?
Алия Нұрпақызы: Сәлеметсіз бе! Отан соғысының аяқталғанына биыл 75 жыл. Жарты ғасырдан асса да соғыстың трагедиясы бүгінге дейін көп отбасына әсерін тигізуде.
Баршаға белгілі, соғысқа барлығы 1 366 000 қазақстандық қатысты. Солардың ішінде хабар-ошарсыз кеткендер саны 271 503 жауынгер мен офицерлер. Майданға аттанып, жоғалып кеткен жауынгерлердің ұрпақтары әлі күнге дейін әкесі, атасы және арғы аталары жайлы аз ғана болса да хабар күтіп, үмітін үзбеген.
Дүние жүзінде, әсіресе, батыста Отан соғысында Совет елдерінің жеңіске қосқан үлесін жоққа шығарғысы келеді. Бұл дұрыс емес. Аталарымыз сол кезде отанын қорғауға кеткен. Олар өздерінің азаматтық борыштарын өтеді. Қаншама отбасы әкесіз қалды, ұлдары үйлеріне оралмады. Тарихын ұмытқан елдің келешегі болмайды. Қазір рухани жаңғыру бағдарламасы бар. Рухани жаңғыруды осыдан бастауымыз қажет. Отан соғысына кеткен барлық аталарымызды есімізге алып, рухына тағзым көрсетуіміз керек. Жеңісті тойлау міндетті емес. Бастысы миллиондаған адамдардың қаны төгілген сұмдық замандар елімізде, бүкіл дүние жүзінде енді қайталанбасын деп тілеуміз қажет. Бабаларымыздың басынан небір қиын-қыстау күндер өткенін ұмытпауымыз керек. Челлендждің негізгі мақсаты – әкелерімізді, аталарымызды, үлкен аталарымызды есімізге алып, оларға ризашылық білдіру.
Басында идеяны қолдаған құрылтайшылармен бірге ақылдасып, адамдар соғыстан келген хаттарды оқыса деп ойладық. Көп отбасында кезінде жауынгер аталары жазған хаттар сақтаулы. Алайда біз бұл ойды кішкене кеңейттік. Бірінші – хаттарды оқу. Екінші – аталары туралы 2-3 минуттық видео түсіру. Соғыстан оралған аталары туралы, тылда қызмет еткен жесір аналар, ұлдары соғыстан оралмаған ана-әжелер мен олардың жеңіске қандай үлес қосқандығына шолу жасау. Соңғы мақсатымыз – қазіргі үлкендер мен жас буын сол кезде ерлік көрсеткен батыр ата-бабаларымызға ризашылығын білдіру.
Ruh.kz: #AtamnynAmanaty75 челленджі қоғамға не береді?
Алия Нұрпақызы: Басында айтып өткенімдей, челлендждің мақсаты да, халыққа берері де бір. Ерлік жасаған ата-бабаларымызды, аналарымызды есімізге алу. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген жақсы сөз бар. Құран бағыштап, батыр ана-әкелерімізді әркез ұмытпай жүрсек, елдің болашағы жақсы болады деп ойлаймын. Жаман болсын, жақсы болсын тарихын біліп өскен жас ұрпақтың да келешегіне деген көзқарасы өзгереді. Олардың жүрегінде отансүйгіштік сезім нығая түспек. Аталары, әжелері секілді батыл, қайсар, батыр, ержүрек болуға талпынады деп сенемін.
Ruh.kz: Челлендж жариялау кімнің ойына келді?
Алия Нұрпақызы: 75 жылдық мерейтойға орай, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі биыл бірталай іс-шаралар ұйымдастырамыз деп жоспарланған едік. Әлемде болып жатқан пандемиялық жағдайға байланысты мерейтойды басқаша жолдармен тойлап, ата-бабамызды еске алмақпыз. Бірлестігіміздің басшысы Мұрат Жанатайұлының тың идеясы бойынша осындай челлендж өткізгіміз келді.
Ruh.kz: Науқан қай уақытқа дейін созылады?
Алия Нұрпақызы: Акцияны уақытсыз деп жариялап отырмыз. Қоғамда тағы бір кемшілік бар.Осы тақырыпты 9 мамырға 1 апта, 1 ай қалғанда ғана айтып бастайды. Жылына бір рет емес, үнемі әртүрлі акциялар ұйымдастырып, ұмытпауымыз керек. «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің негізгі жұмысы – Отан соғысында хабарсыз кеткен отандастарымызды іздеу. Әлі күнге дейін отбасылар соны тосып келеді. Бұл турасында тапсырысты мен де қабылдаймын. Сондағы мен үшін ең қиыны – жасы 80-нен асқан ата мен әжелердің телефон соққандағы дауыстары. Олар әлі күнге дейін әкелерін тосу үстінде. Жылайды, оларға қосылып мен де жылаймын. Хабарласқанда: «Балам, тауып берші әкемді. Жатқан жері табылса, жатқан жерін, болмаса архивтен, ең болмағанда бір мәлімет табылса екен. Әкем батыр болды. Сіз оны білесіз. Совет үкіметі кезінде саясат сондай болған. Ауыл оны сатқынға санайды екен деп хабарсыз кеткен адамдарды іздеуге көбісі қорқатын», – дейді. Сондықтан, міне, 75 жыл өткеннен кейін ешкімді де кінәламай, сөкпей, сол кісілерді есімізге алуымыз керек. Әсіресе, сондай жағдайдағы отбасыларға бұл ауыр тиеді. Аталарымыз сатқын болған жоқ, олар батыр болған. Соны түрлі челлендждік видеолар арқылы дәлелдеуіміз қажет.
9 мамыр өткеннен кейін де челлендж жалғасын таба бермек. Қосыламын деген адамдар қосыла берсін. Әрі қарай челлендждің формасы сәл өзгеруі мүмкін. Бізге былтырдан бері 1300-ден астам тапсырыс түсті. Атап айтсақ, аталар жайлы 200-ге жуық архивтен мәлімет пен жатқан жерлері табылды. Қазір ғана сол отбасындағы адамдарды челленджге шақырсақ деген ой туды. Мысалы, олар келіп осындай тапсырыс берген едік, атамыз туралы мәлімет табылды. Атамыз мынандай фронтта, дивизияда не атқыштар бөлігінде шайқасыпты. Жатқан жері табылып, барып келдік. Салт-дәстүрімізге сай, топырақ апарып, топырақ әкелдік. Қолымыздан келген парымызды атқардық. Осыған ұқсас қылып #AtamnynAmanaty75 челленджін жалғастыра берсек деймін.
Ruh.kz: Құрылымын таныстырып кетсеңіз. Азаматтар желіге видео жарияларда нені ескеруі тиіс?
Алия Нұрпақызы: Аталған челленджге қосыламын деген азаматтар өздерінің аталары туралы бір видео түсіріп, оны әлеуметтік желілерге саламын десе төмендегі жағдаяттарға тоқталған жөн:
1. Үйлерінде аталары жазған хаттар болса, соны оқуы керек;
2. Ата-бабалары, үлкен аналары туралы, соғыс болсын, тыл болсын сол кездегі ерліктері туралы айту керек;
3. Өзінің, отбасының атынан ата-тегіне алғыс білдіру.
Желіге жариялаған видеосының астына міндетті түрде #AtamnynAmanaty75 және #ruhkz хэштегтерін жазуға тиіс.
Ruh.kz: Челленджге қатысқандарға арнайы сый-сыяпат беріле ме?
Алия Нұрпақызы: Қатысқандарға арнайы сый-сияпат беру әзірге ойда жоқ. Алдағы уақытта көреміз. Қай челлендж ең көп көрсетілім тапты екен, ол жағынан біз әлі ойланған жоқпыз. Бірақ осыдан жарты ай бұрын бүкіл мектептерде «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымымен қосылып, конкурс жариялағанбыз. Соның ішінде ең үздік 40 шығарылым шыққан. Соларға хат арқылы грамота жіберіп, мадақтаған едік. Карантин біткен соң басқа да сый-сияпат жолдары болатын шығар. Оны әлі кеңінен ойластыруға тиіспіз.
Ruh.kz: Сұқбаттасуға келісім бергеніңізге көп рақмет! Алдағы уақытта қызметіңізге сәттілік тілейміз!