Жаңалық

Алмасбек ӘБСАДЫҚ, профессор: Орынбордағы кейбір ғимараттар шетелдік «Сакральды Қазақстан» картасына кіруі тиіс деп санаймыз

6 маусым күні «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана» университетінде Қазақ Білімпаздары сьезінің 95 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы және Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі» халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Ғылыми жиын барысында белгілі әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, көзі қырақты оқырманға етене таныс публицист әрі қоғам қайраткері Алмасбек Әбсадықпен кездестік, сырласып едік. Оқырман назарына арыстардың ізі қалған тарихи шаһардың руханиятына мол үлес қосқан азаматтың әңгімесін ұсынып отырмыз. Қабыл алыңыз!

Тобыл өзенінің жағасындағы шаһарда тұрып-ақ мұқым елімізге танылған профессор Алмасбек Ахметұлы қоғамдағы өзекті мәселелерге қашанда батыл үн қосып, өз ойын, мүддесін білдіріп жатады.

Ruh.kz: Әңгіме басын «Қостанай» атауының этимологиясынан бастасақ. Әрине бұл туралы көп айтылды да, жазылды да. Тобыл жағасындағы шаһардың ономастика мәселесі қалай? Кеңестің «мұрасынан» арылуға жұрт ниетті ме?

Алмасбек Әбсадық: Қостанай этимологиясы туралы бұрыннан айтылып келе жатқан сөздер бар. Бірақ олардың барлығы дерлік топонимикалық аңыз немесе әпсана мазмұнында болып келеді. Қостанай атауын таза лингвистикалық тұрғыдан сараптау жұмысы әлі де болса әлсіз. Біздің арамызда халықтық этимологияларға сенушілер көп. Филолог ретінде, «Қостанай» атауы үш түбірден құралған атау деп есептеймін. Бірінші түбір – қос, екіншісі – дөң, үшіншісі – сай. Осы үш түбірдің кіріге бірігуінен «Қостанай» атауы түзілген. Қатаң дауысыз дыбыстар мен жуан дауыстылар ұяң «д» дыбысы, т-ға айналып, қатаң «с» дыбысы жұтылып кеткен.

Қос» дегеніміздің мағынасы талдауды қажет етпейді. «Дөң» қыр деген мағынаны береді. Мысалы, Украйнадағы Дон өзені «қырдан ағатын өзен» дегенді білдіреді. Қостанаймен шекаралас Ақтөбе облысында «Дөң» деген жер бар. Ол жерде ашылған хром кеніші «Донской» деп аталады. Мұндай атау еліміздің өзге жерлерінде де бар. Ал «сай» – өзен деген мағына береді. Аталық, Енесей, Арнасай, Шолақсай. Айтпақшы, Қостанай қаласы Тобыл өзеніне барып құлайтын екі (қос) үлкен сайдың арасына орналасқан.

Қазіргі кезеңде Қостанай өңірінің ономастикасында көптеген жаңартулар жүргізіліп жатыр. Бұл орайда, Қостанай облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасы жобалық негізде көптеген жұмыстар атқарып жатыр. Оның бірсыпырасына өзіміз де қатысып жүрміз. Бірақ бір өкініштісі, кеңестік тұста кісі есімдері берілген елді мекендерді қайтадан кісі есімімен ауыстыру жұмыстары жиі көрініс тауып отырады. Біз елді мекендердің, жақсы болсын, жаман болсын, тарихи атауларын қайтаруға тиістіміз.

Ruh.kz: Биыл қазақтың үлкен жазушысы Б. Майлиннің 125 жылдық мерейтойы. Қостанайдағы облыстық кітапханаға Биағаның есімі берілсе деген жақсы ұсыныс көтерілді. Облыс басшылығы ұсынысты қолдау жергілікті халықтың еншісінде деген сыпаттағы жауап жазыпты. Сіз сол қаланың тұрғыны әрі шығармашылық-зияткерлік ортаның өкілі ретінде бұ мәселеге қалай қарайсыз?

Алмасбек Әбсадық: Бұл ұсынысты қолдаймын. Жалпы, мәдениетке, әдебиетте өшпес із қалдырған тұлғаларға мәдени нысандардың атауын берген дұрыс. Кісі есіміне жер-су атауларын беруден қашу керек. Ол кешегі кеңес дәуірінің сарқыншағы. Жер-су атауларын кісі есімін беру арқылы біздер «елдің хатын» жоғалтып алуымыз ғажап емес.

Ruh.kz: Рухани ұстазымыз Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен шығармашылығын зерттеп келесіз. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері рухани көсемнің есімін иеленген университетте жұмыс істеп жүрсіз. Жақында ғана ғұламаның жолымен экспедиция ұйымдастырып, Орынборға барып келдіңіздер. Экспедицияның жұмысы жайында айтып өтсеңіз…

Алмасбек Әбсадық: «А.Байтұрсынұлы ізімен: Орынбор кезеңі» атты ғылыми экспедиция «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде жүзеге асты. Жобаға Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры Алма Досжанова ерекше қолдау көрсетті. Біз ол қолдауға дән ризамыз.

Ғылыми экспедия құрамы 

Экспедицияның мақсаты Орынбордағы архивтерде жұмыс жасау, Ахаңның 20 жылдай ғұмыры өткен қаладағы тарихи-мәдени нысандармен танысу, ұлы тұлғаны орынборлық жұртшылыққа кеңінен таныстыру мақсатын көздеді. Сапар барысында архивтерден А.Байтұрсынұлына қатысты тың деректерді кездестіріп, оларды зерде қоржынына салдық. Айталық, ұлы тұлғаның 1895 жылы «Тургайская газетаға» жарияланған тырнақалды мақаласы «Киргизские приметы пословицы» атты еңбегінің түпнұсқасын архивтегі газет тігіндемесінен кезіктіріп, оны көшірмесін жасап алдық. 1891-1895 жылдары Ахаң оқыған мұғалімдер мектебіне қатысты деректерді, сонымен қатар Орынбор губерниясы жандармениясының (полициясының) жазбаларынан бақылауда болған Алаш зиялылары туралы деректерді кездестірдік. Сол жазбалардан Ахаң ғұмырнамасының кебір тұстарының тарихын толықтыру мүмкіндігі туындап отыр. Айталық, 2 жылдық мерзімге жер аударылып барған А.Байтұрсынұлы біршама уақыт Торғай облысы переселендер басқармасында қызмет жасайды. Осы тұста патша үкімінің кеңестік үкіметке қарағанда «мейірімділігін» атап өткен жөн сияқты. 1905 жылы Қарқаралы петициясына және патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы күрескен Ахаңды соттағанда, патша олардан қазақ жерінен тыс губернияларға жер аударғанда оны айыптылардың өзіне таңдауына мүмкіндік берген және переселендік саясатқа қарсы күрескен кісіге сол саясатты жүргізетін мемлекеттік басқармада жұмыс жасауға мүмкіндік берген. Ал кеңес үкіметі болса, қамау, ату жазаларын еш шірімікпестен таңып отырған.

“Ахмет жүрген жолменен…”

Переселендік басқармадан кейін ол «Қазақ» газетіне ауысады. Орынборда Алаш зиялыларына қатысты тарихи-мәдени ғимараттар қатары көп. Олардың кейбіруіне белгі тақтайшалар қойылған. Әлі қойылмағандары да көп. Айталық, «Қазақ» газетінің редакциясы, газет басылып шығып тұрған баспахана, Ахаң білім алған мұғалімдер мектебі ғимараттарына, Алаш көсемі Ә.Бөкейхан Уақытша үкімет пәрменімен Торғай облысының комиссары қызметін атқарған тұста тұрған тұрғын үйге белгі қойылуы қажет. Себебі ол – Алаш тарихы, біздің тарих. Орынбор – Қазақстанның тұңғыш астанасы. Ондағы тарихи жәдігерлер мәдени мұраның ажырамас бөлігі. Орынбордағы кейбір ғимараттар шетелдік «Сакральды Қазақстан» картасына кіруі тиіс деп санаймыз.

Ruh.kz: Қостанай Алаш арыстарының ізі қалған тарихи шаһар екені көпке аян. Оның үстіне тарихи ескерткіштер, сол заманның жәдігерлері бүгінге дейін «мұрты бұзылмай» жетіп отыр. Мәселен, өзіңіз бастама ретінде көтеріп жүрген Ахмет Байтұрсынұлы атамыз ұстаз боп қызмет еткен ғимарат. Осы ғимаратты ұлттық құндылық игілігіне айналдыруға бағытталған идеяңызды оқырманымызға таратып айтсаңыз…

Алмасбек Әбсадық: Орынбордағы мұғалімдер мектебін «Халық мұғалімі» (Народный учитель) мамандығын алған А.Байтұрсынұлы бірнеше жыл Қостанайда екі класттық училищеде сабақ берген. Ол оқу орнында Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы сынды Алаш қайраткерлері ұлы ұстаздан дәріс, тағылым алады. Училище ғимараты Ахаң атындағы университеттің дәл жанында орналасқан. Қазіргі таңда онда Қостанай көркемөнер мектебі жұмыс жасайды. Біздер, бір топ ғалымдар мен қоғам белсенділері қала әкімі Қ.Ахметовке сол ғимаратты университетке беріңіз, оған біздер Ахаң атындағы музейді көшіріп, «Алаш» музейін жасайық деп ұсыныс айтқан едік. Бірақ бұл ұсынысымыз ол тараптан қолдау таппай отыр. Аталмыш ғимарат университетке берілмесе де, оны қаланың есебінде тұратын кең мазмұнды Алаш музейін ашқан дұрыс деп санаймыз. Ерте ме, кеш пе ондай музейдің ашылатыны сөзсіз. Бірақ не нәрсе болса да, уақытында істеген дұрыс. Осы тұрғыдан келгенде, сол жұмыстың қамын бүгін жасаған артық болмайды. Мен өз парақшамда осы мәселе туралы арнайы постар жаздым. Ықылас білдірушілер, қолдаушылар қатары мол. Осы мәселеге қызығушылық танытқан кісілерге менің Facebook әлеуметтік желідегі «Алмасбек Абсадык» деп аталатын жеке парақшадағы ақпараттармен танысуына болады.

Профессор А. Әбсадық пен А. Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры, ф.ғ.к. Райхан Сахыбекқызы

Ruh.kz: Аға, айтыңызшы біз Ахмет Байтұрсынұлын қаншалықты танып, зерттедік? Мысалы, өзге елдердің зиялылары туралы оқып, танысайын десең, сол тұлғасының тұтас ғұмырнамасы кезең-кезеңімен зерттеліп, талданып қойған. Тіпті А. Пушкиннің бір өлеңінен бес докторлық диссертация қорғалған екен. Әне-міне дегенше иек астындағы ертеңгі күнде ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы да тұр. Қостанайдың Бас оқу орны бұл іс-шараға қалай дайындалып жатыр?

Алмасбек Әбсадық: Қазіргі таңда Алаштану бағытында үлкен, елеулі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ әлі де ізденістер жүргізетін бағыттар баршылық. Жалпы, әрбір ұрпақ Ахаңды тануды тарих керуенінде жалғастыра бермек деп ойлаймыз. Бұл орайда қазыналы Қостанай өңірі де Ахметтануда елеулі қызметтер атқаруы тиіс. Себебі Қостанай-Торғай атырабы – Ахаңның туған өлкесі. Оның үстінде Ахаң атында білім ордасы бар. Ондағы ғалымдар да өз зерттеулерін жалғастыра бермек. Ал Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына келер болсақ, оны ЮНЕСКО шеңберінде атап өту қажет-ақ. Бұл тарапта үкімет қарап жатпас. Осы орайда, Қостанайда Алаш музейін ашатын болсақ, аталмыш мерейтойға жасалған үлкен тарту болатыны анық. Осыны билік тетігін ұстаған кісілер ұмытпаса екен дейміз. Университет ғалымдары Ахаңның мерейтойына арнайы танымдық зерттеу еңбек дайындауды жоспарлап отыр.

Ruh.kz: Бәрекелді! Қысылтаяң кезеңде уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге көп рахмет! Ғылыми-шығармашылық ізденісіңізге табыс тілейміз!

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button