Алматы «Астана Операны» қошеметпен қарсы алды
10 ақпан күні Абай атындағы МАОБТ сахнасында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсымен «Астана Опера» театрының Алматыдағы гастролінің шымылдығы түрілді. Тыңдармандар соңғы көріністе көз жасына ерік беріп, әртістердің шеберлігіне тік тұрып қол соқты, ал қойылым аяқталған соң өнерпаздардың қолтаңбасын алып, ғажайып өнер көрсетулері үшін алғыстарын білдіру үшін оларды күтумен болды.
«Астана Операның» Алматыдағы гастролі 10-18 ақпан күндері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» («Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру») бағдарламасы аясындағы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» халықаралық жобасы бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр.
«Астана Опера» гастроліне көрсеткен қолдауы үшін мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына алғысымды білдіремін. Мәдени алмасудың арқасында біз орындаушылар ретінде өсудеміз, өнерімізді түрлі қала мен елдегі көрерменге сыйлау мүмкіндігіне иеміз, біз үшін бұл аса маңызды. Бүгінгі спектакль үлкен жетістікпен өтті, біз, әртістер, алматылық тыңдарманның жылы шырайын, ықылас-шаттығын, көрермендер аудиториясын сезіне білдік, асқақ өнерге деген махаббаттары үшін мың да бір рахмет», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы.
Осы кеште жетекші партияларды елордалық театрдың әртістері ұсынды. Басты партияны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин вокалдық әрі актерлік тұрғыдан тамаша орындап шықса, Айдар рөлінде халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Байнеш керемет өнер көрсете білді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, опера примасы Майра Мұхамедқызы Ажар бейнесінде ғажайып актерлік жұмысын көрсетті, даусы жұмсақ, нәзік әрі жарқын естілді. Қарлығаш партиясын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты Татьяна Вицинская орындады. Көкпай рөлінде – дарынды Талғат Ғалеев. Әзім – Бейімбет Таңарықов, Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян Сырттан бейнесін сомдаса, Евгений Чайников Жиренше кейпінде болды. Нарымбет – Рамзат Балакишиев, Мес – Хайдар Мұстапин.
«Өте қызықты қойылым болды. Сәнді-сәулетті декорациялар мен киімдері, халық ән-билерінің әуезді байлығы бар ұлттық операның классикалық үлгісі. М.Әуезов, А.Жұбанов және Л.Хамиди сынды есімдер операны мәңгі әрі ұлы етеді. Бүгін барлық әртістер жақсы деңгейде болды, оркестр мен хор керемет дыбысталды! Бір ғана айтарым: «Браво, «Астана Опера»», – деп әсерімен бөлісті Дулат Омаров есімді көрермен.
«Абай» қойылымына көрнекті мәдениет, саясат және қоғам қайраткерлері жоғары бағасын берді. Олардың қатарында – Әлібек Дінішев, Асанәлі Әшімов және, Есмұхан Обаев т.б. бар. Үзіліс кезінде олар дирижердің асқан шеберлігін, оның тұлғасының ауқымдылығын атап өтті, вокалистердің сапалы жұмысы жайлы сөз етті.
«Операның жаңа оқылымы, керемет декорациялары мен киімдері маған ерекше əсер етті. «Абай» операсының соңы өз еліңмен, тарихыңмен, əдебиетіңмен, халқыңмен мақтан еткізеді», – деп бөлісті қойылым соңынан танымал қазақстандық опера əншісі Əлібек Дінішев.
«Гастроль керемет «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатыр, ол барша әлемге ел мәдениетінің жоғары деңгейін көрсетуге мүмкіндік береді. Осы сапарымызға өте қуаныштымын, себебі театрларымыз шығармашылық диалог жасап, достығымызды нығайтуда. Бүгін біз Қазақстанның Оңтүстік астанасында, опера өнеріміздің қара шаңырағы – Абай атындағы МАОБТ сахнасында өнер көрсеттік. 1944 жылы бұл жерде «Абай» операсының тұсауы кесілген еді. Осы қойылымды орындау – труппамыз үшін жауапты емтихан. Алматылық көрермен көзі ашық, оқыған, мәдениетті, және бүгін соғылған ду қол шапалақтар, ыстық лебіздер біз үшін үлкен марапат әрі еңбегімізге берілген жоғары баға болды», – деді маэстро Алан Бөрібаев.
«Астана Операның» бас дирижері «Абай» спектаклі бойынша бұл оның алғашқы жұмысы еместігін және осы операның халықаралық маңызын атап өтті.
«2013 жылы Германияда «Абай» операсының жаңа қойылымын жүзеге асырдым, ол орасан зор жетістікке ие болды, оның үстіне сол жылы композиторлар Р.Вагнер мен Дж.Вердидің 200 жылдығы болатын, олардың туындыларынсыз әлемнің бірде-бір театрын елестетуге болмайды. Үш қойылым «Жыл қойылымы» атағына номинацияланды, олар – Р.Вагнердің «Запрет любви, или Послушница из Палермо», Дж.Вердидің «Бал-маскарад» және А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» қойылымы болатын, және Р.Вагнер мен Дж.Вердидің мерейтойлық жылында «Абай» операсы жыл қойылымы деп танылды! Туынды өз көрерменінің жүрегін жаулауда. 2014 жылы Абай атындағы МАОБТ-мен бірге бұл операны Францияда орындадық, олар да таң қалдырарлық жетістікпен қабыл алды. Мен әрдайым қазақ өнерін насихаттап жүремін, оркестрмен өнер көрсеткен кезде, бағдарламаға қазақ симфониялық музыкасын қосуға тырысамын. «Абай» операсының үшінші пердесіндегі билер – Үйлену тойының сюитасын BBC Radio 3 (Лондон) радиосына жаздым. Соңғы рет «Абай» қойылымындағы билерді Жапонияда орындадым және жетекші жапон басылымдарының бірі – «Ёмиури симбун» біздің музыкамыз жайлы сүйсіне мадақтап, пікір білдірді. Бұл операны ести сала, жұрт маған келіп: «Нотасын беріңізші! Осы опера туралы көбірек қалай білуге болады? Абай деген кім?… деп сұрайды. «Абай» операсы кілт тәрізді түрлі халықтардың жүрегіне жол тауып, ашады!» – деп қосты Алан Бөрібаев.
«Бұрын, қазақ опералары, ең алдымен, өзімізге қызықты деп ойлайтынмын, себебі өзімізді тану аса маңызды, бірақ, бұл операның музыкасы әмбебап, ол жер-жаһанда бірдей шаттықпен қабылданады. «Абай» операсы өнеріміздің бетке ұстарына айналды. Оны әрқашанда да орындаймыз және оған әрдайым жүрегіміз ерекше тулайтын болады. «Абай» – біз үшін қасиетті тақырып», – деп сөзін қорытындылады маэстро.
Қоюшы режиссер – Джанкарло дель Монако, сценограф – қазіргі заманның атақты суретші сценографы Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино, виртуалдық декорацияларды жасаған – Серджио Металли, жарық бойынша суретші – Виничо Кели. «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.
Еске салар болсақ, 14 ақпан күні сағат 19.00-де ХХ ғасырдың атақты хореографы Кеннет Макмилланның «Манон» балеті орын алады. Ал 17-18 ақпан күндері сағат 18.00-де өтетін Морис Жаррдың «Париж Құдай анасының соборы» балет спектаклімен гастрольдік сапар өз мәресіне жетеді.