Жаңалық

АЛМАТЫ ЖӘНЕ АҚТӨБЕ ЖАСТАРЫ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА БАС ҚОСТЫ

Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингіне қатысты.

Игі дәстүрге айналған Елбасы кітапханасының іс-шарасына жастар риза. Алған әсерлерімен олар әлеуметтік желіде келесідей пікір арқылы белсенді бөлісіп жатыр:

– Елбасының идеялары мен бастамаларын бұқаралық ақпарат құралдарынан байқап жүргенімізбен, олардың өзектілігі мен маңыздылығын екі күндік семинар-тренинг аясында ғана терең ұғына алдық. Қабылдауға жеңіл, ойға қонымды ақпаратқа қол жеткіздік. Бұл үлкен қуаныш, – дейді Бауыржан Әбдусаттар.

– Болашаққа жол өзіңнен басталады. Бұл – семинар-тренингтің атауы ғана емес, мен ұстанатын өмірдің басты қағидасы. Бұл ұстанымның дұрыстығына іс-шара барысында көз жеткізіп, іштей қуандым. Елбасымыздың салып берген дара жолы, жастарға жасаған қамқорлығы, сондай-ақ биылғы жылдың «Жастар жылы» деп жариялануы мақсатымның айқындалып, бағытымның белгіленуіне себепкер болды. Осы тұста семинарды ұйымдастырған Елбасы кітапханасының ұжымына үлкен алғысымды айтқым келеді, – дейді Гүлназ Шәріпова.

– Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек ету – әркімнің міндеті. Кез келген мықты мемлекет жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешек іргетасын қалау үшін ең алдымен ел жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек. Елбасымыз дәл осы бағытта көптеген жұмыстар . Бүгінде әрбір жастың алаңсыз, білім нәрімен сусындауына барынша жағдай жасалған. Нұрлы болашақтың даңғыл жолында шабысы қатты тұлпардай жүйткіген Қазақстанның жастары текті ұлттың ұрпақтары екеніне келер күн мен атқан таң бірден-бір куәгері болмағы сөзсіз, – дейді Ғазиза Қалжан.

– Елорда сұлулығына тамсануды қоя алар емеспіз. Бізді тәнті еткен ғимараттардың атауын келтіретін болсақ санағы жоқтай. Соның бірі және бірегейі – Елбасының кітапханасы. Шыны керек, бұл менің ауқымды іс-шараларға алғаш қатысуым. Өз басым Қазақстан тарихына өте қатты қызығамын. Кітапхана таныстырған тарихи, құнды дүниелерді көру естен кетпес сәттерге айналды, – деп Рано Майсанова Елбасыға келесідей өлең жолдарын арнады:

Өзіңізге арналар жақұт жырым,

Елбасы – көш бастаған кемеңгерім.

Тұп-тұнық сезімдерден бастау алған

Жыр кептер, жапырақ жүрек өлеңдерім.

Сара жолда, жол сілтеп, жолын берген,

Жастардың жақын досы, кемеңгерім.

Көк жиегін көрсетіп Мәңгі Елдің

Ертеңі үшін еліңнің елеңдедің.

Елбасым – елі сенген ел тірегі,

Тереңнен тамыр алған бәйтерегі.

Ел үшін Күлтегіндей көз ілмеген

Аман болсын Елбасының әз жүрегі!

Дәрістер мен тренингтерден кейін студенттер «Астана жастары» КММ еріктілер қозғалысын дамыту жөніндегі бөлім жетекшісі Эльвира Есмұхановамен кездесті. Көптеген әлеуметтік, экологиялық жобаларға қатысқан мейман Ақтөбе мен Алматы жастарына еріктілер қозғалысының артықшылықтары мен мүмкіндіктерін баян етті. Өз сөзінде ол студенттерді қиындықтардан жасқанбай, мақсатқа қол жеткізуде белсенді, батыл болуға шақырды.

Іс-шара соңында жастар екі күндік семинар-тренингтің тәмамдалғанын растайтын сертификаттар мен естелік сыйлықтармен марапатталды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button