Жаңалық

Алматы мемлекеттік қуыршақ театры жеңімпаз атанды

Халықаралық байқауда топ жарған Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының қоржынында кезекті жүлде!

Әсіресе соңғы бірнеше жылда өзінің жаңашыл ізденістерімен кішкентай көрермендердің рухани кемелденуі жолында есепсіз тер төгіп келе жатқан ізденгіш ұжымның шығармашылық аяқалысы мен қарымы бүгінде елден асып, алыс-жақын шетелді де мойындатып, ұлт мерейін асырып жүр. Оның және бір жарқын дәлелі – талантты театр труппасының Қырғызстанның «Эргуу-2021» ұлттық театр жүлдесін еншілеуі.

Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған өнер байқауына Ш.Айт­­матовтың қуыршақтар тілін­де сөйлеген «Ана – Жер-Ана» қойылы­мымен қатысқан өнерлі ұжым қазылар алқасының жоғары бағасын алып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Жыл сайын театр саласының үздіктерін анықтайтын ұлттық театр бай­­қауының іріктеу кезеңі биыл онлайн форматта өтті. Ұжым «Қырғыз авторының шығармасын ең үздік сах­налаған шетелдік театр» аталымы бойынша сынға түсті. Қойылым «Адам­заттың Айтматовы» атанған қарымды қаламгердің «Құс жолы» повесінің негізінде Дина Жұмабаева режиссурасымен 2018 жылы сахна көріп, қуыршақ театры әртістерінің өзге қырын ашып, сахнада соны ізденіс іздерін көрсетуіне кең жол ашқан болатын. Нәти­жесінде қазақстандық театр дүлдүлдер аламанында үздік деп танылып, Қырғызстан Рес­публикасының ұлттық театр жүл­десіне ие болды. Марапатты Қырғызстан Республикасының Мәдениет министрі Қайрат Иманәлиев пен Қырғызстан театр қайраткерлері ода­ғы­ның президенті Жаныш Құл­мамбетов тапсырды. Жа­рық көргелі бірнеше халық­аралық театр фести­валь­дер­дің бәсекесінде топ жарып жүрген спектакльдің күл­лі адам­­затқа айтар ойы, көр­кемдік құндылығы замана алға жыл­жыған сайын артпаса, титтей де кеміген емес. Оған айтулы қойылымның мерейлі мезеті куә.

Иә, бүгінде жаңа бағыт­қа батыл бет бұрып, тосын тәжірибелер жасау­дан жас­қанбайтын Мем­лекеттік қуыр­шақ театры өз репертуа­рынан әлем және қазақ әде­биетінің таң­дамалы туындыларына кеңінен орын беріп, жемісті еңбек етуде. Әлбетте, өзге де өнер ошақтары се­кілді әлемді шарпыған ін­дет­­­тің әртістер ізде­нісіне ай­­­­тар­лықтай кедергісін кел­­­тір­геніне қарамастан, Қу­ыршақ театры өзінің шы­ғар­машылық қарымын тит­тей де бәсеңсіткен емес. Оның айқын дәлелі – ұжым бір жыл ішінде ересектерге арналған «Өмір-өзен», «Макбет.Ил­люзия» қойылымдарын сахна төріне шығарса, «Күлше қыз», «Қас­қыр мен жеті лақ» және «Үйшік» ертегілері кіш­кентай көрермендер үшін тамаша тарту болғаны сөзсіз.

Тек қуыршақ өнерінің ғана емес, тұтас қазақ театрының мерейін өсіріп, мәртебесін асқақтатып, жеңісті жүлде­лер қатарын көбейтіп келе жатқан театр­дың шығармашылық қарқыны бү­гінде шын мәнінде көңіл қуантады. Атап айтсақ, талантты труппа жыл басында Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің (IUTC) үш бірдей аталым бойынша тағайындаған жүлдесін еншілеп, қанжыға майласа, одан бөлек халықаралық деңгейдегі бірнеше театр фестиваліне де шақырту алып үлгерді. Мұның барлығы кішкентай көрерменнің көркем танымын қалыптастыру жолында қалт­қысыз еңбек етуші ұйымшыл ұжы­мының өрелі өнерінің жемісі екені сөзсіз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button