Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа сұрақ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын тұжырымдай келе, «Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндік беріліп отырғандығын» қадап айтты. Осы жолда ол әсіресе жас ұрпаққа үлкен үміт пен сенім артып, оларды жаңғыру жөніндегі бағдарламада айтылған ұсыныстардың мазмұн-маңызын терең түсінуге, мұқият зерделеуге шақырды. Яғни, жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы болмақ. Осы ретте, Ruh.kz порталының Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевпен осы тақырыпта өрбіген сұхбатын оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.
Ruh.kz: Құрметті, Бақытжан Әбдірұлы, жалпыхалықтық тағылымды ілімге айналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасында Тұңғыш Президентіміз Біртұтас Ұлт болудың бағдарларын ұсынып, оның мақсат-міндеттері мен талаптарын орындауда жас ұрпаққа үлкен сенім артқаны белгілі. Осы ретте, Сіз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын мектеп оқушысына қалай түсіндірер едіңіз?
Бақытжан Сағынтаев: Жаңа тарихи кезеңге қадам басқан еліміз үшін тағылымдық маңызы зор бұл бағдарламаның берері көп. «Рухани жаңғырудың» әр бағдары, әр жолы – ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың өнегесі. Сол өнегені жастардың санасына сіңіріп, ұлттық кодты, мәдениетімізді, қасиетті салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, одан әрі дамыту – қастерлі парыз. Жалпы өскелең ұрпаққа, оның ішінде тұлға ретінде енді ғана қалыптасып келе жатқан мектеп оқушыларына «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-мағынасын, мақсаты мен міндеттерін кеңінен түсіндірудің маңызы зор.
Елбасының сындарлы саясаты мен ел халқының береке-бірлігінің арқасында еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ биік белестерді бағындыра бастады. Бүгінгі Қазақстан – әлем картасында шекарасы айқын, ұлттық валютасы, мемлекеттік рәміздері мен Ата Заңы және ең бастысы халқы сайлаған басшысы мен бақытты тұрғындары бар тәуелсіз мемлекет. Оған қоса еліміз тұрақтылықты, ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтауда әлем халықтарына үлгі болуда. Азғантай ғана уақытта Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етумен қатар, Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі атандық, дамыған 50 елдің қатарына ендік. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып сайланып, кеңес жұмысына төрағалық еттік. Халықаралық қауымдастықтың шынайы қолдауына ие болдық.
Бірақ, осының бәрі оңай келе салған олжа емес. Бүгінгі жастарымыз төл тарихымызбен етене таныс. Ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын туған жеріміздің ұлан-ғайыр аумағын қорғап қалған ата-бабаларымыз бізге ерлік пен елдіктің, өрліктің, қайсарлық пен даналықтың өнегесін көрсетіп кетті. Елбасы айтқандай «Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей ұрпағына мирас етті». Міне, көрсетер жолы, үйретер ілімі мол, үлгі-өнегеге толы осы том-том тарихымыз бен бүгінгі қолда барымызды бағалай білгеніміз абзал. Жастарымыз болашаққа жасайтын әр қадамын білім мен біліктілік аясында ғана емес, осы тарихи-тәлімділік тұрғыдан да бағамдай білуі керек. Ол үшін бізге ең алдымен рухани білім, рухани байлық, рухани жаңғыру қажет.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының кіріспесі «Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты» деп басталады. Яғни, бүгінгі заманның беталысы ғаламдық деңгейдегі бәсекелікке, технологиялық төңкеріске, инновациялық ғылымның басымдыққа ие болуына алып келе жатыр. Біздің жастарымыз мұны жете түсініп, соған сақадай сай, дайын болулары керек.
Күн сайын дүниені дүр сілкіндірер жаңалықтары көп ғаламдық жаһандану кезеңі, кейде күрделі емтихан секілді болып көрінгенімен, Елбасымыз одан да сүрінбей өтудің даңғыл жолын көрсетіп беріп отыр. Мақалада формула іспетті жаттап, санаға құйып алар 6 негізгі бағыт (Бәсекелік қабілет; Прагматизм; Ұлттық бірегейлікті сақтау; Білімнің салтанат құруы; Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы; Сананың ашықтығы) пен 6 бірдей ортақ міндетіміз, іске асырылатын жобалар (Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру; Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық; Туған жер; Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы; Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет; Қазақстандағы 100 жаңа есім) жік-жігімен көрсетілген.
Бұлардың ішінде мектеп оқушыларына, жалпы жастарымызға ең қажетті бағдарлар – сананың ашықтығы, білімнің салтанат құруы және бәсекеге қабілеттілік.
Біздің мақсатымыз – алдыңғы қатарлы елдермен иық тірестіру, үздіктердің қатарында болу. Біз дамыған елдер меңгерген ғылым мен білімге, техника мен технологияға, нарыққа сай қалыптасқан кәсіпке қол жеткізуіміз керек. Бірақ, өзгенің тілі мен дінін, мәдениеті мен өнерін түгелдей бойымызға сіңіріп алу – өзгеге қызмет ету екендігін үнемі есте сақтаған жөн. Қазақ болып туылу және қазақ болып өмірден өту мақтануға тұрарлық дүние. Өйткені, біздің тарихымыз терең, тіліміз бай, дініміз асыл, діңгегіміз мықты. Фундаментіміз аңыз-әңгімелеріміз бен ертегілерімізден, әсем әніміз бен күйімізден, қанымызға сіңген салт-дәстүрімізден және соған деген сүйіспеншіліктен, үлкен махаббаттан құралса, онда қай биікке көтерілсек те құлап кетпесіміз анық.
Қандай білімнің де бастауы мектеп қабырғасында жатыр. Жастарымызды еліне-жеріне қызмет етер тұлға етіп қалыптастыратын тәрбие де мектепте беріледі. Өскелең ұрпақ туған жері мен өскен өлкесіне, ауылы мен қаласына жүрегі елжіреп тұратын нағыз патриот, білімді әрі еңбекқор болғанда ғана біз әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарында, тіпті, одан да ілгері болатынымыз айқын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының түпкі мақсаты – міне осылар. Бұл ретте, мен де қаламыздың, еліміздің жастарына, мектеп оқушыларына үлкен сенім артамын және олар біздің мақтанышымызға айналады деп үміттенемін.
«Ұлттық бірегейлік пен бағдарлы білім ұлттық сананың ашықтығы мен бәсеге қабілеттілігіне жол ашады!»
Ruh.kz: Тарихи-мәдени мұраларды насихаттау бағытында шаһарда қолға алынып жатқан шаралар жөнінде де айта кетсеңіз?..
Бақытжан Сағынтаев: Жоғарыда атап өткеніміздей, еліміз тарихи қазынаға, рухани мұраға өте бай. Көне шаһар – Алматы өзінің табиғи климаттық жағдайының аса қолайлығына байланысты мыңдаған жылдар бұрын да көшпелі халықтардың рухани және мәдени орталығы болғандығын тарихтың өзі дәлелдеп отыр.
Сақ дәуірінен біздің заманымызға дейін жеткен бірегей ескерткіш – қаламыздың солтүстік батыс аймағында, 430 гектар аумақта орналасқан – «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркі соның айқын көрінісі деп айтуға болады. Бұл тарихи нысан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген. Киелі нысанды сақтау және кеңінен насихаттау мақсатында, біз «Сақ мәдениеті орталығын» салу бойынша жұмыстарды қолға алдық. Оның эскиздік жобасы және жобалық сметалық құжаттамасы әзірленді. Орталықта ашық аспан астындағы музей, көпкешенді зал (концерттік және көрме техникасымен жабдықталған), конференция және мультимедиялық зал, кәдесый мен медиатека дүкені, археология музейі, заманауи құрылғылармен жабдықталған реставрациялық шеберхана және қаламыздың туристік тартымдылығын арттыратын тағы басқа да түрлі нысандар салу көзделген.
Қазірдің өзінде археологиялық парк аумағында ерте сақ тайпасы үйлерінің макеті мен қолданған бұйымдарының көшірмелерін көруге болады. Жыл басынан бері тарихи нысанмен танысу және тамашалау экскурсиясына 46 мыңнан астам мектеп оқушылары мен 14 мыңнан астам колледж студенттері қатысты. Мұнда жыл сайын «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этникалық фестивалін өткізу игі дәстүрге айналған. Фестиваль ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүрлерді, түркі әлемінің спорт ойындарын насихаттауға және өскелең ұрпақтың ұлттық өнерге, тарих пен мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Дәстүрлі іс-шараға еліміздің өнерпаздарымен қоса, Венгрия, Моңғолия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Башқұртстан, Тыва, Дағыстан, Саха, Алтай, Қалмақиядан және т.б. түркі елдерінен келген өкілдер қатысады. Мұнда түркі елдерінің дәстүрлі ән мен күйін, салт-дәстүрін, жауынгерлік өнері мен ұлттық спортын тамашалап, ас мәзірінен дәм татқан көрермендер (олардың саны 30-40 мың адамға дейін жетеді) ерекше әсермен қайтады.
Алматы қаласының тарихи және мәдени ескерткіштерінің бірегейі – Райымбек батыр кесенесі де киелі нысандар қатарында. Кесене келбетінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында әкімдік тарапынан реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Алдағы уақытта Райымбек батыр кесенесінің туристік тартымдылығын арттыру үшін кесене аумағынан «Райымбек батыр музей-кешенін» (2 түнеу және намазхана салу) құру жоспарланған.
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің қалыптасу тарихын, құрылымы мен зерттелуін жан-жақты ашып сипаттау мақсатында «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі» түрлі-түсті фотоальбомы және ұлт ұстазының өмірбаяны мен еңбек жолын суреттейтін «Ахмет Байтұрсынұлы» фотожинақ-кітабы шығарылып, қалың оқырманға ұсынылды. Сондай-ақ, Вознесенск Кафедралды соборында жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жалпы республикалық маңызы бар киелі нысандардың тізіміне Алматы қаласының аумағында орналасқан 6 нысан еніп отыр. Олар: «Тәуелсіздік» және «Тәуелсіздік таңы» монументтері, бұрынғы Үкімет үйі (қазіргі Қазақ-Британ техникалық университеті), Райымбек батыр кесенесі, Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі, Вознесенск Кафедралды шіркеуі, «Боралдай Сақ қорғандары» археологиялық паркі. Бұдан бөлек, Алматы қаласының жергілікті маңызы бар киелі жерлерінің тізімінде 9 нысан бар.
Аталған киелі нысандар мен қаланың көрікті жерлерін танымал ету және киелі жерлерге туризм инфрақұрылымын құру бойынша бүгінде әкімдік нақты шараларды жүзеге асыруда. Мәселен, жаз айларында Алматы тұрғындары мен қонақтарына, оның ішінде шетелдік меймандарға арналып, қала аумағында орналасқан киелі нысандармен кеңінен танысуға мүмкіндік беретін арнайы туристік маршрут іске қосылды. Туристік көліктер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде экскурсия жүргізетін аудио-гидтармен жабдықталып, арнайы 2 бағытта: Республика алаңы (Тәуелсіздік монументі және Тәуелсіздік таңы), Бұрынғы Үкімет үйі (қазіргі Қазақ-Британ техникалық университеті), Вознесенск Кафедралды шіркеуі, «Боралдай Сақ қорғандары» археологиялық саябағы, Медеу шатқалы және шаһардағы тағы басқа да киелі нысандар бойынша экскурсиялар ұйымдастырылды.
Қалалық әкімдіктің және жергілікті «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен жазғы демалыстарын тиімді пайдалану үшін оқушыларға арналып Алматы музейі, Д.А. Қонаевтың мемориалды пәтері, Ахмет Байтұрсыновтың музей-үйі, Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық мұражай-үйі, Вознесенск кафедралды шіркеуі, Райымбек батыр кесенесі, Боралдай сақ қорғандары археологиялық паркі, бұрынғы Үкімет үйі, Қарағайлы паркі сынды орындарға 8 күндік танымдық-мәдени экскурсиялар ұйымдастырылды. Туған өлкенің, Алматы қаласы аумағының тарихи-мәдени мұраларымен танысу жобасына әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан 2 000-нан астам мектеп оқушылары қатысты.
Сонымен қатар, жаз айларында дәстүрлі түрде «Жас археологтар» мектебі танымдық жобасы жұмыс жасап келеді. Мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану және патриоттық сезімге тәрбиелеуге бағытталған жоба бойынша олар ортағасырлық Рахат, Қастек қалашықтарында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарына қатысты. Қазба жұмыстары барысында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкерлері тарапынан балаларға қазба жұмыстарының орны, өлкедегі ортағасырлық қалашықтар туралы және археология ғылымының қыр-сыры жайлы дәріс өтті. Балалар археологиялық қазба жұмыстарында аршылған жәдігерлерді көздерімен көріп, қолмен ұстап, тарихи қалашықтың өткенін зерттеп, зерделеуге тікелей қатысты.
Бұдан басқа, тарлан тарихтың куәсі болған ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді, спорт ойындары мен салт-дәстүрімізді насихаттайтын этникалық фестивальдер, концерттер мен көрмелер, оқушыларға арналған байқаулар т.б. көптеген шаралар жыл сайын өткізіліп тұрады.
Мәселен, былтырғы жылы мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан тұңғыш рет Алматыда ұйымдастырылған «Тұлпар мініп, ту алған» әдеби және тарихи-танымдық байқауы биыл республика көлемінде жалғасты. Жеңімпаз оқушылар мен олардың мұғалімдері қомақты қаржылай марапатқа ие болды.
Алматы қаласындағы республикалық киелі нысандарды кеңінен насихаттау аясында бейнероликтер әзірленіп, қалалық телеарна мен «Facebook», «Instagram» секілді әлеуметтік желілердің «Рухани жаңғыру Алматы» парақшасында жарияланды. «Алматы ақшамы», «Вечерний Алматы» басылымдарында, интернет-ресурстарда тақырыптық мақалалар жарық көрді. «Алматы» телеарнасы мен қалалық басылымдарда осы бағдарға сәйкес арнайы айдарлар ашылған.
Ruh.kz: «Рухани жаңғыру» бағдарламасының және бір маңызды бағдары – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
Бақытжан Сағынтаев: Бұл жоба қазіргі заманға сай мәдениетіміз бен өнерімізді, ақын-жазушыларымызды, әндеріміз бен билерімізді, әншілеріміз бен әртістерімізді, кино туындыларын, мәдени жетістіктерімізді әлем халықтарына таныстыруымызға, дүние жүзінің үздік шығармашылық қауымымен теңесуімізге мүмкіндік береді, жалпы өркениеттілер мәдениетіне жол ашады.
Алматы еліміздегі мәдениет пен өнердің, ғылым мен білімнің, туризм мен бизнестің ең ірі орталығы. Мұны мектеп оқушыларына дейін біледі. Содан кейін де көпшілігі мектеп бітіргеннен кейін арман жетелеп Алматыға келеді.
Қалада 400-ге жуық мәдениет орындары, оның ішінде мәдениет ұйымдары мен мекемелері, мұражайлар мен театрлар, киелі нысандар мен ескерткіштер бар. Жыл басынан бері 190 мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылып, 2 миллионға жуық адамды қамтыды.
Ай сайын қала мұражайлары мен бір кездері ұлт зиялылары тұрған мемориалдық пәтерлерде тақырыптық көрмелер, концерттік шаралар мен қойылымдар ұйымдастырылып, ашық есік күндері өткізіліп тұрады. «Музей түні» жобасы ұтымды іске асуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске қосылған кезден бастап жыл сайын «Star of Asia» халықаралық музыка фестивалі жоғары деңгейде өтуде. Фестиваль күндері алыс-жақын шет мемлекеттерден, Азия елдерінен, тіпті АҚШ пен Ресейден келген танымал әншілер, алматылықтардың мақтанышына айналған «Медеу» мұз айдыны алаңында көрермендерге керемет концерт, мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
Мәселен, биыл бұл шараға жастарға кеңінен танымал МОТ, НАZИМА, Dan Balan, оңтүстік корей әншілері, бойзбенд PENTAGON, Таиландтан келген Golf Pichaya, OUTLANDISH тобы, Түркиядан Джема Белеви және еліміздің әншілері Беркут пен Аиша, Айдана Меденова, Төреғали Төреәлі, Мадина Сәдуақасова мен Ninety One тобы қатысты. Ауқымды шара әлемнің 118 елінде тікелей эфирде көрсетілді.
Сол секілді халықаралық аренада еліміздің беделін көтеруге, қазақстандық заманауи мәдениетті жаһандық ілгерілетуге және Қазақстанның, оның ішінде Алматы қаласының сұлу келбеті мен тамаша табиғатын шет елде насихаттауға бағытталған бірегей шара – 31 телеарнада екі жыл қатарынан ұйымдастырлған «I’m а Singer Kazakhstan» халықаралық телевизиялық жобасы болды. Аталған іс-шараларды ұйымдастыру арқылы біз көптеген шет елдерге мәдениетімізді, өнер жұлдыздарын және ең бастысы – ару қала Алматының ажары мен көрікті келбетін таныстырдық. Қаламызға, елімізге келетін туристер санының артуына да ықпал еттік.
Сонымен қатар Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры ұжымының, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің, Мемлекеттік қуыршақ театрының, тағы да басқа көптеген мәдениет ошақтарының шетелдерге гастрольдік сапарлары ұйымдастырылып тұрады. «Қазақстан Камератасы» классикалық музыка ансамблінің сүйемелдеуімен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі және Түркістан-Сібір теміржолы магистралінің тарихы туралы сыр шертетін «Түрксіб» деректі фильмі Лондонда көрсетілді. Францияда өткен «Art Paris» бүкіләлемдік көрмесінде қаншама шетелдік өнер сүйер қауым алматылық суретшілердің өнеріне тәнті болып, керемет туындыларын тамашалады.
Ruh.kz: Еліміздің аты аңызға айналған батырларының, ақын-жазушыларының, ұлт мақтанышына айналған талантты тұлғаларының көпшілігінің өмірі мен шығармашылығы Алматы қаласымен тығыз байланысты… Өңірдің мақтан етер батырлары мен мектеп оқушыларының замандастары туралы айтсаңыз?
Бақытжан Сағынтаев: Алматы миллиондардың кіндік қаны тамған туған жері, ес білгелі өскен өлкесі, жанұя құрып, тамырын кеңге жайған ыстық ұясы. Алматының орны кімге болса да ерекше.
Алматы – тек өзінде туып-өскен азаматтардың ғана емес, сонымен қатар еліміздің түпкір-түпкірінен арман арқалап келіп, асуларды бағындырған, қарапайымнан асылдарға жеткен қалың жұртшылықтың қаласы. Талай тағдырды табыстырып, жалғыз жандарды қауыштырған, қаншама жастың көкірек көзін ашып, нағыз өмірге қанат қақтырған қала. Жастық пен қарттықтың, жомарттық пен мәрттіктің куәсі болған, тамаша табиғаты тамсандырып, сал-серілерге ән салдырған көрікті де құтты мекен. Қалада әсіресе жастардың қалыптасуына мүмкіндік мол. Республика бойынша ең үздік білім ордалары да осында.
Жалпы білім саласындағы нәтиже – бұл баланың алған білімін сабақта ғана емес, сонымен қатар оларды түрлі зияткерлік сайыстарда көрсету қабілеті. Қалалық мектеп оқушыларының түрлі халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардағы, зияткерлік байқаулардағы жетістіктері қуантады.
Биыл алматылық оқушылар 28 түрлі зияткерлік және шығармашылық конкурстарда бақ сынады. 358 оқушы халықаралық, республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобалар конкурстарында 90 алтын, 126 күміс, 142 қола медаль алып, жүлделі орындарға ие болды.
Алматылық оқушылар 17 жыл бойы республикалық ғылыми жобалар байқауларында командалық бірінші орынды иеленіп келеді. 11-сынып оқушылары арасында 6 жыл қатарынан Президенттік олимпиадада, сондай-ақ республикалық олимпиадада қала командасы «Үздік команда» атанды.
Ағымдағы жылғы 12-22 шілде аралығында Бат қаласында (Ұлыбритания) математикадан 60-шы Халықаралық олимпиада өтті, оған 112 елден 621 оқушы қатысты. Қазақстаннан 6 оқушы қатысып, оның 5-уі жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде төрт оқушы Алматы қаласынан, олар 2 күміс (Белялов Шыңғыс, Шынтас Нұртас) және 2 қола (Мұханбетияр Қасым, Зиманов Әлихан) медальға ие болды.
Білім-инновация лицейінің 10-сынып оқушысы Тұрсынбай Дінмұхаммад информатика пәнінен 2019 жылғы республикалық олимпиаданың жеңімпазы, 15-ші Халықаралық Жәутіков олимпиадасының күміс жүлдегері (Қазақстан, Алматы), «Туймада» халықаралық олимпиадасының күміс жүлдегері (Саха Республикасы, Якутия).
№28 мектеп-лицейінің түлегі Тимур Рыспеков АҚШ пен Канадада өткен халықаралық жарыстардың алтын медаль иегері. Сондай-ақ «Microsoft Imagine Cup-2018» халықаралық жарысында (Майкрософт имэджен Кап-2018) «үздік инновациялық жоба» номинациясында 1-ші орынға ие болды.
Тимур Рыспековтың туындысы Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдері қатысушыларының ұсынған жұмыстары арасындағы үздік инновациялық жоба деп танылды. Ол физика, информатика, математика саласындағы патенттер және авторлық құқықтармен қорғалған 32-ден астам жобаның авторы. Мектеп қабырғасында жүріп «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды. 2019 жылы Forbes-тің «30-дан 30-ға дейін» жобасына енген Тимур бүгінде Массачусетс технологиялық институтының студенті.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы қатарында №159 гимназияның түлегі, музыка әлеміндегі құбылыс деп танылған ең жас мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Рахат-Би Әбдісағин да бар. Жас талант музыкалық шығармашылығынан бөлек, ағылшын, итальян, испан тілдерінде еркін сөйлеп, француз, неміс тілдерін меңгеруді мақсат еткен. Италияның Рим қаласында 1585 жылы Рим папасының ықпалымен ашылған Санта-Чечилия музыка академиясының докторантурасына қабылданған ең жас, әрі ең алғашқы қазақстандық.
Өнер саласындағы мақтаныштарымыздың бірі де бірегейі – Данэлия Тулешова. Қ.Сәтпаев атындағы №56 мектеп-гимназиясының оқушысы, жас әнші. «Голос. Дети» вокалдық талант-шоудың төртінші маусымының жеңімпазы.
2018 жылы Данэлия «Халық сүйіктісі» мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Ресей Президентінің қолдауымен ұйымдастырылған музыкалық майталмандар конкурсында 1000 сарапшының дауыс беруімен «BraVo» музыкалық сыйлығының иегері атанды. «Еуропа үміті» халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Бүгінде «You Tubе» арнасында Данэляның орындаған әндерін миллиондар тамашалайды.
Осы секілді әлеуметтану, жаратылыстану, лингвистика, тарих және тағы да басқа пәндерден, сондай-ақ спорт саласында жоғары жетістіктерге жетіп жүрген жас дарындарымыз өте көп.
Қалалық мектеп оқушыларының жетістіктері жоғары зияткерлік, шығармашылық әлеуеттің бар екендігін дәлелдейді және басқа да балаларды биіктерге ұмтылуға шабыттандырады. Олар – біздің болашағымыз, мақтанышымыз!
Ruh.kz: Сұхбатыңызға рақмет! Еңбегіңізге жеміс, мәдени астанамызға толағай табыстар тілейміз!
Ескерту: сұхбат Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз бөлімінің көмегімен дайындалды.