Жаңалық Редакция таңдауы

Алматыда ортақ түркі әліпбиінің интеграциялық рөлі талқыланды

Алматы қаласында «Ортақ түркі әліпбиінің интеграциялық рөлі: ғылыми және әлеуметтік қырлары» атты халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: Түркі Академиясы

Алқалы жиынды Түркі Академиясы Түркі мемлекеттері ұйымы хатшылығының қолдауымен және Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих Жоғарғы Кеңесі, Түрік тілі қоғамы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Конференцияға Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдерінің белгілі тіл мамандары мен жетекші ғылыми ұйымдарының сарапшылары, сондай-ақ Әзірбайжан және Қазақстан Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатия миссия өкілдері қатысты.

Конференция алдында қонақтар Әл-Фараби мұражайын, кітапхана залын, «Ұлы даланың жеті қыры» экспозициясын, ғылыми жетістіктер көрмесін және БҰҰ жаһандық хабын тамашалады.

Конференция барысында түркі әліпбиінің ортақ стандартын жасау жұмыстары және оның интеграциялық рөлі талқыланып, қатысушы елдердің мемлекеттік тіл саясаты жөнінде ой-пікірлері ортаға салынды. Сондай-ақ әліпбидегі бірлікке жетудің мүмкіндіктері мен алдағы қадамдар айқындалды.

Шараның ашылу салтанатында Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих Жоғарғы Кеңесінің басшысы Деря Өрс, Түрік тілі қоғамының төрағасы Осман Мерт, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбеков, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров, Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы Бас хатшысының орынбасары Саки Садықов, Қырғыз Республикасының Алматыдағы Бас консулының орынбасары Гульзат Абдрасулова, Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының білім жөніндегі атташесі Айхан Коркмаз құттықтау сөз сөйледі.

Түркі Академиясының президенті Ш.Мұстафаев өз сөзінде конференцияға қатысушыларды 2021 жылы ТМҰ Мемлекет басшыларының VIII Саммитінде қабылданған «Түркі әлемінің келешегі–2040» бағдарламасында көрсетілген ортақ түркі әліпбиі мен терминологиясы бойынша іс-шараларды үйлестіру бағытында өзі басқарып отырған ұйымның атқарған жұмыстары туралы хабардар етті. Академия басшысы бүгінгі күнге дейін жүргізілген зерттеулер нәтижесінде жинақталған тәжірибе әліпбидің ортақ стандарттарын жасау барысында лингвистикалық негіздің маңыздылығын, сонымен қатар әлеуметтік-мәдени факторларды да ескеру қажет екенін атап өтті. Осы орайда ол түркі мемлекеттерінің академиялық орталары ортақ әліпбидің әлеуметтік-мәдени маңызына назар аударуы керектігін және бұл мәселені пәнаралық форматта шешу керек екенін айтты.

Конференцияны құттықтау сөзбен ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев түркі әліпбиінің тарихы мен даму тарихын қоғамдық-гуманитарлық бағытта зерттеу мәдени мұраны сақтаудағы өзекті мәселе екенін атап өтті.

Өз кезегінде Мәлік Отарбаев Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар Президент кеңесшісі биыл 3 қарашада Астанада ТМҰ мемлекет басшыларының кезекті Саммиті өтетінін атап өтіп,  бауырлас елдердің бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі–2040» бағдарламасының бауырластық байланыстарды нығайтуға айрықша септігін тигізерін жеткізді.

Өз сөзінде доктор, профессор Дерья Өрс басқосуға арқау болған мәселелердің өзектілігіне тоқталып, Түркі мемлекеттері ұйымының ортақ әліпбиге деген назары артып келе жатқанын айтты. Ол әліпбиді біріздендіру нәтижесінде біз бір-бірімізді бұрынғыдан да жақынырақ түсініп, тереңірек танитын боламыз деп санайтынын білдірді.

Өз кезегінде доктор, профессор Осман Мерт «біздің ата-бабаларымыз VIII ғасырдан бастап әртүрлі қаріптерді қолданғанымен, олар әрқашан түркі кеңістігінде әліпби бірлігін сақтағандығын» атап өтті.

Оның айтуынша, ғылыми зерттеулердегі кейбір мәселелер жазу саласындағы әріптестікті нығайта түседі. Қазір әлемде болып жатқан оқиғаларды ескере отырып, ортақ әліпбиге қатысты бірыңғай саясатты жасап, оны іске асыру керек.

Пленарлық отырыстан кейін басқосу «Әліпби интеграцияның бағыты ретінде» және «Әліпби, тіл және бірегейлік» тақырыптары аясындағы панельдік сессиялар форматында жалғасты.

Қатысушылар конференцияның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ортақ пікірге келді. Айтылған ұсыныстар қатысушы елдердің тіл саясатын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен ғылыми мекемелердің, сондай-ақ ТМҰ Ақсақалдар кеңесі Президиумының назарына жолданатын болады.

Конференцияға қатысқан ғалымдар 2023 жылғы 29 мамырда Астана қаласындағы жиында қабылданған Ортақ әліпби жөніндегі комиссия жұмысының мақсаттары мен қағидаттарын, сондай-ақ Түркі әлемінің ортақ әліпбиі жөніндегі комиссияның бірінші отырысының Қорытынды декларациясын қолдайтынын растады.

Отырыс соңында конференцияға қатысушылар талқыланған сұрақтар бойынша қорытынды декларация қабылдады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button