Алматылық студенттерге онлайн бейнеконференция өткізілді
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске асырылып жатқанына биыл үш жыл толды. Осы уақыт аралығында елеулі жұмыс атқарылып, нақты жобалар жүзеге асырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы да осы бағдарламамен сабақтастық танытып отыр.
«Бағдарлама заманауи қазақстандық мәдениет, озық білім, ғылыми-зерттеу, археология және басқа да түрлі бағыттардың дамуына едәуір серпіліс берді. Қазіргі таңда 6 бағыт бойынша 13 арнайы жоба іске асырылды.
Білім және ғылым министрлігі білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына патриоттық білімділік, бәсекеге қабілеттілік, функционалдық, ұлттық код сияқты тәрбиелік элементтерді қамти отырып, тәрбие компонентін енгізу жөнінде шаралар ұйымдастыруда. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде аталмыш бағдарлама бойынша кешенді шаралар іске асырылуда. Осы бағыттағы шаралардың бірі ФМФ, физика кафедрасының ұйымдастыруымен 2020 жылғы 9 Сәуір күні сағат 14:00-де «Ұрпағы өнегелі елдің өресі кең» тақырыбымен қалалық бейне конференция өткізілді.
Бейнеконференция online meeting форматында ZOOM платформасында онлайн түрде өтті. Қатысушылар алдын ала берілген идентификатор коды арқылы https://.ZOOM.us/ платформасына тіркелді.
Аталмыш шара «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының үш жылдығы аясында «Ғылым күніне» орай ұлттық тәрбие мен саналы оқытуды кіріктіре отырып, студенттердің патриоттық сана – сезімін дамыту мақсатын көздеді.
Іс-шараның міндеттеріне орай өнегелі ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу, болашақ ұлт тәрбиешілеріне ұрпағымыздың ертеңін ойлауды дәріптеу, өскелеңұрпағымыздың рухани санасына озық өнеге дәнін себу болды.
Алматы қаласының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің қызметкері, журналист Бектұрғанова Еңлік Мұратқызы, университет «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жетекшісі Гаухар Өмірәліқызы Байташева, ЖОО ғалымдары, Д.А.Қонаев атындағы колледж оқытушылары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы, Қазақ спорт және туризм академиясы, Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университеті, КИМЭП университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің белсенді жастары қатысты.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, «Алматы» телеарнасы ұйымдастырған жыр мүшайраларының жүлдегері, Түркияның Елазық қаласында, Қырғызстанның Бішкек қаласында, Әзірбайжанның Баку қаласында өткен түркі мемлекеттері халықараалық фестивальдерінің дипломанты. Қырғыз Республикасының «Молда Бағыш» атындағы әдеби сыйлығының, Түрксойдың «Мақтумқұлы Фраки» медалі лауреаты, халықаралық 1-дәрежелі «Ильһам» сыйлығының, «Мейірім» медалінің иегері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Дәулетбек Байтұрсынұлышараның қадірлі қонағы болды.
«Ұрпағы өнегелі елдің өресі кең» атты шара барысында ұрпақтың өнеге алуына, саналы тәрбиесіне көңіл бөлу, болашақ ұлт тәрбиешілеріне ұрпағымыздың ертеңін ойлауды дәріптеу, жастарымыздың санасына озық өнеге дәнін себуге орай пікірталастар мен ұсыныстар ортаға салынды.
Біздің жастарымыз – болашақ иесі. Бүгінгі еліміздің дамуына бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының міндеттемелері де толықтай жастарымыздың иығына түсері анық. Демек, өскелең ұрпақтың білімін, өнегелігін, біліктілігін, бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін нақты мақсаттарға сай түрлі жобаларды қолға алуымыз керек. Қазақ халқының рухы биіктеп, бәсекеге қабілеттілігі артып, өнері өрлесе, ғылымы өркендей түссе, мәдениеті мен дәстүрі озса, өнегелі жастар қатары көбейсе, еліміздің өресі кеңейері сөзсіз.
Қазақтың көрнекі ақыны Дәулетбек Байтұрсынұлы, география және физика кафедрасының профессорлары білім беру арқылы ұрпақ тәрбиесі жөніндегі өз ойларын ортаға салып, өзекті мәселелерді талқыға салды.
Іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Іс-шара мақсаты, міндеттері мен бүгінгі қарқынды «Рухани жаңғыру» бағыттары нақтыланып айқындалды.
Алматы қаласы,
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі