Алматының қарт тұрғыны Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында 100-ге толды
«Қарты бар үйдің – қазынасы бар».
Алматы облысында 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Күншайым Уәлиқызы 100-ге толды. Ғасыр жасаған ақжаулықты ананың үрім-бұтағы жиналып, туған күнімен құттықтады. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары дүниеге келген ардақты әже бүгінде Шелек ауылында тұрып жатыр. 24 жасында тұрмыс құрған Күншайым Уәлиқызы екі-үш жыл өтпей жатып, жесір қалған. Тағдырдың тауқыметіне мойымай, күйеуі соғыстан оралмаған абысыны екеуі балаларын бір шаңырақтың астында бағып-қағады. Бүгінде сол ұрпақтарынан 60 немере, 100 шөбере мен шөпшек сүйіп отыр. Кейуана бір ғасырлық ғұмырында талай қиын кезеңді бастан кешірген. Ол – ұжымдастыру кезеңінің, ашаршылық пен соғыстың куәгері. Бүгінде өзінен тараған немере-шөберелерінің ортасында әдемі қартаю үлгісін көрсетіп отырған әжей елдің бірлігін, ұрпақтардың амандығын тілейді. Күншайым әжейдің бар тілегі – кейінгі жастардың, ел-жұрттың амандығы. Барлығыңа менің жасымды берсін дейді. Бүгінгі таңда ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ол – немере-шөберелерін қызығы мен қуанышын көріп отырған бақытты жан. Ер жеткен шөпшегінің алды үйленіп келін түсірсе, немене сүюдің де ауылы алыс емес.
Алматы қаласы,
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі