Алты Алаштан алты құрлыққа
Парижде қазақ әдебиеті антологиясының француз тілінде тұсаукесері өтті.
30 қыркүйек күні Париждің бірінші ауданы мэриясында «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылып, жарияланған қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясы антологиясының тұсаукесері өтті. Қазақ әдебиеті жинақтарын француз тіліне аударып, басып шығару жобасы Париждің бірінші ауданы әкімдігі мен елордалық мәдени бірлестіктің қолдауымен жүзеге асырылды. Олардың ұсыныстарына сәйкес, антологияның баспагері, Францияның әйгілі әдебиет баспагері – Мишель де Моль болды. Оның баспа саласында көркем аударма мен әдебиетті насихаттап жүргеніне 30 жылдан астам уақыт болған.
Баспаның бас редакторы, әйгілі француз лингвисі және ақыны Тьерри де Ла-Круаның айтуынша, әріптестерінің басты міндеті – аударманың жоғары көркемдік деңгейін қамтамасыз ету. «Бұған Қазақстанға жасаған сапар барысы мен авторлармен болған тікелей байланыс ерекше көмектесті. Біздің шығармашылық ұжымымыз үлкен жұмыс істеді деп сендіргім келеді және біз бұл нәтижемен мақтанамыз », – деді баспагер.
Тұсаукесерге орталық елордалық үйірменің мэрі Жан-Франсуа Легаре, Париж мәдени бірлестігінің президенті мадам Карла Оригони, Франция академиясының тұрақты хатшысы Элен Каррер д’Анко, әйгілі француз ақыны Вернер Ламберси, сондай-ақ аудармашылар, жазушылар, журналистер және Қазақстанның Франциядағы елшілігінің жанындағы Қазақстан достары клубының мүшелері қатысты. Ал Қазақстан тарапынан онда ҚР Президентінің көмекшісі, «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева, ҚР Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жан Галиев, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек барды.
Аида Балаева өз сөзінде қазіргі қазақ әдебиетінің үлгілерін аудару, жариялау және тарату «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының ажырамас бөлігі болып табылатындығын, оның міндеті –қазақстандық кино, театр, өнер мен музыканы жер жүзіне кеңінен насихаттау екенін ерекше атап өтті. Ол: «Бәрі халық рухынының өзегі болып табылатын әдебиетімізге негізделген. Сондықтан қазіргі 60 қазақстандық автордың таңдаулы туындыларын бір уақытта БҰҰ-ның 6 тіліне аударып, басып шығару біздің бүкіл мәдениетіміз үшін маңызды оқиға болып табылады», – деді.
Француз тілінде ұсынылған басылымдардың барлығы француз тілінде сөйлейтін елдерге жеткізіліп, ірі кітапханалар, университеттер мен академиялық орталықтардың коллекцияларына жіберіледі.
Заманауи қазақстандық әдебиет үлгілерін БҰҰ-ның 6 тіліне аудару «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жоба, өз кезегінде, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған – «Рухани Жанғыру» бағдарламасының ажырамас бөлігі болып келеді. «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының мақсаты – қазақ әдебиетін, музыкалық және бейнелеу өнерін, хореографияны, кино мен театрдың жетістіктерін күллі әлемге таныстыру.
Жоба аясында қазіргі қазақ әдебиетінің екі антологиясы аударылып, жарыққа шықты. Олар: «Қазіргі қазақстандық поэзия антологиясы» және «Қазіргі қазақстандық проза антологиясы». Антологиялардың әрқайсысының көлемі 500 бетті құрайды. Сондай-ақ олардың әрқайсысына 30 қазақстандық автордың жұмыстары кірген.