Алты Алаштың қайсар ұлы - Тұрар Рысқұлов
«Ел үшін туар ер озар» демекші, қазақ халқының маңдайына біткен біртуар тұлғалардың тағылымды өмір жолдары мен көрнекті ерен еңбектері ел тарихының беттерінде алтын әріптермен жазылып қана қоймай, мәдениетіміздің зор, рухани құндылықтарымыздың берік болуына ықпал етуде. Бар өмірін ашық аспан астында ұрпақтарының еркін өмір сүруі жолына арнаған ұлы тұлғалардың есімдері мәңгілік сақталары хақ. Қазақ халқының осындай елін сүйген ер ұлдарының бірі де бірегейі – Тұрар Рысқұлов.
Тұрар Рысқұлов 1894 жылғы 26 желтоқсанда бұрынғы Жетісу облысы, Верный уезі, Шығыс Талғар болысында дүниеге келген. Тұрардың әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы патша билігінің көрсеткен әділетсіздіктерінен көңілі қалып, ХІХ ғасырдың 80-жылдары сонау Сырдариядан Жетісу облысына қарай қоныс аударады. Ал 1904 жылы ызғарлы желтоқсан айында Рысқұл сол кезде ауылды қанап, озбырлық көрсетіп отырған Саймасай Үшкемпіров атты болысты атып өлтіріп, түрмеге қамалады. Кейін маңдайына біткен жалғыз ұлын қасына алдырады. Тұрарға «Түрме баласы» лақап аты беріледі. Жас бала түрме үйлерін сыпырып, түрме бастығының атын бағатын болады. Сол жерде жүріп елгезек бала орыс тілін жетік меңгеріп алады. Дегенмен, Рысқұлға 10 жыл беріледі де, Сахалинге жер аударылады. Ал кішкентай Тұрарға нағашыларының қолына келіп, тұруға тура келеді. Нағашыларына келген Тұрар «Қырғызбаев» атты жалған текпен өмір сүреді. Кейін Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектепте тәлім алады.
1910 жылы Тұрар Рысқұлов Пішпек қаласындағы І-дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебіне оқуға түседі. Ал 1914 жылғы қазан айында аталмыш оқу орнын бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдайды. Тұрар Рысқұлов өзіңіз білімпаздығының арқасында көзге түсіп, Самара қаласындағы орта дәрежелі ауыл шаруашылығы училищесіне түсу үшін арнайы жолдама алады. Дегенмен, аталмыш оқу орнының директоры өзіндік бір себептермен оқуға қабылдамай қояды.
1915 жылы Тұрар Рысқұлов Ташкент қаласындағы мұғалімдер семинариясына құжаттарын тапсырса да, қабылданбайды. Қайсар бала осындай әділетсіздікке көз жұма қарай алмайды да, сол кездегі Оқу министрлігіне арыз жазады. Тек осындай бірбеткейлігінің арқасында арнайы рұқсатпен емтихан тапсырып, оқуға қабылданады.
Тұрар Рысқұловтың еңбек жолы студенттің шағынан бастау алады. Ешкімі жоқ жас бала оқуымен қатар, Ташкент қаласының жанында орналасқан Красноводск тәжірибе алаңында бағбан болып жұмыс атқарады.
Ал 1916 жылы қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталады. Сол кезде Тұрар Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезінде орналасқан Меркі ауылына жол жүреді. Ащы ызаға толы халық пен әскердің қарулы қақтығыстары шарықтай түскен шағына тап болады.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Тұрар Рысқұлов Меркіге қайта оралып, «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. Ал жазда РСДЖП құрамына мүше болып қабылданады. 1918 жылы сәуір айында Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланады. Аталмыш қызметте Тұрар Рысқұлов сол кездегі шиеленісушілік туындаған орыстар мен қазақтардың қарым-ұатынасын реттеу, өткізілетін кеңес отырыстарына өңірлердегі халықтық өкілдерді тарту, халықтың мұң-мұқтажын жеткізу арқылы қорғау жолында бар күш-жігерін салып, жұмыс жасайды. Атап айтқанда, Әулиеата уездік төтенше комиссияны ұйымдастырып, орыстар мен қазақтардың арасындағы өзара шиеленісушіліктердің алдын-алуға, реттеуге, контрибуция ретінде тартылып алынған қазақтардың мал-мүліктерін өздеріне қайтарып бергізуге талпынады. Осылайша ел мүддесі үшін қызмет атқарған Тұрар Рысқұлов Әулиеата уездік кеңесінің құрамы мен жұмыс істеу тәсіліне оң өзгерістер енгізе бастайды.
1918 жылғы 21 сәуірде Әулиеата қаласында Тұрар Рысқұловтың ұйымдастыруымен қазақтардың жиыны өткізіледі. Аталмыш жиынның басты мақсаты – уездік кеңестің мүшелігіне қазақтар арасынан депутаттар сайлау болып табылады. Аталмыш жиынның шешімімен Әулиеата уездік кеңесінің 26 мүшесінің 15-і осы өңірдегі халықтық өкілдерден сайланды.
Сондай-ақ, Тұрар Рысқұловтың бастамасымен Әулиеата қаласы жанында қоғамдық тамақтандыру орындары ұйымдастырылып, 20 мың адамға дейін ашыққан қазақтар тамақтандырылды.
Тұрар Рысқұлов 1918 жылғы шілдеде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитетінің төрағасы лауазымына сайланады. Қызмет барысында Тұрар Рысқұловтың бастамасымен Әулиеата қаласының 52 орыс капиталисі ашаршылыққа ұшыраған халықтың пайдасына 3 млн. сом салық төлейді. Ал 1918 жылғы қыркүйек айында Тұрар Рысқұлов Түркістан автономиялы Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалады. Аталмыш комиссариаттың мақсаты – өңірдегі денсаулық жүйесін қамтамасыз етумен қатар, аштықпен күресу болып табылды. Дегенмен, аталмыш комисариаттың әл-аухаты мен бар күш-қуаты сол кезде орын алған аштықпен күресуге мүлдем қауқарсыз болды. Осы себепті, Тұрар Рысқұлов елді жайлаған аштықпен жүйелі түрде күрес жүргізу мақсатында тұрлі комиссариаттардың өкілдерінен тұратын арнайы ұйым құру қажеттігі туралы бастама көтереді.
1918 жылы қараша айының 28-жұлдызында Тұрар Рысқұлов талап еткен ерекше Орталық комиссия ұйымдастырылады. Ол аталмыш комиссияның төрағасы болып тағайындалады. Ерекше комиссия өзінің жұмыс барысында Түркістан автономиялық республикасының 19 уездері мен қалаларында 923 мың адамға арналған тамақтандыру орындарын ашты.
Ал 1919 жылғы 14 наурызда Түркістан Республикасы кеңестерінің VІІ-съезінде Тұрар Рысқұлов Орталық атқару комитеті төралқасы төрағасының орынбасары болып сайланды.
Осы жылы наурыз айының 14-31 жұлдыздарында Ташкент қаласында Түркістан КП-ның ІІ конференциясы өтеді. Аталмыш конференцияда ОК жанынан Мұсылман бюросын құру туралы шешім қабылданады. Осыған орай Тұрар Рысқұлов Мұсылман бюросы қызметін жандандыру мақсатымен ұйымдастыру, редакция-баспа, мәдени-ағарту және әскери бөлімшелерін құрады.
1919 жылы шілдеде Түркістан Республикасы атқару комитеті Әулиеата және Черняев уездерінде орын алған саяси-әлеуметтік және ұлтаралық қарым-қатынас жайында ақпарат алу мақсатында арнайы комиссия тағайындайды да, жібереді. Тұрар Рысқұлов төрағалық еткен аталмыш комиссия Әулиеата атқару комитетінің мүшелерінің жұмыс сапасына көңілдері толмай, қатаң сынмен қатар, комитеттің таратылғаны туралы хабарлайды. Осыдан кейін аталмыш комитеттің орнына Түркістан атқару комитетінің шешімімен Әулиеата уездік уақытша Революциялық комитет ұйымдастырылады.
1920 жылғы 21 қаңтарда Тұрар Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Тұрар Рысқұлов төрағалық еткен жылдары Орталық атқару комитеті Түркістанның тарихи жағдайы мен ерекшелігін басшылыққа алып жұмыс істейтін органға айналады. Сондай-ақ, сол өңірдегі халықтың құқығын қорғайтын ұйым дәрежесіне ие болады. Сонымен қатар, Тұрар Рысқұлов Түркістан Республиканың Конституциясына сай әрекет ету арқылы орыс шаруаларының қарусыздандырылуына, олардың экономикалық жағдайының жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен теңестірілуіне, орыс шаруалары мен казактардың көшпелі халықтардан тартып алған жерлерін иелеріне кері қайтаруларына қол жеткізеді.
Тұрар Рысқұловтың Түркістан Республикасының егемендігі жолындағы қажырлы күресі – тарих беттерінде мәңгі сақталатын ерлік бейнесі. Ол Түркістан Республикасын түркі тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне айналдыру, саяси-экономикалық, әскери және мәдени мәселелерге қатысты еркіндікке, егемендікке қолжеткізу, халықтың құқығы мен мүддесінің қорғалуы жолында бар күш-жігерін жұмсады.
1924 жылғы 4 ақпан айында РКП(б) ОК шешіміне сәйкес Тұрар Рысқұлов Коминтерн атқару комитетінің құрамына қызметке алынып, Коминтерн атқару комитетінің Орталық-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалады. Сол жылы Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілетті уәкіл болады. Өкілетті уәкіл лауазымында Тұрар Рысқұлов Моңғол Халық Республикасының тұрақты мемлекет ретінде қалыптасуына ерен еңбек сіңіреді. Мәселен, Моңғолия Конституциясының жобасын әзірлеуге атсалысты, сондай-ақ, Моңғолия астанасының атын Уланбатор деп қоюды ұсынды.
1926 жылғы наурызда Тұрар Рысқұлов Қазақстанға оралады да, Қазақ өлкелік БК(б)П комитетінің Баспа бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Ал 19 сәуірде Қазақ өлкелік БКП (б) комитеті қаулысына сай «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы лауазымында жұмыс істейді. 31 мамырда Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланады. Аталмыш лауазыммен қатар, Тұрар Рысқұлов Түрксіб темір жолын салу жөніндегі үкімет комиссиясының төрағасы болады. Осы қызметте жүріп, 6 жылда аяқталуы тиіс Түрксіб темір жолының 3 жылда толығымен пайдалануға тапсырылуын қамтамасыз етеді.
Түрлі лауазым атқарған Тұрар Рысқұлов кәсіби қазақ жұмысшылардың санын арттыруға, қазақ жастарының Ресейлік және шетелдік оқу орындарында тәлім алуға баса көңіл бөледі.
Тұрар Рысқұлов Ф.Голощекиннің «Қазақстанда кіші Қазан» төңкерісін жасау идеясына ашық қарсы шыққан болатын. Сондай-ақ, ол кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жою, Қазақстандағы ашаршылықтың апатынан халықты құтқару жайында И.Сталинге нақты ұсыныстар жасады.
Кисловодск қаласында демалыста болған Тұрар Рысқұлов 1937 жылғы 21 мамырда «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынды. Кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған Тұрар Рысқұлов Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан қайтыс болды. Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза да кеңестік қуғын-сүргінге ұшырап, 18 жыл АЛЖИР-де айдауда болды. Тұрардың ұлы Ескендір түрмеде қайтыс болды. КСРО Әскери коллегиясы Жоғырғы Сотының шешімімен Тұрар Рысқұловтың есімі 1956 жылғы 8 желтоқсанда ақталды.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысының бір ауданы Тұрар Рысқұлов есімімен аталады. Ал Тараз қаласында Тұрар Рысқұлов есімі берілген демалыс саябағы бар. Сонымен қатар, саябақта Тұрар Рысқұловтың қызыл граниттен жасалған ескерткіші қойылған. Аталмыш ескерткіштің авторлары А.Рыспаев және Ю.Баймұқашев. Ал Тұрар Рысқұлов есімі Алматы қаласындағы Басқару академиясына да берілген. Сондай-ақ, көрнекті қазақ жазушысы, мемлекеттік қайраткері Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе», «Қыл көпір», «Жұлдызды көпір» атты романдарында Тұрар Рысқұловтың бейнесі жоғары дәрежеде бейнеленген.