Жаңалық

«Алты Алаштың шайыры...» – Омар Шораяқұлына 140 жыл

“Рухани қазына” бағытының “Ұлттық  мәдениет” жобасының аясында жыр елі атанған Сыр елінде күллі алты Алаштың айбынын асқақтатқан, қазақ елінің аяулы ақыны Омар Шораяқұлының 140 жылдығына арналған «Алты Алаштың шайыры…» атты жыр кеші өтті.

Жыр кешін Қазақстанның  көзі тірі жыршы-жырауы Алмас Алматов жүргізіп отырды.

Елімздің рухани жаңғыруына әрі жаһандағы қазақстандық мәдениеттің, соның ішінде сөз өнерінің ірі өкілі Шораяқтың Омары – артына өсиет, толғау, терме, мысалдармен қатар 15-тен аса дастан жазып қалдырған ұлы шайыр. Ол ең алдымен, Құдайға мінәжат, Пайғамбар заманындағы оқиғаларды көп жырлағандықтан өткен ғасырда цензурадан өтпей қалғаны бар. Дегенмен, егемендік алғаннан оның жырлары елімен қауышты.

Қазақ әдебиеті мен рухани әлемімізге 100-ден астам жырау қосқан Қармақшы – бағзыдан шежіреге бай, киелі де құнарлы аймақ. Сол айтқандай, ақынның мұрасын насихаттау мақсатында өткен жыр кеші Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен, Қармақшы ауданы әкімдігі және облыстық мәдениет, архивтер, құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді.

– Сыр сүлейлерінің жыр-мұрасын халық арасында қайта жаңғырту, рухани жаңғыруымыздың бірден-бір кілті. Фестивальдің негізгі мақсаты – Омар Шораяқұлының шығармалары арқылы ақынның әдеби мұраларын насихаттау, жыраулық өнерді ұрпақ санасына сіңіре отырып, оның сиқырлы мақам сазын өнер сүйер қауымға жеткізу, − деді аудан әкімінің орынбасары Мәжит Самитов.

Ғасырдан қойнауынан біздің заманға өшпей жеткен жыр-термелеріміз, мәдени мұраларымыз бірегей ұлттық мүддеміз, қазақтығымыздың жарқын сипаты іспетті. Мұндай айтулы мерекені жырау Алмас Алматов «мыңжылдық мәдениет, жүзжылдық тарихымыздың дүбірлі тойы» деп тану керектігін айтты. Бұл кешке елге белгілі жыраулар Айдос Рахметов, Шолпан Бейімбетова, Бидас Рүстембеков, Берік Саймағамбетов, Ақмарал Ноғайбаева, Руслан Ахметов, Майра Сәрсенбаева, Марат Сүгірбай, Күнсұлу Түрікпенова және жас буын жыршылар қатысты.

Жыр кешіне жиналған ел домбыраның күмбіріне елтіп, жыраулар мұрасымен сусындады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button