«Алтын қордағы» архивтер altynqor.com cайтына жинақталды
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» телерадиокорпорациясының мәдени мұраны цифрландыру бағытындағы бірегей жобасы жүзеге асты. «Қазақстанның» «Алтын қорында» сақталған бейне және аудиоматериалдар altynqor.com cайтына жинақталды.
Сайтта Қазақ телевизиясы қорындағы 1930 жылдардан бергі видео және аудиоматериалдар топтастырылған. Атап айтқанда, «Бейнеқор» бөлімінде С.Әшімбаев, Ш.Мұртаза, С.Оразалин жүргізген «Парыз бен қарыз», «Ұлт және сана», «Сұхбат» бағдарламаларымен қатар әр жылдардағы «Тамаша», «Халық қазынасы», «Асыл мұра», «Адам іздеп жүрмін», «Келесі аялдама», «Кеш жарық», «Күлтөбе» сынды 800-ден астам бөлімнен тұратын 50 телехабарлар циклы, «Советтік Қазақстан» киножурналы мен «Қазақтелефильм» өндірістік бірлестігінің жобалары бар.
«Тұлғалар» бөлімінде К.Әзірбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, Ш.Жиенқұлова, К.Байсейітова, Ш.Айманов, Ш.Айтматов, Қ.Мырза Әлі сынды тұлғалардың қатысуымен әр жылдары түсірілген бейнетоптамалар қамтылған.
Ал «Аудиоқор» бөліміне 1954 жылдан бергі сақталған М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Есенберлин, Б.Соқпақбаев, Ғ.Мүсірепов сынды 100 ұлт қайраткерінің әр жылдары жазылып алынған дауыстары, Қ.Байжанов, К.Әзірбаев, Қ.Бабақов, Ә.Қашаубаев, Ж.Елебеков, Ж.Кәрменов, М.Ешекеев сияқты қазақ ән өнері майталмандарының дауысымен жазылған 132 ән, әр жылдары Қазақстан төңірегінде жүргізілген түрлі экспедициялардағы шешендік өнер жайындағы сұхбаттар, Батырлар жырының 50 нұсқасы, 100 күй, 100 ертегі нұсқасы, «Сыңсу», Бесік жыры, «Жар-жар», «Беташар», «Жарапазан», Жоқтау» сынды тұрмыстық-ғұрыптық әндер енгізілген.
Бүгінде «Алтын қорда» 110 мыңнан астам бейне және аудиоматериал болса, оның қатары жыл сайын 1000 материалмен толықтырылып отырады. Сондықтан сайтты толтыру ісі де тұрақты түрде жалғасады.