«Алжирдегі италиялық қыз» көрермендердің жүрегін жаулады

Джоаккино Россинидің сирек орындалатын «Алжирдегі италиялық қыз» операсының премьералық көрсетілімі көпшіліктің таңданысын туғызып, зор қошеметке ие болды. «Астана Опера» мен Халықаралық опера академиясының солистері, Симфониялық оркестр, хор көрермендерді шеберліктерімен және шексіз дарындарымен таңғалдырды. Қойылым «Опералия» халықаралық фестивалі бағдарламасының сәнін келтірді.
«Алжирдегі италиялық қыз» – комедиялық жанрдағы классикалық операның үлгісі. Оқиғаларға толы опера-буффа өзінің барлық қатысушыларынан шебер әрі нақышына келтіре орындауды талап етті. Труппа үшін бұл мүлде жаңа материал болды, өйткені мұндай спектакльдер әлемде сирек қойылады. Ол вокалистердің, оркестр музыканттарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, көпшіліктің талғамын қалыптастырады.
Қоюшы дирижер Руслан Баймурзин мен дирижер Джузеппе Акуавива «Астана Опера» Симфониялық оркестрімен, хор әртістерімен бірге композитор қойған міндеттерді өз дәрежесінде орындап, тыңдармандарды сахнада өрбіген құштарлық тұңғиығына бойлата алды.
Режиссер, халықаралық байқаулардың лауреаты әрі дипломанты Еренбақ Тойкенов жасаған спектакльдің айрықша атмосферасы еліктіріп әкететін оқиға желісін осы заманға ауыстырды. Ал италиялық костюмдер бойынша суретші Манана Гуния режиссердің тұжырымдамасын талғаммен іске асырды.
Россини опералары орындау шеберлігімен ерекшеленіп, тыңғылықты дайындық пен мінсіз техниканы талап етеді. Премьералық спектакльдерде негізінен Халықаралық опера академиясының шәкірттері ортаға шықты. Оларға Италиядан келген вокал бойынша кеңесші-ұстаз Алла Симонишвили көмектесті. Олардың өнер көрсетуі күрделі емтихан болды және олар бұл сынақтан абыроймен өтті деп сеніммен айта аламыз. Көпшіліктің әртістерге білдірген зор қошеметі осыған дәлел.
«Опера өнерінің ғажайып әлемімен әрбір кездесу – мен үшін үлкен мереке. «Астана Опера» бізге әлемдік музыкалық өнерге араласып, симфониялық оркестрді, классикалық опералық әнді жанды орындауда естуге, осынау таңғажайып зал мен дарынды суретшілер жасаған тамаша костюмдерді көруге мүмкіндік берді. Мен премьераларды өткізіп алмауға тырысамын, «Алжирдегі италиялық қыздың» премьерасын да асыға күттім. Автор әшкерелеген адами кемшіліктер секілді ұлы классик жазған музыка да мәңгілік. Симфониялық оркестр керемет, ал хордың сүйемелдеуіндегі орындаушылардың ғажайып дауыстары жүректі дір еткізеді. 200 жылдық тарихы бар музыканың заманауи сюжетпен бірігуін бақылау өте қызықты болды», – деді елорда тұрғыны Гауһар Мұратова.
Басты әйел партиясы Изабелланы премьералық спектакльдерде шақырылған вокалист Лаура Вереккья мен академия солисі Эльмира Шпекпаева сомдады. Сырттай қарағанда мүлде әртүрлі көрінетін үздік дауыс иелері өздеріне ғашық ететін және соңдарынан ерте алатын өте жарқын кейіпкерлерді сомдады. Естіген жанды баурап алатын керемет бас дауысты Жандарбек Еркінбаев пен Шыңғыс Расылхан басты ер партиясы Мұстафа бейнесін ұсынды. Лирикалық тенорлар Әлихан Зейнолла мен Нарұл Тойкенов Линдороның рөлін сомдады. Жауапсыз махаббаттан азап шеккен бейдің жұбайы Эльвираның партиясын Гүлдана Алдадосова мен «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова тамаша жүзеге асыра білді. Зульманың рөлінде сахнаға ғажайып сопрано иегері Әйгерім Аманжолова шықса, Таддео партиясын жарқын баритондар Ержан Саипов пен Азат Мәлік орындады. Сырбаз Дінмұхамед Көшкінбаев пен әртістігімен көзге түскен Алтынбек Әбілдә Әлидің партиясында дебют жасады.
Джоаккино Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» операсын «Астана Опера» сахнасында жаңа театрлық маусымда тамашалауға болады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстанда алғаш рет сахналанған спектакль елордалық театр репертуарында өзінің лайықты орнын алары сөзсіз.