Амандас, замандас!
«Сәлем – сөздің анасы» дейді біздің қазақ. Үлкенге сәлем беріп, алғысын алу – қазақ салт-дәстүрінің ең озық түрі.
Сәлемі түзу балаға үлкендер «Көсегең көгерсін, жүз жаса, бақытты бол» деп алғыс айтқан. Дұрыс амандаспаса, «үлкенді сыйлай білмейді, көргенсіздің баласы» деп ата-анасын кінәлаған. Осылай баласына қарап, ата-анасына баға берген. «Атаңа сәлем бер», «Әжеңмен амандас», «Оң қолыңды беріп амандас» деп жастайынан үйреткен.
Құран Кәрімде «Егер сіздерге біреу амандасса, сәлемін одан да асыра не дәл солай қабыл алыңыздар» делінген екен.
Амандасу – адамгершілік қасиеттің бір белгісі. Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша екі кісі жолыға қалғанда алдымен жасы кішісі «Ассалаумағалейкүм!» деп бірінші болып сәлем береді. Жасы үлкені «Уағалайкүмассалам!» деп сәлем алады. Содан соң мал-жан амандығы сұралады.
Амандасу – салт-дәстүрімізде ерекше орын алатын құндылық. Жасы кіші – үлкенге, атты кісі – жаяуға, келе жатқан адам отырғанға сәлем беруі ежелден қалыптасқан.
Алайда «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы адам барып сәлем береді» деген қағида тағы бар. Мұның бәрі – халықтың өзара ізет пен құрмет әдебі.
Бұрынғы қазақ ауылға атпен тіке кірмейтін. Ауылға алыстан атпен шауып келу жаман ырым саналатын. Шет жағына, киіз үйдің жанына жақындағанда аттан түседі, оны кермеге байлайды. Ауылға қонақ келгенде міндетті түрде аяңдап келіп, үй сыртына жақындағанда «сөйлес» деп дауыстайды. Үш қайталаудан кейін жауап болмаса, мейманды бұл үй қабылдамаған болып есептеледі. «Құдайы қонақ» дегенде ғана ерекше ықылас танытатын болған. Мейман киіз үйге енгенде «Ассалаумағалейкүм» деп жалпыға сәлем беріп кіреді. Тіпті, үй ішінде ешкім жоқ болса да «Ассалаумағалейкүм» деп дауыстап, шаңыраққа сәлем беру әдеті қалыптасқан. «Ассалаумағалейкүм» арабша «сізге әлемнің тыныштығы болсын» деген мағынаны білдіреді. Демек, мұсылманшылықта сәлем берудің негізі – тілек, екі мұсылман кездескен жерден бір-біріне Жаратушының тыныштығын тілеп, дұға етеді. Мұсылмандардың сәлемдесу әдебі Құран аяттарымен және Пайғамбарымыздың хадистерімен бекітілген.
Қасиетті Құранда былай делінеді: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен үйлеріңнен басқа үйлерге қашан үйренісіп, иелеріне сәлем бермейінше кірмеңдер. Солай еткендерің өздеріңе жақсы, бәлкім, үгіт аларсыңдар».
Байырғы қазақ дәстүрі бойынша амандасу арқылы адамдардың әлеуметтік тегінен, байлығынан және жалпы өмірдегі алатын орнынан белгі беретін болған. Ел билеушілермен амандасу, қара халықтың сәлемдесу тәртібі бұлжымайтын қағида ретінде белгіленген. Бұл елді сыйлау, кісіні сыйлау тәртібіне айналған.
Қазақ бір-бірімен жолыққанда «Мал-жан аман ба?» деп сұрасқан. Бірінші кезекте «Мал аман ба?» деп сұрауы тегін емес. Мал – тіршілік өзегі. Сосын барып – жан. Қазақтың тірлігі төрт түлікпен тікелей қатысты болған. Соған байланысты мал және отбасы туралы жөн сұрасу қалыбы қалыптасқан.
Далада бір топ қазақ бір-бірімен ат үстінде кездесіп қалса, «Ассалаумағалейкүм» деп оң қолын созып амандасып, сол қолын амандасушының оң иығына қоятын болған екен.
Қазақ халқының бұрынғы амандасу үлгісі нағыз мұсылманша болатын. Кездескен кезде оң қолын жүрек тұсына қойып, «Ассалаумағалейкүм!» деп дауыстап сәлем берген. Әуелі оң қолын беріп, үлкен кісілерге қос қолдап амандасқан. Жас адам – үлкенге, жалқы адам жалпы көпшілікке бірінші болып сәлем берген. Ал әйел кісілермен «Есенсіз бе?» деп хал сұрасқан. Осылай сәлемдесу әдебін балаларына да үйреткен. Сол тәрбие арқылы шынайы мұсылманшылық болмысын талай ғасыр сақтап келген еді. Соны жоғалттық…
Өзбекстанда ер болсын, әйел болсын «Ассалаумағалейкүм» деп амандасады.
Кеңестік дәуір, оның ішінде Брежневтің тұсында беттен былш-былш сүйісу дәстүрге енді. «Сәлеметсіз бе» деген сызылма сәлем қолданысқа кірді…
Бұрын біз ауылға барғанда жасы мен жолы үлкен адамдарға арнайы барып сәлем беретінбіз. Бұл күнде бәрі өзгерді…
Қазақтың қазіргі амандасу үрдісі әртүрлі: біреулер қол береді, біреулер құшақтап, беттен сүйеді, енді біреулер салғырт бас изейді…
Өңірлерде де сәл айырма бар. Оңтүстік жақта жапырлай қол берісіп, қол алысып жатса, батыс облыстарда бір сөзбен «Сәлем бердік» дей салады…
Мұндағы ең басты нәрсе – амандық сұрау. Жалпы біздің қазақ сәлем беруге ерекше мән берген. Амандасудың, сәлем берудің негізінде адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласы, құрметі, сыйластығы жатыр.
«Сәлем – сөздің анасы», «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді». Қандай керемет мәні бар сөздер.
Сәлем беру, сәлем алу деген адам баласы өркениетті жолға түскелі жөн-жоралғыға айналған дәстүр. Соны қазір сақтап жүрміз бе?
Қазір қазақ қалаға жиналды. Ірі қалаларға ағылған адамдар көп.
Урбанизация. Түсінікті. Жұрттың көбі асығыс-үсігіс… Өз тірлігі өзінде…
Амандасу дағдымыз қалай?
Подъезде, лифтіде, көшеде қарсы ұшырасқан адамға сәлем бермей өте шығатынымыз рас қой. Осы мәдениетке, әдепке жата ма?
Жұмысқа, сабаққа бара жатқанда, жолда, дүкенде немесе басқа ортада жиі кездестіретін адамдармен амандасасыз ба?
Қоғамдық орындарға (дәмханаға, асханаға) кіріп келе жатқан таныс не бейтаныс адамдармен қалай амандасасыз?
Қазақстанға сырт көзбен қарап көрейікші: «танымасын сыйламас» дегендей, қоғамдық ортада біздің амандасу, сәлемдесу салтымыз біртүрлі ерсілеу: біреудің берген сәлемін екінші біреу алмайды; анау Америкаңыз бен Еуропа елдерінде жұрт танысын-танымасын бір-біріне жылыұшырай қарап, амандасу ізетін жасайды; бізде осы қарапайым нәрсенің өзі жоқ қазір.
Қазіргі таңда бізде сәлемдесуге аса мән бермейтін, тіпті елең қылмайтын, селт етпейтін ұрпақ қалыптасты. Қазіргі сәлемдесу үлгілері бір-біріне жауапсыз сұрақ қойғандай әсерде қалдырады. Мәселен, «сәлеметсіз бе?» дегенге – «сәлеметсіз бе?» деп жауап береді. Не «қалайсың?» дегеннің жауабы «қалайсың?». Сонда не болды?
«Қандай да бір-екі мұсылман бір-бірімен кездескенде қол берісіп амандасса, олардың күнә-қателіктері кешіріледі» деген хадис бар.
Коронавирус келгелі қол беріп амандасу жайына қалды.
Алайда «Әр нәрсенің қайыры бар» деген. Аты жаман індеттің кең тарамауы үшін халқымыздың бұрыннан келе жатқан амандасу салтын қайта орнықтыру қажет секілді. Қазір кейбіреулер амандасқанда жұдырығын түйіп, кейбіреулер шынтақ түйістіріп жатыр. Өткенде әлемдік ақпарат АҚШ президенті Дональд Трамптың ежелгі үнді елінің амандасу дәстүрін қабыл алып, қолын қусырып амандасып жатқанын көрсетті.
Қолымызды кеудемізге апарып, сәл ғана бас изеу.
Сақтық шараларының бірі ретінде, жалпы бұдан былайғы тірлікте осы амандасу амалын – алыстан жүрек тұсына қол қойып, бас изеп амандасуды қайта қалыпқа келтірген жөн деп ойлаймын.
Кейде дастарқан басында отырған кісілердің қолын жаппай алып болғаннан кейін, «қолымды жуып келейін» дейтін адамдар да болады. Осы не тірлік? Қандай әдепке жатады?
Сосын бәріміз ұялы телефон ұстаймыз. Сыртта жүргенде қанша адаммен қол беріп амандасамыз. Ұялы телефонды қолымызды жумай ұстай береміз. Оны сүртіп барып пайдалану деген қаперімізге кірмейді. Осыны да ескерсек.
«Сақтансаң – сақтаймын» деген сөз елдің бәрінің есінде тұруы, жүруі керек. Президент елде төтенше жағдай жариялап, барлық сақтық амалдарын қарастырып жатыр. Біз мұны қалың ел болып қолдауымыз қажет. Әр адам тұтас халықтың денсаулығына жауапты болуы тиіс!
Сонымен, амандасу мәдениетін орнықтыру туралы ойымызды түйіндесек:
- Ұлттық сипаттағы амандасу үлгісі:
Кім болса да кездескен адамға сәлем беру қажет.
Бұл үшін оң қолымызды кеуде тұсымызға қоямыз. Басымызды сәл иіп ізет білдіреміз. «Ассалаумағалейкүм» дегенді әр адам өз қалауына қарай айтады. Ішінен айтуына да болады. Қазақстан халқының басым бөлігі мұсылман дінін ұстанатынын ескерсек, осылай амандасу орынды болмақ.
- Мемлекеттік, ресми сипаттағы үлгі:
Ресми шаралар мен жиындарда мемлекеттік лауазым иелері, мемлекеттік қызметшілер және басқа тұлғалар жиналғандар алдында «Саламатсыздар ма?» деп ұстамды түрде амандасады. Кей жағдайда «Армысыздар» нұсқасын қолдануға болады. Мұнда да оң қолымызды жүрек тұсымызға қоямыз, сәл бас иіп, ізет ишарасын жасаймыз. Бұл келе-келе халықаралық хаттамаға енгізілуі мүмкін. Сол кезде Мемлекет басшысынан бастап лауазымды тұлғалар басқаларға қолын созбайды, тікелей қол алыспайды. Бұл сақтық шарасы үшін де қажет.
- Әлеуметтік сипаттағы үлгі:
Қазақстан түрлі этнос өкілдерінің басын құрап отырған ел. Халықтың тең жартысынан көбі қалалы жерде тұрады. Қалалықтар подъезде, көшеде, лифтіде, паркте бір-бірімен кездескен кезде әуелі жылы жүзбен қарап, бас иіп құрмет көрсетуге тиіспіз. Егер үлкенді-кішілі жиын, отырыс, кездесулер бола қалған жағдайда сырттан кірген адам бір ауыз «Сәлем» деген сөзді айтса да болады. Қарсы жауап ретінде «Сәлем!» десек, жаңа заманның сәлемдесу салты қалыптаспай ма? Жастар жағы жалпықазақстандық амандасу үлгісін қабыл алады деп ойлаймын.
Ұсынылып отырған үш нұсқаның – «Ассалаумағалейкүм», «Саламатсыздар ма?», «Сәлем» негізінде бәріне ортақ – Сәлем деген ұғым жатыр. Бұған қоса біз мемлекеттің әнұраны орындалғанда қолымызды жүрек тұсымызға қоямыз ғой.
Амандасудың үш үлгісінде де біз өзімізді төл Мемлекетімізбен байланыстыра қараймыз. Демек, біздің сәлем беру, сәлем алу үрдісімізде өз елімізге, Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік атрибуттарына құрмет көрсету нышандары қашанда бірге жүретін болады! Бұл мемлекетшілдік рухты күшейтеді.
Бұқар жырау бабам нағыз данышпан ғой!
Өзек қуа ағады,
Өзен судың сағасы.
Алыстан сәлем береді,
Әдепті елдің баласы, – деген екен бір заманда.
Бұл заманға да келіп тұр!
Сөзімді халық әнінде айтылатын «Замандас, кездескенде есіңе алып, амандас» деген жолдармен аяқтағым келеді. Дүние – бір көш керуен. Амандаса білейік! Амандасып жүрейік!
Нұртөре ЖҮСІП,
сенатор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері