Жаңалық

Амангелді Айталы: Бүгінгі жастармен ойнауға болмайды

Құтты мекен – Ақтөбе өңіріне жол түсіп еді. Тарихи тамыры терең аймақта бүткіл қазақ елінің қамын, халықтың жағдайын ойлайтын, өз ойларын нақты істерімен дәлелдеп жүрген айтулы азаматтар көп. Сондай халықшыл, мемлекетшіл асыл перзенттеріміздің бірі – Амангелді Абдрахманұлы Айталы. Амангелді аға – еліміздің үлкен рухани қайраткері, көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы һәм профессор. Ақтөбеге сағынып келген жұрт ең алдымен аты мәшһүр кісіні іздейді екен. Қазақтың Амангелдісіне айналған рухы биік азаматпен кездесіп едік, сол екеуара жылы әңгімені назарларыңызға ұсындық.

Ruh.kz: Амангелді аға, қайырлы күн! Әңгіменің басын өзіңізден бастайық. 1999 – 2007 жылдары аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болдыңыз. Ал қазіргі күні сіз Батыс өңірінің Ақтөбе қаласындасыз. Қандай қызметтесіз? Ел игілігі үшін қызметіңіз әлі де жалғасуда ма?

Амангелді Айталы: Дұрыс. Қазір мен Ақтөбе қаласындамын. «Ат айналып, қазығын табады», демекші, мен де бірнеше жыл депутаттық қызметімнен соң, Ақтөбе өңіріне қайтып келдім. Менің алғаш ұстаз ретінде, ғалым ретінде тұсауым кесілген мекен – Ақтөбе. Алғашқы педагогикалық жұмысымды бастаған қара шаңырақ (ол кездері Педагогикалық институт) –  Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде әлеуметтік зерттеулер жүргізетін ғылыми орталығының жетекшісімін, әлеуметтік және саяси пәндер кафедрасында лекция оқимын. Негізгі жұмысым – осы (күлді).  Ақтөбе – мен үшін қымбат!

Ruh.kz: Өзіңіздің жаныңызға жақын ұстаздық қызметіңізге оралғаныңыз көп студенттер үшін жақсы жаңалық болған шығар. «Шәкіртсіз –  ұстаз тұл» дегендей, өз шәкірттеріңіз туралы айтып берсеңіз…

Амангелді Айталы: Қазақ елінің қазіргі заман жастары туралы әңгіме қозғалған кезде теріс пікірдегі әңгімелер көп айтылады. Көне кітаптарда, біздің заманымызға дейінгі 6 000-жылдары біз сияқты ақсақалдар жастарды сынаған, осы жастар басқарған заман не болады? Олар елді аздырады, тоздырады деп көңілдері де толмай айтқан. Негізі мен жастарды сынаудан, күнәлаудан алшақпын. Мысалы, сол заманғы жастар ел басқарып, ел болашағын құрған және де бұл миссияны жақсы атқарып келген. Жастар өседі, өнеді, жаман қылықтардан арылады. Енді қазіргі еліміздің студент жастарына келсек, студент жастар қазір өте жақсы, жан-жағын таниды, оң мен солды ажырата алады. Бірақ барлығы бірдей құлшынып оқиды деп те айтуға болмайды, барлығы бірдей енжар еріншек те деп айтуға болмайды. Оның ішінде әртүрлі топтар бар. Бірақ негізінен, студенттердің еріншек, сабаққа ынтасыз болатыны ұстазға да байланысты. Тартымсыз лекциялар, қызықтырмайтын сабақтар соның салдары шығар. Жастар – бір пластелин сияқты. Біз оларды қандай жақсылықтарға икемдеп тәрбиелесек, олар сондай болып шығады. Бұл тәжірибе ғасырдан ғасырға ұласып келе жатыр және ешқашан өзінің актуальдығын жоғалтпайды. Сол себепті мен студенттермен өзімнің тарапымнан білетін ғылыммен, тәрбиемен, ата дәстүрмен бөлісуге тырысамын.

Ruh.kz: Студенттер, жастар, ел болашағы деп айтып отырмыз. 2019 жыл «Жастардың жылы» екендігін білеміз. Амангелді аға, сіз өзіңіз жастарға қандай үміт артасыз? Бұл жыл расында да ел жастарына септігін тигізеді ме?

Амангелді Айталы: Ол – үлкен мәселе. Жақында мен студенттермен «Жастар жылына» қатысты кездесу де ұйымдастырғанмын. Біріншіден мен жастарға ашық айтамын, бір жылда сіздердің мәселелерің шешіле қояды деп үміттенбеңіздер. Негізгі биылғы жылы жастардың болашағы туралы шешімдер, жастарға қатысты саясаттың негізі қаланады. Жастар үшін қазір маңыздысы ол жұмыс мәселесі. Осы мәселе төңірегінде жоғары оқу орындарының түлектерімен «Дипломмен ауылға» бағдарламасы туралы әңгіме қозғалды. Менің байқағаным біздің жастар тас жолдың бойында, қалаға жақын, газы бар, суы бар, барған жерде жақсы күтіп алатын, алғашқы жылдары оларды қолдайтын ортаға түссе, жастар тез сіңісіп, жұмыстарын бастап кетеді. Көп жағдайда жастар осы мәселе төңірегінде жиі толғанады. «Қандай ортаға түсеміз, қалай өмір сүреміз», деп уайымға салынады. Әрине қашық аудандарға, жол жоқ шалғай ауылдарға барғылары келмейді. Сол себепті жастардың осындай талап-тілектерін біз ескеруіміз керекпіз. Келесі бір үлкен мәселе, ол жастарға деген жалпы қолдау қалай болады. Мысалы, өз кәсібін бастап, оны әрі қарай дөңгелеткісі келетін жастарға бағыт-бағдар беру, оларға жағдай жасай білу. Жастардың бизнесін қолдау әрине бар, бірақ ол шалғайдағы ауыл-аймақтарға жетпей жатады. Ол жердегі біздің балаларымыз университет, колледждерге бәрі бірдей бара бермейді және де кәсіп ашу жөнінде ақпаратты да толық біле бермейді. Осы жағынан ақпарраттық қолдау көбірек болса екен. Бұл қолдаудан соң келесі мұқтаждықты қолдау мәселесі туындайды. Ол мәселенің басы – жастарға арналған баспана. Ол масылдық психологиядан туындаған ой емес. Жастар құлшынып бизнеспен айналысқысы келеді, жастар құлшынып еңбек еткісі келеді. Соған жағдай болса, неге жасамасқа? Міне, биылғы жылдың өскелең ұрпаққа берері мол деген сенімдеміз. Айтылған мәселелердің шешімінің, жастар саясатының іргетасы қаланады деп сенем. Негізгі мақсат осы.

Ruh.kz: Амангелді аға, жастардың дипломмен ауылға бару жағдайы. Университет қабырғасында оқу бітіріп жатқан студенттер арасында бұл сұрақ қаншалықты насихатталады?

Амангелді Айталы: Жастарға көп айтылатын кеңестердің бірі – ауылдарға кәсіби мамандардың баруы. Университетке жұмыс берушілердің өздері іздеп келеді. Оқу орнына келгенде олар да студенттердің біліктісін алғысы келеді, тағлымадан өтуге де шақырады. Өзін кәсіби жағынан көрсете білген студентті оқу бітірген соң өз мекемесіне жұмысқа тартады. Міне, осындай қарым-қатынас университет пен жұмыс берушілердің арасында қалыптасып отыр. Білікті, кәсіби студентті университет қабырғасынан шыққан бойда өз өндірісіне тарту, бұл әлемдік практика. Мысалы, әлемге танымал Кэмбридж университеті өздерінің ең жақсы деген студенттерін жұмыс берушілерге сатып жатады. Бұл жақсы үрдіс. Сонда университеттің де, студенттің де беделі әрқашан жоғары болады. Біздің елде ондай жағдай әзірге жоқ, алайда бірте-бірте қалыптасар деген ой бар. Айтып кеткендей, біздің университет пен жұмыс берушілердің арасындағы байланыс жаман емес. Бірақ, айта кетейін барлық студенттер жұмыс берушінің көңілінен шыға бермейді және барлық жұмыс берушілер студенттердің көңілінен шыға бермейді. Арада осындай жағдай бар. Біздің балаларымыз көп жағдайда жұмыс берушінің олар үшін не бере алатынына қарайды.

Ruh.kz: Түсінікті. Елдің болашағы жастар деп айтып отырғандай, Елбасымыз «Рухани жаңғыру:болашаққа бағдар» мақаласын соның ішінде, жастарға арнап жазған. Мақала жөнінде сіздің де пікіріңізді оқырмандарға жеткізейік деген ниетіміз бар.

Амангелді Айталы: «Рухани жаңғыру» үлкен бір бағдарлама деп есептеймін. Бағдарлама, біз сөз етіп отырған жастарға арналған дүние. Қай заманда да, қай елде де, қай ұлтта да жастар осы елдің дайын азаматы болып тумайды. Оларды елдің азаматы етіп тәрбиелеу бұрындары қиын еді, қазір тіптен қиын. Себебі қазіргі жастар өз елімізді ғана емес, басқа елдерді де оқу үшін, өмір сүру үшін таңдайды. Елден кетіп, өздеріне қолайлы қызметті, өмір сүру үшін қолайлы елді іздейді. Бұл жағдайлардың барлығы да дұрыс. Бірақ, «осы елдің қазығы болатын, осы елдің тұтқасы болатын» жастар өз туған елінде қалады. Сондықтан осы елдің рухын жалғастырушы, кешеден бүгінге, бүгіннен ертеңге рухани жағынан жібін үзбеуші, ата-баба дәстүрін, мәдениетін жалғастырушы, қазақтың имандылығын жалғастырушы – жастар деп білемін. Осыдан туындайтын жағдай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бір жылға, белгілі бір қысқа мерзімге арналған бағдарлама емес. Бағдарламаның мазмұны өте терең және оны жан – жақты ойластыру керек, саралау керек. Қоғам деген өте күрделі құбылыс. Мақала жарияланғаннан кейін облыста жиналыстар өткізіліп, содан біз рухани жаңарып қаламыз деген ой қате. Жеңіл-желпі қарауға болмайды. Себебі жастардың рухани жаңғыруы бір мәселе, ептеп кеңес заманын көрген, ептеп осы заманды көріп қалған орта жастағы жастардың рухани жаңаруы бір мәселе, ал енді осы жастардың атасы мен әжесі, кеңес заманында тәрбие алған, қырық-елу жыл сол заманның ағымын көрген азаматтардың осы уақытқа бейімделуі мүлдем басқа сұрақ. Сол ата мен әжелерімізді тәрбиелеу маңыздырақ, себебі олардың ықпалы орта жастағы жастарға да, жастарға да әсер етеді. Біз рухани жаңғыру мәселесін, рухани тәрбие мәселесін жалпыға бірдей емес, әрбір әлеуметтік топқа, әрбір демографиялық топқа бейімдеп жасауымыз керек қой. Бұл істе оқу орындарында, кітапханаларда, бұқаралық ақпарат құралдарында, біздің кино, театрлар жан-жақты жұмыс жасаған күнде толық бір жасалған дүние болар еді. Қазір адамның жаны үшін, ақыл-парасаты үшін күрес, адамдану заманында үлкен күрес жүріп жатқанда, бұл мәселеге терең өлшеммен қараған дұрыс деген ойдамын.

Ruh.kz: Рухани жаңару жолдарының бірі ол кітап оқу. Амангелді аға, сіздің қаламыңыздан шыққан еңбектеріңізбен таныспыз. Қазір жазып жатқан туындыңыз қандай немесе сиясы әлі кеуіп үлгермеген кітабыңыз бар ма?

Амангелді Айталы: Дұрыс сұрақ. Мен осы 2010 жылдан бастап Жұбанов атындағы университетте саясаттану мен әлеуметтану пәндерімен қатар, дінтану сабағын оқимын. Бұл пән – жаңа пән. Біздің еліміз үшін діннің құбылысып кеткен, тіпті жастар түгілі үлкендердің қолы үзіліп кеткен дінімізге оралып жатқан уақытта осы пәнді қалай оқу керек деген ойлар маған қайта-қайта келген еді. Ойлана келіп, «Дін және діндарлық» деген бір оқулық жаздым. Сол оқулық біздің университеттің шешімімен арнаулы курсқа айналды. Әзірше ол эксперементальді, пилоттық курс деп айтуға болады. Себебі басқа оқу орындарында ондай курстар жоқ. Курстың негізгі мақсаты танымдық және тәрбиелік. Танымдық жағы, ол діннің тарихи мәселелерін жеткізу, ал тәрбие жағы, дін деген тұнып тұрған тәрбие. Біз теологияны сынамаймыз, құрметтейміз. Әлем діндерінің, ислам дінінің тәрбиелік жағына көбірек мән беру. Осындай бір оқулық жаздым. Оны жастарға жеткізу үшін сабақ етіп өткізіп жүрген жайым бар. Болашақта, деніміз сау болса, басқа да еңбектер дүниеге келер. Бұл туралы да ойлар бар. Бүгінгі күннің мақсаты, осы курсты орнықты, жастардың ойынан шығатындай, жастарды қызықтыратындай, оларға әсер ететіндей курсқа айналдыру.

Ruh.kz: Амангелді аға, өзіңіз жастарға тәлім-тәрбие беріп жүрсіз, жастардың арасындасыз. Елдің жастарына, өзіңіз айтқандай, елдің тұтқасын ұстар жастарға айтар тілегіңіз.

Амангелді Айталы: Мен жастардан гөрі, осы тілекті жастарды тәрбиелейтін, жастар саясатын іске асыратын аға ұрпаққа айтқым келеді. Қазір жастарға бір менсінбеушілік те бар. Бірақ біз жастарға осы елдің, биліктің, осы мәдениеттің, осы бар байлықтың иесі, жалғастырушысы ретінде қарауымыз керекпіз. Жастардың алдында да үлкен жауапкершілік тұр. «Мен осы Қазақ елінің иесімін! Елге, оның мәдениетіне, рухани байлығына жауаптымын!» деп сезіну керек. Бұл жауапкершілік құр даурықтан емес, ол өзінің отбасына жауапты болатын, өз мамандығына жауапты болатын ар-намысы бар, ұяты бар адам болу үлкен міндет. Ол міндетті жастардың барлығы бірдей сезінеді деп те айта алмаймын. Барлығы бірдей сезінбейді деп те айта алмаймын. Бұл жауапкершілікті сезіну бірте-бірте келеді. Ал осы жауапкершілікті жастарға сезіндіру, оларға үміт арттыру, жастар жылында өткізілетін істермен шектелмей, оны шоуға айналдырмасақ, онда жастар қоғамдағы өз орнын табар. Бүгінгі жастармен ойнауға болмайды. Кешегі бала, бүгінгі жас бірте-бірте билікке де келіп жатыр. Бір уақыттан кейін биліктегілерді де ауыстыратын жастардың қатары. Олардың ел алдындағы жауапкершілігі өте зор.

Ruh.kz: Амангелді аға, рақмет сізге! Жастардың білімінің сапалығы, саналарының ашықтығы үшін атқарып жүрген зор еңбегіңіз сарқылмасын!

Амангелді Айталы: Рақмет сендерге де! Әрдайым жолдарың болсын!

Бибігүл Бөкенбайқызы,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button