Ана – мөлдір бұлақ
«Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» дейді қазақ. Осы сияқты сәлихалы, текті ұрпақты ұлтымыз «уызына жарыған» деп жатады. Қайсысын алсаңыз да баланы тәрбиемен сусындататын ең негізгі адам ана екенін байқаймыз. Ендеше бүкіл адамзатты тәрбиелеп отырған асыл аналардың жауапкершілігі бүгінгі күні еселенбесе кемімегені рас. Осы орайда үлгілі ұл мен қыз тәрбиелеп отырған аналардан елін, жерін сүйетін, ана тілін құрметтейтін, білімге құштар баланы қалай тәрбиелеу керектігін және тәрбиедегі ананың рөлі туралы сұрап көрдік.
Майра Жәйтінбекқызы, Parida қолөнерге онлайн тәрбиелеу орталығының жетекшісі:
Бала елін, жерін сүйіп, ана тілін құрметтеуі үшін тәрбие кемшіндік етеді. Біріншіден, ол болмыстан болуы керек. Ал туылғаннан кейін бала ата-ананың айтқанын емес, істегенін қабылдап өседі. Әрбір ісіне еліктейді, әрекетін қайталайды. «Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» дейтін сөз содан шыққан. Ал ата-анасы өзге тілде сөйлеп, елін, жерін боқтап, көзге ілмей отыратын болса оның баласы мың жерден «еліңді, жеріңді сүй, тіліңді құрметте» дегенге өзгере қалмайды. Тек «өйтпе, бөйтпе» деу тәрбиеге жатпайды. Бала үйдегі ата-анасынан бастап айналасын бақылайды. Сондықтан ата-анасы ана тілінде жетік сөйлеп, сәті келгенде әр сөздің төркінін түсіндіріп отыруы керек. Ата-ана өз елінің құдіреттенуі, сақталуы, дамуы жолында, тілінің дамуы үшін қаншалықты қарекет жасай алса, баласы да соны үйреніп өседі. Мысалы, менің үлкен қызым Күнсайын 6-сыныпта оқиды. Жақында Алғыс айту күніне байланысты ұстаздары балалардан видеоқұттықтау жазып алып ватсап топқа салды. Қазақша екі сөздің басын қоса алмай тұр, аузына сөз түспегеннен емес, орысша ойлап, қазақша ежіктейді. 6 жыл қазақ мектебінде білім алып, қазақ тілі мен әдебиетін оқып жатқан балалардың бүгінгі сиқы осы. Менің 5 жасар қызымның өзі мұндай құттықтауларды маржандай ғып айтып береді. Ол тіпті терең мағыналы сөздерді де түсініп, қолданып, салт-дәстүрді өз деңгейінде ұғынған. Міне бұл отбасындағы тәрбиенің нәтижесі. Сөзімнің басында болмыстың маңызды екенін айттым ғой. Болмысында қазақылық жоқ адамды өзгерту үшін өте үлкен күш жұмсау керек. Отбасында өзгенің тілінде сөйлеп, өзгенің тамағын жеп, өзгенің дәстүрін жатсынбай отырған ата-анадан болмысы қазақы бала шығады деп ойламаймын. Тәрбиедегі ананың рөліне тоқталатын болсам, мейлі ер бала, мейлі қыз бала болсын анасына жақын өседі. Ананың іс-әрекеті, сөзі – баланың ең алғашқы мектебі. Яғни бала тәрбиенің 80-90 пайызын анасынан алады. Сондықтан ананың арқалайтын жауапкершілігі де үлкен. Баланың денсаулығы да анасына байланысты. Өйткені ол құрсақта жатқанда да, дүниеге келгеннен кейін анасы арқылы қоректенсе, өскен соң анасы істеген тамақты жейді. Бүгінде көптеген аналар балалары ызыңдай бастаған кезде телефон ұстата қояды. Тіпті жасқа толмаған балалардың өзіне телефонын беріп қойып отыратын аналарды емханаларға, әлеуметтік ортаға барғанда көріп жүрмін. Соның кесірінен қазіргі жасөспірімдердің психикасы дұрыс емес. Тығырыққа тірелсе жол іздеп шыға алмайды, қиыншылыққа жолықса өзгелерден көмек сұрай алмайды, пікірін бөлісе алмайды. Тіпті, өзіне өзі қол жұмсайтын балалар да көптеп шығып жатыр. Керісінше баламен балаша ойнап, балаша әңгімелесу керек. Кіші қызым Күнгей 5 жасқа келгенше телефон ұстатпадық. Балаларымыздың алдында тек жұмыспен болмаса телефон шұқып отырмаймыз. Балаға түсіндіріп айтқан соң телефон жатса да қозғамайды екен.
Гүлзат Боранбайқызы, кәсіпкер:
Мен өзім қазақы тәрбиемен өстім. Балаларымды да өзім көріп-білген қазақы тәрбиемен, ырым-тыйымдармен өсіріп келе жатырмын. Біздің балалар үшін жасаған ең үлкен ерлігіміз қалаға жақын ауылға көшу болды. Бұндағы басты мақсат – балаларымыз ауыл тірлігін, тынысын көріп өссін, кең далада жүгіріп ойыны қансын деп ойладық. Әрине қала тұрмысына үйреніп қалған біз үшін ауылда тұру оңай болған жоқ. Бірақ еш өкінбейміз. Жазда да, қыста да балаларымыз үшін уайымдамаймыз. Өздеріне лайық ойын ортасын, кішігірім тірліктерін тауып алды. Қызым Құсни өте мейірімді, жүрегі жұмсақ, ақылды қыз. Ол ауылдағы ит, мысықтарды жақсы көреді. Қыл аяғы тышқанды өлтірсең де соған жылап қалады. «Неге өлтіресің? Аздап қорқытып басқа жаққа қуып жіберсең болды ғой» деп. Қанаты сынған торғай сияқтыларды тауып алып емдеп, өз көмектерін көрсетіп жатады. Бұл кішігірім іс болғанмен баланың негізінің қалануындағы рөлі үлкен. Осындай жан-жануарлардың өзіне мейірімін төге білетін қайырымды бала үшін елін, жерін сүю, басқаларға көмектесе білу табиғи қалыптасады деп ойлаймын. Қайырымдылықты, ізгілікті көріп, өздері қолынан келген қайырын істеп жүрген балалар үшін елін, тіпті бүкіл әлемді сүйетін рух табиғи түрде бойына дари беретіні даусыз. Балаларымыздың үйренуіне өте қатаң, өте бос та емеспіз. Олардың күнделікті тұрмыс тіршілігіндегі көптеген сұрақтарына шынайы түрде жауап іздесеміз. Біздікі тек балалардың кездескен кедергілеріне жауап іздесіп, дұрыс бағыт-бағдар нұсқау.
Төменде сауалнамаға қатысқан аналардың балалары барша нәзік жандыларды шуақты көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтайды.
https://www.youtube.com/watch?v=1KSnFJS3cgM&feature=youtu.be&ab_channel=Ruhkz