Жаңалық

АНА ТІЛІМІЗДІҢ КҮРЕСКЕР САРДАРЫ ЕДІ...

Қазақ руханияты мен мәдениеті, ғылымы ауыр қазаға ұшырап, қара жамылды. Ақпан айында тоқсан бес жасқа қараған шағында қазақтың абыз ақсақалы, үлкен қайраткер ғалым Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар дүниеден өтті.

Қазыналы ақсақал 1924 жылдың 13 желтоқсанында Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы, Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Абыз Әбекең қазақ тіл білімі ғылымының аса көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі. ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты.

Ақсақал Екінші жаһан соғысына қатысқан ардагер. Еліміз егемендік алып, еркіндікке қол жеткізген шақта, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құрып, ана тіліміздің мәртебесі мен беделі, рөлі мен тұғыры үшін етек түре, білек сыбана кіріскен еді. Совет заманында беделінен, құндылығынан айырылған ана тіліміздің мәртебесі, тіл тазалығы мен байлығы, сөз құнарлығы үшін айбаттанып еді. Үлкен лингвист, түрколог ғалым ретінде қазақ жазуын латын графикасына негізделген әліпбиге ауыстырайық деп бастама көтеріп, жобасын даярлаған еді. Қашанда болсын ақсақал мемлекеттік идеологияны қолдап, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың бастамаларына үн қосып жүруші еді. Міне, сол алып бәйтерек бүгін таң рауандап атқанда опырылып түсті. Асыл адам, алтын жүрек тоқтады…  Қайран, арыс азамат қазақ руханиятының шырақшысы еді.

Жаны жәннаттық болсын! Бақұл болыңыз, абыз!

Жарқын ӘЛІ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button