Жаңалық

Анар Фазылжан: Латын әліпбиіне көшуде «бір әріп – бір дыбыс» принципі бұзылмауы керек

Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы Парламент депутаттарының қарауына биыл 11 қыркүйекте ұсынылған болатын. Алайда, бұл жоба қоғамдық пікірді сол күні-ақ екіге жарды. Бір тарап жаңа әліпбидегі қазақ әріптерінің таңбаланбауына қарсылық білдірсе, екінші тарап жаппай қолдауға кірісіп кеткен. Ал, біз осы ретте танымал лингвист, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанмен сұхбаттасып, жаңа әліпбиге қатысты пікірін сұрап көрдік.

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру идеясын Мемлекет басшысы сол тоқсаныншы жылдардың басында-ақ айтқан болатын. Бұл идея 20 жылдан астам уақытта әбден пісіп-жетілді. Содан да болар, сәуір айында Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялап, онда латынға көшуді бастауды Үкіметке тапсырды.

Елбасы айтқандай, тіл мамандары өздеріне артылған бұл міндетті көп созған жоқ. Шамамен 5 айдай уақыттың ішінде латынның қазақстандық нұсқасын әзірлеп шықты. Оны әзірлеген Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы.

– Анар ханым, қазір елімізде латын әлипбиіне өтуді қолдау науқаны жүріп жатыр. Парламентте ұсынылған нұсқа жұрттың сынына қалды. Осы жағдайдан соң «латын қарпіне көшудің не қажеті бар?» деген сыңайдағы пікірлер пайда бола бастады. Бұл ненің белгісі?

– Парламентте ұсынылған латын графикасы негізіндегі əліпби жобасына қатысты, əсіресе, əлеуметтік желілерде көп сын айтылып жатыр. Оны тілтанушы мамандар бақылап отырмыз. Сындардың ішінде кертартпа пікірлер де бар. Көшпейміз дегендер де жоқ емес. Негізінде, бұл дұрыс емес. Елбасының рухани жанғырудағы көздеген мақсаты – ұлттың санасын жаңғырту, бізді артқа тартатын кертартпалықтан арылту. Барымызды жүйелеп, жоғымызды түгендеп, жаңа дүниелер жасап, мобильдеп, алға қарай ұмтылу. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бізге сол жолдағы əрекетіміздің алгоритмін модельдеп берді. Сондықтан халық президенттің осы бастамасын бірауыздан қолдады. Шынайы қолдау болды. Ал латын қарпіне көшу туралы кері пікірлер халықтың бағдарламаға деген сенімін əлсірете алмайды. Біз қалай да латын графикасындағы жаңа әліпбиге көшетініміз анық. Себебі бұл – өркениеттік таңдау. Әліпби таңдау тілдің болашағы үшін, сонымен бірге, еліміздің өркениеттік дамуы үшін де қажет. «Бір қарағанда әріптерді ауыстырғанда тұрған не бар?» деген сұрақ туындайды. Заманауи графика адамды заманауи ойларға жетелейді. Латын графикасының жаһандағы салмағы ерекше, қазақтілді ұжым санасындағы мазмұнында тек оң ассоцияция, ұғым, түсінік бар. Сондықтан, «әріптерді ауыстырудың керегі жоқ» деген қасаң ойлар негізсіз. Сонымен бірге, Парламентте ұсынылған жобаға қатысты сынға да көз жұмып қарауға болмайды. Неге? Өйткені өткен ғасырдағы əліпбилерімізді ұлт болып өзіміз таңдаған жоқпыз. Олар жоғары жақтан әкімшілік-әміршілдік жүйенің, саяси күштеудің механизмдері арқылы енгізілді. Ал қазіргі əліпби реформасының жалпыхалықтық талқыға түсуі – біздің мақтанып айтатын тəуелсіздік жемісі. Реформаның демократиялық жолмен жүзеге асырылуында Президентіміз Н.Ə.Назарбаевтың рөлінің зор екенін ерекше айта кету керек. Жаңа әліпбиге көшу үшін демократиялық еркіндік берілуі тəуелсіз Қазақстандағы алғашқы тəжірибе. Сондықтан барлық пікірге құлақ асу керек. Сол себепті пікірлерді жинайтын орталық дұрыс жұмыс істеуі тиіс. Біздің институтқа да пікірлер көптеп келіп жатыр. Маман ретінде барлық сұрақтарға, пікірлерге жауап жазып жатырмын. Халық талқысына тек қолдау көрсетуіміз керек, өйткені бұл, бір жағы, президенттің де парасатты шешімі. Ол кісі халық пен мамандар бір ымыраға келмейінше, əліпби стандарты бекітілмейтінін қадап айтты. Енді тілтанушы мамандар, журналистер, мұғалімдер осы мәселеге бей-жай қарамай, нақты әрі ыңғайлы нұсқаны таңдауымыз қажет.

– Ел болып талқылап жатқан 25 әріптен тұратын нұсқаның біз үшін ұтымды тұсы мен кемшілігі қандай?

– Тілтанушы мамандар сарапқа салып жатқан сын пікірлер бойынша ұсынылған жобаның артықшылықтары мен қателіктерін айта кетейік. Бұл жоба, біріншіден, ықшамдылығымен ұнамды. Қазақтың төл дыбыстық жүйесінде 28 дыбыс бар, ал біз жазуда 42 әріпті қолданып жүрдік. Мына жобада 28 дыбысты таңбалау үшін 25 дара әріп қана ұсынылып отыр. Дара дегенім, 8 қосар əріп те бар. Дегенмен əріп саны дыбыс санынан кем болса, мұндай əліпби тілтанымдық тұрғыдан өте тиімді болып саналады. Екіншіден, бұл әліпбидің экономикалық жағынан шығыны аз болуы əбден мүмкін, себебі, компьютер пернетақтасындағы ағылшын тілінің алфавитімен сәйкес келеді. Қазіргі пернетақтадағы ағылшын алфавиті цифрлық технологиядағы кодтармен сәйкес.

– Ал маман көзімен қарасақ, нақты кемшіліктерін тізіп бересіз бе?

– Əлемдік тіл ғылымындағы əліпбиге қойылатын критерийлер мен сауатты əрі жазуға оңтайлы ұлттық əліпби жасаудың ғылыми принциптері тұрғысынан кемшілігін тілтанушы, педагог мамандар былай анықтап отыр. Бұл әліпбиде қазақтың төл дыбыстарын жəне қазақ мəтінінде жиі кездесетін, қазіргі заманғы қазақ тілінің жазбаша формасына сіңіп, дыбыстық жүйесіне еніп кеткен өзге тілдің кейбір дыбыстарын, яғни, барлығы 31-32 дыбысты таңбалау үшін небары 25 әріп жетпейтіндіктен ұсынылған жобада диграфтар қолданылған. Диграф дегенміз – бір дыбысты екі әріптің тіркесімен беру. Әрине, диграфтарды қолдану тәжірибесі басқа әліпбилерде өте көп. Әсіресе, роман-герман тілдерінде ешқандай қиындық тудырмайтын мәселе. Мұндай бір дыбысты бірнеше әріппен таңбалау неміс тілінде де, ағылшын тілінде де бар. Бірақ славян тілдерінде жоқ. Егер хронология бойынша қарайтын болсақ, латын қарпін қолданатындардың ішінде өте ертеде дәстүрлі әліпбиін бекітіп алғандар ғана диграфқа жүгінеді. Ал кейінгі латын негізді əліпбилер сол Еуропа елдерінің өзінде диграфтан қашып, диакритиканы, яғни əріпасты, əріпүсті элементтерге артықшылық берген. Ал жасы жағынан латыннан əлдеқайда жас əліпби жүйесіне жататын кирил графикасында диакритика көп те, диграфтарды қолдану мүлде жоқ. Бұл диакритиканың диграфқа қарағанда жаңартпа тəсіл екенін көрсетеді. Жаңа латыннегізді жəне кирилнегізді графиканы қолданатын барлық тілдерде диграф таңба мүлде жоқ. Олар «бір дыбыс – бір әріп» принципін ұстанады. Демек қазіргі заман үшін диграф ескілік.

Қазақтың жазу тарихы көнеден басталады. Елбасының мақаласында қазақтың жазу тарихына терең талдау, сараптама жасалған. Біздің ата-бабаларымыз руналық графикаға негізделген орхон жазуын, араб графикасының түрлі формаларын пайдаланған. Содан кейін біз Ахмет Байтұрсыновтың ұлттық жүйеге негізделген араб графикалы «төте жазуын» қолдандық. Ескі латыннегізді графикамен, содан кейін кирилше де жаздық. Осы жазу жүйеміздің бəрінде де «бір әріп – бір дыбыс» принципі бұзылған жоқ, басымдықта болды. Мұны ескерсек, ұсынылып отырған диграфтар қазақ этно-мәдени қауымдастықтың тілдік санасында жат таңба түрінде қабылданатынының өз заңдылығы жоқ емес. Сан ғасырлық дəстүрі бар принципті өзгерту оңай емес. Қазақ қауымдастығы қолданған жазулардың графикалық образдары әртүрлі болғанымен, олар бір əріп бір дыбыс принципі басымдығына негізделді. Сондықтан, қазақтілді сана үшін диграфтарды тұтас таңба түрінде оқу қиынға соғады. Ал ағылшын, немістілді этномәдени қауымдастық санасында диграфтар ғасырлар бойы қалыптасып, орныққан. Сынның барлығы осыған байланысты айтылып жатыр деуге болады. Екіншіден, біздің тіліміз роман-герман, славян тілдерінен ерекшеленеді. Құрылымдық жүйесінен көрініп тұрғандай, сөзге үстелетін грамматикалық мағына ағылшын, орыс тіліндегідей флексия арқылы емес агглютинация арқылы беріледі. Флексия дегеніміз – бір ғана аффикс арқылы көптік, септік т.б. грамматикалық мағынаны беретін түбірге жалғанатын қосымша. Ал біздікі сияқты агглютинатив, яғни, жалғамалы тілде көптіктің мағынасын бір жалғау, септік пен тәуелдіктің мағынасын басқа жалғаулар береді. Қазақтың тек бір ғана буыннан тұратын «үй» деген сөзін алып септік, көптік, тәуелдік, т.б мағынада қолданып, мысалы, «үйлеріңіздегідей» десек, 7 буынға айналады. 7 буынды сөзде диграфпен берілетін 8 әріп кездесуі әбден мүмкін. Сонда сөздің тұрқы ұзарып кетеді. «Үй» деген сөз екі дыбысты сөз. Егер жаңа әліпбимен жазсаңыз, үш әріпті сөз болады. Енді оған әртүрлі жалғауларды жалғасаңыз, диграфтардың «арқасында» мəтіндегі сөздің образы көзшалымға тұтас қабылдануға қиындап, тым шұбалаңқы болып кетеді. Сондықтан да диграфтарды қолдану жазба коммуникацияда жазарман үшін де, оқырман үшін де психологиялық, лингвистикалық, физиологиялық қолайсыздық тудырады.

– Латын әлипбиіне көшуді саяси науқан ретінде қабылдау қаншалықты дұрыс?

– Мұнда бізді ойландыратын мәселе бар. Президентіміз мақаласында латын графикасына көшкен кезде тіліміздің ұлттық ерекшелігін сақтау мақсатына ерекше мəн берді. Сол себепті де әліпби арқылы жазуымызды реформаламақпыз. Оны қалай сақтаймыз? Біз шет тілінен енген сөздерді жазуда төл айтылым-жазылым үлгімізге салып латын графикасы арқылы игеруді мақсат еткенбіз. Мысалы, осыған дейін кирил графикасында орыс тілінен енген әріптер болды да, біз осы басты донор тіл арқылы көптеп енген сөздерді толық игере алмадық. Орыс тілінің орфоэпиясында қалай айтылса, солай айтып, орфографиясында қалай жазылса солай жазып жүрдік. Ал қазақ тілі қашанда – өміршең тіл болды. Сол өміршеңдік əлеуетінің күшімен ғана 70 жыл бойғы осы «орысша жаз» қасаң стереотипі салдарынан аман сақталып қалды. Мысалы, қазақ тілінде сақ дәуірінен келе жатқан көне парсы сөздері бар. Бірақ, олар парсылық тұрпатынан айырылып, түркі сөздеріне ұқсап кеткен. Бізде моңғол тілінен енген сөздер де бар. Олар да қазақшаланып кеткен. Ертеректе орыс тілінен енген сөздер де сындырылған. Ал Кеңес үкіметі кезінде енген орыс сөздерінің дені игерілмеді. Бұл әлі де жалғасып келеді. Бұлай жалғаса беретін болса, тілдің сыртқы әсерді игеру механизмі тоқтайды. Біз, тілтанушылар, латын əліпбиіне көшкенде сол механизмді жандандырып аламыз деп жұмыс жасап жатырмыз. Сонау 90-жылдары президентіміз «латын әрпіне көшуіміз керек» деген кезден-ақ Институт ғалымдары тіліміздің иммундық тетіктерін қалпына келтіріп, іске қосу мүмкіндігі туды деп қуанған болатын. Сол кезде бұл реформалардың шын өтетініне сенбегендер көп еді, оны «саяси науқан», «саяси ойын» деп есептегендер де болды. Алайда, Елбасының алға тартқан тілтанымдық реформасына Институт ғалымдары үлкен сеніммен қарап, 90 жылдан бүгінге дейін қазақ жазуын латын графикасына көшуді зерттеп қана емес, қалың бұқараға насихаттаумен де үздіксіз айналыстық. Мақсатымыз – ұлттық тілдің иммундық механизмін қалпына келтіру. Тағы бір мәселе, осы 25 әріптен тұратын алфавитті алатын болсақ, онда ағылшын тіліндегі сияқты қазақ тілінде де диграфтар болады. Ендігі жерде орыс тілі емес ағылшынтілді қазақтардың саны көбейетіндіктен, ағылшын тілі біздің донор тіліміз болады. Ағылшын тілінен көптеген жаңа сөзді қабылдаймыз. Сол кезде осы әліпбимен оларды қазақша игеріп алу қиынға соғады. Қазақ тілінің орфографиясымен жазылатын сөздердің саны азайып кету қаупі бар. Міне, сол туралы ойлануымыз керек.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button