Жаңалық

АНАР ФАЗЫЛЖАНОВА: ЖАЗУДАҒЫ ДИСКОМФОРТ ҰЗАҚҚА СОЗЫЛМАЙДЫ

Латын графикасын қабылдауға қоғам дайын ба? Мамандар не дейді?

Латын графикасына көшу қаншалықты ауыр болады? Жазу реформасы біздің елде қаншалықты дұрыс жасалуда?

Кез келген халық өз тілін құрметтеп оны әлдилейтіні рас. Өз тілінде сөйлеген әр азамат өз халқының, өз елі мен тарихының жанашыры. Туған тілді ұмытпау үшін әр халықтың жазбаша мәдениеті ұмыт қалмауы тиіс. Яғни ауызша мұра мен жазбаша байлық қашан да бір-бірімен сабақтасып жататыны анық. Жалпы, тіл мәселесі біздің қазақ халқы үшін қашан да алдыңғы сапта тұратын мәселе. Жүз жылдың ішінде ана тіліміз қайта туып, өлместің күнін кешіп, қайта жаңғыру тағдырын бастан кешті. Халқымыз бір емілінің түрінен екіншісіне бірнеше рет өткен болатын. Бұл тарихи кезеңдердің қаншалықты қиын әрі жауапты болғанын тарих біледі. Олжас Сүлейменовтың сөзімен айтатын болсақ: «1925 жылы елімізде араб жазуы латынға ауыстырылған кезде, аса қиындықтар болмаған еді. Себебі, халықтың арасында сауатты жандардың саны 5% құраған. 1939 жылы кирилл қаріпіне бізді жетелегенде халықтың 30% сауатты болған еді. Бұл дегеніміз тіл емлесінің екінші ауысу кезеңі біршама қиындық туғызған еді. Ал қазір ше? Қазір халықтың түгелдей 100% сауатты. Яғни жаңа реформа салдарынан халық уақытша сауатсыз болып қалады». Қоғам қайраткері О.Сүлейменовтың тілдің ертеңіне алаңдауы заңдылық. Жалпы, латын емлесіне көшу, латын әліпбиінің дұрыстығы және қоғам мен латын емлесінің арасында делдал болатын мамандардың атқарып отырған жұмыстары туралы ақпаратты білу үшін филология ғылымдарының кандидаты,Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Орфография басқармасы басшысы Анар Фазылжанованы әңгімеге тартқан болатынбыз.

Ruh.kz: Анар ханым, қайырлы күн! Еліміз үшін тарихи кезеңдердің бірі латын емлесіне көшу. Осы тарихи кезеңнің аясында қазіргі күні қандай жұмыстар атқарылып жүр?

Анар Фазылжанова: Қайырлы күн! Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшу қарқынды жүріп жатыр Еліміздің барлық министрліктері бұл шараға бел шешіп кірісті. Жасыратыны жоқ, Білім және ғылым министрлігіндегі жұмыстар аздап баяулап тұрған еді. Жаңадан келген министр Күляш Ноғатайқызы Шәмшідинованың келуімен бұл реформаның алдымен мектептерге тікелей қатысты екенін түсініп, атқарылатын шаралардың нақты жоспары жасалып, іс қызды Білім және ғылым министрлігіне қатысты барлық мекемелер және сол мекемелерде қызмет атқаратын мамандар да толығымен латын әліпбиінде жазып сызуды қарқынды түрде үйрену керек деп, Күляш Ноғатайқызының өзі айтқан болатын. Негізінен латын графикасына көшу реформасының бір орындаушысы ҚР Білім және ғылым министрлігі болса, екіншісі еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі. Білім және ғылым министрлігіне қарасты А.Байтұрсынов атындағы Тіл білім институты бұл реформаның теориялық негіздерін жасайды. Сол жасалған мәселелерді халыққа жеткізу және оны енгізу міндеттерімен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің құзыретіндегі мекемелер айналысады. Өзім қызмет атқарып отырған Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталық 2018 жылы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білім институты дайындап берген жаңа емле ережелері жобасының апробациясын, сынамасын түгел сапалы өткізді. Емле ережелерін тек теориялық білімдерге сүйеніп жасау жеткіліксіз. Қазіргі уақытта Қазақстан халқының 90%-астам өкілі түгел сауатты. Сол себепті емлені әдетте сауатсыз халықпен ақылдаспай ғалымдар өздері жасай салатын тәжірибелер көп кездеседі. Мәселен, Түркия елі 1928 жылы жаңа әліпбиге көшкен кезде түрік халқының, әсіресе әйелдер қауымы жазу-сызудан бейхабар еді. Қазіргі таңда біздің елдің жағдайы мүлдем басқа. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ғалымдар жасаған емле ережелерінің жобасын халықтың талқылауынан өткізді. Емленің жобасы елуден астам жоғары оқу орындарының кафедраларына талқылау үшін берілді. Жазу-сызумен айналысатын қазақ тілді үш мың респондент қатысқан емлеге қатысты сынама-сауалнамада емлеге,оның ережелеріне, жазуыларына қатысты нақты мысалдар келтірілген сұрақтар қойылды. Оның сыртында тоғыз тәуелсіз сарапшыға емле ережелері сараптамаға берілді. Тәуелсіз сарапшылардың қатарына осы процестің ішінде қандай да бір себептермен жүрмеген, елге танымал мықты тілтанушы ғалымдар енген. Бұл мамандар «сырт көз» ретінде таңдалды. Емле ережелерінің түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 2018 жылы «Тіл қазына» орталығы Қазақстанның өңір-өңірлерінде үлкен аудиториялар жинап, көзбе-көз 16 000-ға жуық адамға емле ережелерін түсіндерді. Сол жұмыс барысында жиналған қауым тарапынан берілген ұсыныстарды түгел жинақтап, сараптап, тағы да Тіл білімі институты ғалымдарына ережелерді жөндеуге беріп отырдық. Естеріңізде болар, өткен жылы жалпыхалықтық диктант ұйымдастырылған болатын. Көпшілік жазылған мәтіндерде кеткен қателердің статистикасына мән беру керек еді деген пікір білдірген болатын. Осы жағдайға қатысты менің пікірім басқаша, бұл жұртшылықтың жаппай қолына қалам алып латын әліпбиіне қатысты алғашқы жазу тәжірибесі болды. Сол себепті біз назарды қателерден бұрын осы шара арқылы әліпбидің төңірегіндегі халықтың бірігуіне аударуымыз керек. Жалпыхалықтық диктанттың атқарған қызметі сол болды. Болашақта латын әліпбиі әбден енгеннен кейін осындай диктанттарда «қанша қате кетіпті?» деген мәселе көтерілсе, сонда ол орынды болар еді. Қоғам алдында қазір қандай міндет тұр дегенде, бұл реформаның авангарды кім дегенде, ең алдымен бұл реформаны жүзеге асыратын зиялы қауым, қолына қалам ұстаған интелегенция. Олардың қатарына мектеп мұғалімдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, тіл саясатының менеджерлері, соның ішінде қазақ тілін интернет кеңістігіне шығарып жүрген IT-мамандары, журналистер қауымы, баспагерлер, студенттер мен оқушылар. Реформаның сәтті немесе сәтсіз болуы ғалымдарға ғана байланысты деп түсіну дұрыс емес.

 

Ruh.kz: 2020 жылдан бастап латын әліпбиі мектеп қабырғасына аяқ басады деп жоспарланды. Бұл қадамға ата-ана, бала және мұғалім қаншалықты дайын?

 

Анар Фазылжанова: Мектеп табалдырығын енді аттаған оқушының санасы басқа жазулар мен таңбалардан таза. Жасыратыны жоқ ата-ана мен мұғалімге әрине қиын болары анық. Бір графикадан екінші графикаға ауысу қиын. Адамның өмірін жазу реттейді ғой. Әртүрлі ақпараттарды жазу арқылы қабылдап, өзіміздің әріқарай жасайтын қимылдарымызды жоспарлаймыз. Сол уақытта бір таңбамен тұрған жазу екінші таңбамен берілген кезде алғашында психологиялық дискомфорт болуы әбден мүмкін. Ондай жағдайдың болмауы мүмкін емес. Бір қуантатыны, жазудағы дискомфорт ұзаққа созылмайды. Бұл әліпбилер «екі анадан» немесе «екі әкеден» тарамаған, олар біртекті әліпбилер. Латын әліпбиі де, кирилл әліпбиі де бір жазу негізінде пайда болған таңбалар жүйесі. Латын жазуындағы таңбалардың 70%-ы кирилл графикасына ұқсас келеді. Жалпы, латын графикасына қатысты елде болып отырған реформаның принципі демократиялық. Халықпен ақылдасу, халықтың пікірін тыңдау. Процестің ішінде жүргендіктен аталған мәселелердің барлығы да күрделі, әрі шиелініскен болып көрінеді. Ал жазуы жаңа графикаға ауысқан басқа елдердің тәжірибесін қарасақ, еліміздегі реформа әлдеқайда демократиялық жолмен жүзеге асып жатқанын аңғаруға болады. Өзбекстанды, Әзірбайжанды, Түркияны алсақ та, бұл елдердегі жазу реформаларына қатысты өзгерістер бізден өзгеше болды. Бізде артықшылық бар. Бірі – тарихи артықшылық. Мысалы, 1991 жылы экономикалық дағдарыс жылдары Әзірбайжан жазу графикасын ауыстырған болатын. Ғалымдардың естеліктерін оқысаңыз, ол жылдары компьютер, технология қатты дами қоймаған заман еді. Сол қиыншылықтарға қарамастан, Әзірбайжан елі латын қаріпіне көшкен. Кез келген ұлт өз рухына қажет нәрсені жүзеге асыруда қаржыға қарап қалмайды. Екінші артықшылық – бізде емле жасауда халық пікірі ескеріліп отыр. Жазу – рухтың қалыбы! Қазір осы істі дұрыс атқарсақ, еліміздің рухы дұрыс сақталады. Егер жазу ұлттық жүйеге қарсы болса, ұлттың сақталуына нұсқан келтіріледі. Ал Өзбекстан елінің латын графикасына көшу үдерісіне келетін болсақ, оларда барлығы керісінше болды. Өзбек ағайын латын графикасының енгізілуіне қарамастан, кирилл жазуының қолданысына ешқандай шек қоймады. Сол себепті халық латын қаріпімен жазғаннан көрі үйреншікті кирилл қаріптерін пайдаланып жүре берді. Бұның өз артықшылығы болғанмен, реформа уақытын созып жіберетін жағы да бар екен. Осындай әлемдік тәжірибелерді назарға ала отырып, біз өз реформамызды жасадық. 2020 жылдан бастап жаңа ұрпақтың келуімен, бірте-бірте барлық саланы, соның ішінде іс-қағаздар жүргізу саласын латын графикасына көшіріп алуымыз керекпіз. Үкіметтің жоспары бойынша 2025 жылдан бастап барлық ресми орындар түгелдей латын графикасына көшеді. Яғни 2025 жылдан бастап барлық ресми құжаттарды латын графикасында жазуды талап етеді. Ол уақытқа дейін бұл талапты ешкім сұрай алмас.

 

P.S. Қандай да бір жаңалықты, реформаны халыққа жеткізетін, әрі оны түсіндіретін мамандар мен сала профессионалдары алдыңғы шепте тұратын. Халық жаңашылдыққа, жаңа реформаға үйреніскенше дейін, оны өзінің күнделікті өміріне сіңіре білген уақытқа дейін осы алдыңғы шепте тұрған профиссионалдарға ауыр болатын. Себебі барлық түсініспеушілік, жаңашылдықты қабылдамау наразылығы мен қарсылық атмосферасы олардың тұла бойларынан өтетін. Тұла бойдан өткізіп, алған дұрыс бағыттан таймай, аяғынан нық тұратын жаңашылдықтың делдалдары қазіргі заманның қаһармандары десек те болады. Сондай батыл профессионалдардың бірі Анар Фазылжановамен сұхбат алған сәтте оның қазақ жазуына, қазақ мұралары мен болашағына бей-жай қарамайтыны бірден сезілген еді. Латын графикасына көшу жолындағы атқарылған және әлі де атқарылатын еңбектеріңіз елене берсін!

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button