Жаңалық Редакция таңдауы

Аңыз адаммен тарихи сәт

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушылары мен студенттері елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы және ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұманұлының қатысуымен өткен «Мемлекеттік рәміздер ұлттық идеологияның картасы» тақырыбындағы кездесуге қатысты.

Таңбалардың Отандық тарихтағы алатын орны ерекше.  Қазақстан аумағын мекендеген көшпенділер «таңба» ұғымы арқылы өздерін танытқанына тарих куәлік етіп отыр. Алғаш рет бұл термин Түрік қағанаты тұсында қолданыла бастаған деседі.

Еліміз егемендігін алып, іргесі беки бастаған тұста 1992 жылы 4 маусым күні сәулетшілер Жандарбек Мәлібекұлы мен Шот-Аман Уәлиханов жасаған елтаңба қабылданды.

Кездесу барысында Жандарбек ағамыз елтаңбаның дүниеге келуі мен қабылдану барысындағы қиындықтар жайлы, оның қазақтың дүниетамын айқыштайтыны жайлы біраз әңгімеледі. Елтаңбадағы әр бейненің қазақ ұлтының көрінісі мен терең тарихы екенін айтты. Сонымен қоса тек елімізде ғана емес, көршілес Өзбекстанда да көптеген әдемі архитектуралық туындылары жайлы да айта кетті.

Асылбек Байжұманұлы бүгінгі күндегі таңбалар жайлы, мемлекеттік рәміздердің бірі елтаңбаның маңызы жайлы баяндады. Геральдикалық зерттеулер орталығының басты миссиясы мен жұмыс барысы туралы баяндады. Елтаңбаның ұлттық идеологиядағы, отансүйгіштік пен туған жерді құрметтеудегі рөлі және  дәріптеу жолдары тақырыптары әңгіме болды.

Кездесу соңында осы тарихи сәттің естелігі ретінде Жандарбек Мәлібекұлы ағамыз университетімізге үш тілде жазылған «Қазақстан Елтаңбасы» атты кітабы мен елтаңба бейнеленіп, өз қолы қойылған төсбелгіні табыстады. Сыйлы қонақтарымызға Медеу Сәрсекенің «Жайсаң жандардың өмірі» сериясында жарыққа шыққан «Евней Букетов» кітаптары сыйға берілді.

Егеменді еліміздің ең басты байлығы тәуелсіздігімізді көздің қара шығындай сақтау, Отанды сүю, рәміздерді қастерлеу және жас ұрпаққа дәріптеуде осы кездесудің маңыздылығы жоғары. Студенттер елтаңба авторына көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алып, әңгімесін тыңдап рухани байлық алды. Жандарбек Мәлібекұлы мен Асылбек Байжұманұлына кездесуге қатысушылар жылы лебіздерін білдіріп, үлкен қошеметпен шығарып салды.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті

тарих факультетінің оқытушысы

Түсіпбек Қуаныш Есімханұлы

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button