Аңызға айналған әншіге музыкалық тарту
«Астана Опера» өз сахнасында аңызға айналған Бибігүл Төлегенованы 95 жасқа толуымен құттықтауға келген тамаша орындаушылардың, танымал өнер қайраткерлерінің басын қосты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсеткен бұл концерт «Астана Операның» біртуар опера әншісіне жасаған музыкалық тартуы болды, деп хабарлайды Ruh.kz.
Қазақстанның ең ардақты әншілерінің бірін өз көзімен көруге келген жандар залға әрең сыйды. Кеш Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан «Тойбастар» жарқын көрінісімен басталды. Б.Төлегенова байқауының лауреаттары Расул Жармағамбетов пен Татьяна Вицинская, «Астана Опера» хоры, оркестрі мен балет труппасы дирижер, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен бүкіл концертке мерекелік шырай қосты.
Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаевтың мәнерлеп оқуындағы Фариза Оңғарсынованың «Бибігүл – ән» өлеңі кештің көркіне айналды. Мерейтой иесінің шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забированың орындауындағы Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әйгілі әні барша халықтың сүйіспеншілігі ретінде қабылданды. Бұл ән Б.Төлегенова шығармашылығында әлдеқашан бейресми символға айналған еді.
Бибігүл Ахметқызының көрермендермен бірге залда отыруы кешке айрықша атмосфера үстеді. Әр өнер көрсету оның шығармашылығының тарихымен байланысқандай, ал сахнаның бейнерәсімделуі жастық шағына жетелегендей болды.
Танымал әнші, Башқұртстанның халық әртісі Альфия Каримова өз тәлімгерін құттықтау үшін Башқұртстаннан арнайы келіп, Джоаккино Россинидің «Севильдік шаштараз» операсынан Розинаның каватинасын орындады. Дирижер тұғырында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяров жарқын өнер көрсетті. Камиль Сен-Санстың музыкасына «Аққу» нөмірін ұсынған атақты балерина, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Бекетаева мен опера әншісі Назым Сағынтайдың өнер көрсетуі ең жарқын нөмірлердің бірі болды. Арфа, виолончель мен симфониялық оркестрдің үні арқылы үйлескен би мен вокал кешке өзіндік ерекшелік қосты.
«Ата толғауы» қазақ биін орындаған «Астана Балет» труппасы ерекше сый-сияпат жасады. Көрермендер «Forte Trio» аспаптық ансамблінің орындауындағы қазақ әндерінен попурриді де ықыласпен қабылдады.
Қазақстанның халық әртісі, домбырашы Айгүл Үлкенбаеваның интерпретациясындағы Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» шығармасы аспаптық музыканы таныстырды. Ал Қазақстанның халық әртісі Шахимардан Әбілов «Астана Опера» балалар хорымен бірге Абайдың әйгілі «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындады. Табиғаттың өзі әр сөзге қосылып ән салғандай естілді. Дирижер Руслан Баймурзиннің жетекшілігіндегі оркестр осынау туындының нәзіктігін дәл жеткізе білді.
Бибігүл Ахметқызының вокал байқауының лауреаттары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Чотабаев, Жанат Шыбықбаев Джакомо Пуччинидің «Тоска» операсынан Te Deum көрінісі мен Каварадосси ариясын, ал Салтанат Ахметова Шарль Гуноның Мирелла вальсін орындап, көрермендерді өздерінің шеберліктерімен тәнті етті. Әрі қарай кеш «Тенорлар шеруіне» ұласып, «Астана Опера» солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнеш, Талғат Аллабиринов пен Нұрғалым Аманбай жарқын өнер көрсетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Б.Төлегенованың шәкірті Зарина Алтынбаева, Айгерім Темірбекова, Самал Байсейітова, Азиза Омарова, Дінмұхамед Көшкінбаев, Алтынбек Әбілда мен Әлихан Зейнолланың нөмірлері де қызықты болды.
Концерттің Александр Зацепиннің «Көктем туралы әнімен» аяқталуы кештің шарықтау шегі болды, онда «Астана Опера» дирижері, Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдиннің басқаруымен кешке қатысқан барлық әртістер өнер көрсетті. Аңызға айналған Бибігүл Төлегенованың қатысуы бұл сәтке ерекше тебіреніс үстеді. Ол әртістермен бірге қорытынды әнді ұсынып, өзінің сахнаға шығуымен және ән орындауымен барлық буын өкілдерін біріктірді.
Одан кейін әнші жас әртістер мен жиналған қауымға өзінің батасын берді, ал көрермендер оған қошеметін жаудырып, Қазақстанның өнері мен мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін ризашылықтарын білдірді. Бибігүл Төлегенованың сіңірген еңбегі мен шеберлігіне деген құрметтің белгісі ретінде оған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан гүл шоқтары табыс етілді.