«Ақ бата» онлайн сайысы өтті
«Батаменен ел көгерер» деп бекер айтпаса керек. Бата – қазақтың бітім-болмысымен біте қайнасқан ата дәстүрі.
Осы ретте, Кенжекөл ауылдық округінде өскелең ұрпаққа батаның, асыл сөздердің, тәрбиелік мәнін ашу және ана тіліне қазақ халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға, үздік отбасылық дәстүрлер мен құндылықтарды сақтау мақсатымен «Ақ бата» сайысы өтті.
Аталмыш іс-шара ұлттық салт-дәстүрді игеруге, жастардың бойына қазақ халқының рухани байлығын сіңіру және білімдерін кеңейту, ұлтымыздың дәстүрлерінен үлгі алуға бағытталған.
Кенжекөл ауылдық округі мәдениет үйінің директоры Сандуғаш Асаубаеваның айтуынша: «Бата – халық дәстүрі, халық қазынасы. Бұл дәстүр әлі күнге дейін жойылған жоқ. Кенжекөл ауылдық округінде алғаш рет осындай сайысты ұйымдастырып отырмыз. Сайысқа белсенділік танытып, ауылдың қариялары қатысып жатыр».
Бата беру сайысына 11 адам қатысты. Ауылдық округ әкімі Серік Шуақбаев басқарған әділ-қазылар алқасы бейнежазбаның сапасына, киген киіміне, бата мазмұнына және орындау шеберлігіне қарап дауыс берді.
Әділқазылар алқасы қорытындысын шығарып келесі жеңімпаздар анықталған болатын.
Бас жүлдені 80 жастағы Қошқарбаева Еқтай Тюлюбаевна иеленсе, I орынды 72 жастағы Жиғанбай Дубай, II орынды 72 жастағы Турлубаев Асқар Ғабитұлы, III орынды 85 жастағы Темірбек Алтай иеленді.
Қатысушылар бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
Айта кетейік, «Ақ бата» онлайн сайысы Кенжекөл ауылдық округі мәдениет үйінің инстаграм парақшасында (@dkkenzhekol2020) өтті.
Павлодар облысы,
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі