Жаңалық

АҚ ҚАНАТ ЖЫРЛАР

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының пешенесіне жазылған текті ерлердің бірі.

Қасық қаны таусылғанша тектілігінен айырылмай, ақ жолынан адаспай, азаматтығына кір келтірмей өткен асыл азаматпен бұл күнде жас өрен ізбасарлары жиі тілдеседі, мұңдасады, шағымданады. Ахметті біз тұтас төл буынның басы деп қарастыруымызда, Абайдан кейінгі буынның көсемі деуіміз де дұрыс. Ахаң – әмбебап адам.

Күнделікті әдеби өмірден хабардар болып жүретін әдетіміз бойынша өз замандастарымның шығармашылығына терең бойлап, аяқ алыстарын байқап көрдім. Дәуір перзентіне өзінің мұңы мен сырын ашып, ашыла айтқан жас ақын, ғалым – Батырлан Сағынтаев. Бұл жігіт – Аманкелді ауданына қарасты Есір ауылының тумасы. Руы – Өтей. Кезінде бір ағам «Өтейдің кесесіне дейін ақын болады» деп еді. Шындығында, өтейліктердің терең тамырын қарастырғанымызда, осал ешкімді таба алмадық. Бәрі талантты. Сондай қан арқылы берілген талантты тежемей, керісінше, шабытын шарықтатқан жігіттің бір бума өлеңдері алдымда жатыр. Ең ұнаған өлеңі – Ахмет атасымен тілдескені. Бұл өлеңді оқи отырып Абайдың «Қалың елім қазағым…» деген өлеңін еске түсіресіз. Бұл – әдеби дәстүр. Рухани сарын. Бұл сарынға сүйеніп жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің «Абайға шағым» жазғаны бар. Жас ақында осы дәстүрді басқа қырынан алып, өзінің қоғам жайлы ойын іркілмей, қымсынбай жазыпты. Тілдесуін былай бастапты:

Қайран баба қолдайтын рухың қайда? Қайғыменен аламын жұртымды ойға …

Амалсыздан өзіңе мұң шағамын. Елдің дерті жайғанда уытын бойға. Қушыкештің тұрмастан қолды-аяғы.Әдеттері келеді қалмай әлі. Өсек баққан, бәле аңдып, кесір мінез.Өзгермеді қазағың сол баяғы. «Ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей, заман өзгерсе де қазақ халқының өзгермегенін баса айтып, налыған ақын мына бір шумағында тіпті елдің хал-ахуалын ешбір боямасыз дәл көрсеткен. Қарап көрелік, Тұлпарларын сүрінтіп алға шапқан

«Ел» дегені аман-сау қалмас оттан.Ұлығы жүр құлқынан аса алмаған.Ұлтыңда жүр намысын нанға сатқан.

Бұл – өтірік емес. Біздің елде қара тобырдың жағдайын ойлап, жақсылық жасағандары саяси террордың арқасында, бозторғай қой үстіне жұмыртқалаған кезеңде жер құшты. Жағымпаз болып, кім көрінгеннің табанын жалап жүргендері аман. Олар арларын сатып, тектілігінен айырылған. Шенеуіктердің көбі ел мүддесінен гөрі табыс табудың қамын ойлап, халық қазасынан опырып, жемсауларын толтырды.

Бұл жағдай болашағымызды тұсаулайды. Бірақ, кейінгі ұрпақ саналы. Бәкеңнің өлең жолдарына қарап-ақ, болашақтың егелерін бағалай беріңіз.

Батырлан − Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық пединститутының белсенді студенті, Міржақып Дулатұлы атындағы әдеби-мәдени бірлестіктің белді мүшесі. Айтыскер ақын ретінде де облыс көлеміне танымал. Мектеп жылдарында-ақ, облыстың алтын кітабына есімі енген.

Жас қалам иесінің жазған өлеңдері өсіпті. Көлемі жағынан емес, мән-мағынасы жағынан. Өзіміз Ахметтану саласында жүргендіктен бе, тағы бір Ахаңа арнаған жыр жолдары ерекше ұнады. Аталмыш өлеңнің ұнағаны соншалық, Сіздердің назарларыңызға еш жерін қимай, өзгертпей толық ұсынып отырмыз.Өр рухын елдің жаратса құдай асқар ғып, қанша саз керек жырлауға оны дастан ғып. Аналардың көз жасына малшынып.Бабалардың қанымен жеткен бостандық.Аруана тірлік боздаса жанды мұңайтар…Ірілік қылып іргесін елдің нығайтар,Ахметтердей арыстарыңның барында.Қазақтың қатыны ұл тумады деп кім айтар?! Жүрсекте біздер жүгенсіздікпен елемей, толқында тулап тас-талқан болған кемедей. Ахаңдар көрген ауыр азаптың жанында.Ең биік деген таулардың өзі төбедей.Ордамды ешкім санамасада осалға. Халқының санын толтырмай жатыр еш арна.Азат күнің үшін Ахаңдар өтті күресіп. Аз халықтардың қайғысы үлкен қашанда. Керемет! Өлең жолдары балталауға да, қамшылауға да келмейді. Үйлесімді теңеу мен жанасқан ырғақты қайшымен де қиюға да батылың бармайды. Замандас жігіттің өлеңдерінің барлығында елдің тірлігі нанымды бейнеленеді. Әрбір өлеңін оқи отырып, бүгінгі қазақ поэзиясына жаңаша ізденіспен келе жатқан өкілінің бар екеніне қуандым. Шынайы қуанғаным, қазір шөп те, шөңге де өлең. Екінің бірі ақын. Өлеңші көп, ақын аз. Поэзия айдыны кім көрінген шомылатын көлшікке айналып барады. Осындай өтпелі, ауыр кезеңде, әдебиеттің қадірі азып-тозған уақытта көркем әдебиет әлеміне асқан құштарлықпен келе жатқан жауқазын жырдың иесіне жазарың көбейсін демекпіз. Туған елге бергенінен берері көп жігіттің болашағынан күтеріміз көп. Жас қаламының мұқалмауына әрдайым тілектеспіз. Тәңірі сәтін салса, әлі талай өлеңдеріне әділ бағасын берерміз. Қазақ елінен, соның ішінде киелі торғайдан шыққан кіл мықты ақындардың жолын жалғастырып, өзің армандаған «Нұрханның қырынан ас!». Шап, замандас!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button