АҚДМ MediaCAMP Эдьютон-2021 семинарының ашылуына қатысты
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев министрлік медиа саласындағы мамандарды оқыту мәселелеріне ерекше назар аударатынын айтты.
Internews Халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілдігі ұйымдастыратын MediaCAMP Эдьютон-2021 әдістемелік семинарының ашылуы өтті. Ашылу рәсімінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев, Internews-тің Орталық Азиядағы өкілдігінің басшысы Марат Бигалиев, USAID-тің Орталық Азиядағы өңірлік миссиясының директоры Кристофер Эдвардс сөз сөйледі.
Эдьютон-2021 мақсаты – қатысушыларды жаңа дағдылар мен білімге үйрету, тәжірибе алмасу, сондай-ақ тәжірибелі менторлардың көмегімен медиалық және цифрлық сауаттылықты дамыту бойынша жаңа жобаларды әзірлеу.
Семинарларға Қазақстаннан, Тәжікстаннан және Өзбекстаннан конкурс бойынша таңдалған 50 қатысушы қатысады.
Эдьютон-2021 әдістемелік семинарының ашылуында сөйлеген сөзінде Кемелбек Ойшыбаев саланың дамуына қосқан үлесі және елдегі медиа және ақпараттық сауаттылықты дамыту бойынша жемісті жұмысы үшін Internews-тің Қазақстандағы өкілдігіне алғыс білдірді.
Ол Министрлік медиа саласындағы мамандарды оқыту мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті.
Мәселен, 2020 жылы білім беру процесін жүйелендіру және сала мамандарының кәсіби деңгейін арттыру мақсатында Министрлік Медиа саласы мамандарын оқытудың 2020-2021 жылдарға арналған арнайы жоспарын бекітті.
Кемелбек Ойшыбаевтың айтуынша, Арнайы жоспарда кадрларды тиімді даярлауға және сала мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шаралармен қатар халықтың медиа және ақпараттық сауаттылығын қалыптастыру бойынша іс-шаралар да көзделген.
Вице-министр медиа саласының мамандарын оқыту және халықтың медиасауаттылығын арттыру мәселелерінде ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.