Қостанай облысы

Ақмешіт

Нысан мерзімі: 1893 жыл.

Нысанның орналасқан жері: Қостанай қаласы,  Әл-Фараби даңғылы, 44.

Мұсылмандар мешітінің ғимараты XIX ғасырдың соңындағы Қостанай қаласындағы діни сәулет ескерткіші болып табылады. Мешіт жергілікті қазақтар, татар және башқұрт көпестерінің бастамасымен бой көтерген.  Жаңа мешітке негізгі қаржы бөлуші белгілі көпес, Троицкідегі «Ағайынды Яушевтер» сауда үйінің өкілі Абдулвали Яушев, Арақарағай болысының бастығы Мінайдар Қылышбаев, қажы Есентай болды. Өрнегін жасап, әшекейлеу үшін Санкт-Петербургтен шеберлер шақырылған.

Биіктігі 6 метр болатын мешіт ғимараты екі қабатқа бөлінген. Киіз төселген төменгі қабатта – кедей мұсылмандар, қабырғалары мен едені бар және кілем төселген жоғарғы қабатта жергілікті ақсүйектер намаз оқыған. 1920-шы жылдардың аяғында мешіт жабылды. Кеңес үкіметі кезінде ғимаратта клуб, эвакопункт, жас көрермендер кинотеатры, облыстық филармонияның концерт залы орналасты. 1991 жылдан 2016 жылға дейін бұл ғимарат мешіт ретінде пайдаланылды.

2019 жылдың қыркүйек айынан 2020 жылдың мамыр айына дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында мешіт ғимаратында ғылыми-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Еліміздің танымал сәулетшілері мұрағаттарды алдын ала зерттеп, ғимаратты жөндеу барысында оның бастапқы келбетін қалпына келтіру үшін мешіт фотосуреттері мен құрылыс сызбаларын іздестіріп, Орынбор мен Уфаға барды. Қалпына келтіргеннен кейін Ақмешіттің әсем де зәулім ғимараты қала тұрғындарының  көз жауын алып, Қостанайдың басты көрікті жерлерінің қатарынан орын алды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button