Ақмола облысында Абылай хан заманының қабір тастары табылды
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тың бастамасына айналған мемлекеттік маңызға ие «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бөлімі аясында көптеген игі істер атқарылып, ұлт руханиятының көкжиегі кеңуде. Әсіресе тарих-кітабының ашылмай қалған беттерінің шаңы қағылып, асыл қазыналар жарыққа шығуда. Ақтаңдақ беттері қайта оқылуда.
Соның бір дәлелі ретінде, Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданында (Қазақстан ауылына жақын орналасқан Уәли хан мазарынан солтүстік-батысқа қарай 10 шақырым жерде) егіс дала жұмысы барысында шаруалар ескі жерлеу орны болып келетін арабша жазылған гранит түріндегі екі тақта тасын тапқан. Бұл мемлекеттік маңызға жаңалық болып отыр. Бұл туралы «Азияагрохим» ЖШС-нің директоры Б.Б.Козлов жыртылған жерге өзі де барып көріп қайтқан.
Ағымдағы жылдың 21 мамырында осы жерлеу орынды анықтау мақсатында Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» МКМ-нің инспекторлары, «Зеренді ауданының тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің» және«Ақкөл ауылдық округі әкімі аппараты» ММ-ніңмамандары мен жергілікті өлкетанушылардан құралған құрам аталмыш объектіге барды. Екі жерлеу орнынан басқа, сол жерден тағы 30 шақты белгісіз мұсылман зираты анықталды.
Аталмыш тарихи орынды кәсіби деңгейде анықтау мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Р.Б.Сүлейменов атындағы шығыстану институтынан (Алматы қ.) арнайы маманды шақырды.
Арабша жазуды оқу барысында, жерлеу орын XVIII ғасырдың басы – XIX ғасырдың соңында жазылып, тастың біреуі – қажынікі, ал екіншісі – Абылай ханның қасында жүрген нөкерінікі деп топшыланды.
Абылай хан туралы бірер сөз
Абылай хан, Әбілмансұр (1711-1781) – қазақ ханы, ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат. Арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары Қазақ даласының негізін салған Әз-Жәнібек.
Жәңгір қайтыс болып таққа Тәуке отырғанда, Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, Қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан Көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Бұл, Шоқан Уәлихановтың айтуына сүйенсек, Абылайдың 13 жасар кезі болса керек (онда Абылайдың 1710 жылы туған деуге негіз бар).
Қай жылы туса да, 1730-1733 жылдары аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (күйеу баласы) Шарышты өлтіреді.
Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналды. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанды.
Абылайдың 20 жасы қай жылға сәйкес келуіне байланысты, қай шайқасқа қатысқаны туралы болжам айтуға болады. Бұл, әрине Абылай қатысқан алғашқы соғыс емес. Ел әңгімелері, тарихи жырлар Сабалақ әуелде Бөгенбай жасақтарының құрамында жорық-жортуылдарға қатысқанын айғақтайды. Абылайдың 1730-1733 жылдары болған бір ірі шайқасқа қатысқаны дау тудырмайды. Абылайды 20 жасы 1733 жылға сәйкес келсе, дәл сол жылы қазақ пен қалмақ арасында үлкен майдан болғаны қытай деректерінде атап көрсетілген. Абылайдың әскери қайраткерлігі, қолбасылық қабілеті 1730-1740 жылдардағы шайқастарда ерекше көрінді.
Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай, т.б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. Бұл да Абылайдың жауға қарсы қазақ халқының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады.
18 ғасырдың 30-шы жылдарының аяғында Абылай есімі бізге белгілі құжаттарда Әбілмәмбет ханмен қатар аталады. Орыс тарихшысы А.Левшин: «1739 жылы Орта жүзде Сәмеке (Орта жүздің батысындағы аз санды руларды биледі) ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізген» – деп жазды. Шоқан Уалиханов та осы пікірді қолдайды.
Абылай көреген саяси қайраткер бола отырып, қалмақтармен аса ауыр соғыстардан қалжыраған елінің есін жиғызу үшін дипломатиялық жолдарды да тиімді пайдаланды. 1740 жылы тамызда Орта жүз ханы Әбілмәмбетпен, тағы да басқа 120 старшынмен Орынборға келіп, орыс өкіметінің «қамқорына» кіруге келісімін білдірді. Сонымен бір мезгілде қазақ халқының тұтастығын сақтау мақсатында Шың империясымен де қарым-қатынасын суытпады. Петербор мен Бейжіңге елшіліктер аттандырды (1757-1777 жылдары Бейжіңге 10 елшілік жіберген). Ол Ресей мен Қытай империяларының өзара қайшылықтарын қазақ хандығы мүддесін пайдаланып отырды. Абылай 1745 жылы Қалдан Серен дүние салғаннан кейін Жоңғарияның билеуші топтарының тақ таласынан әлсіреп, бұрынғы әскери қуатынан айырыла бастауын және уақытша билігінде қалған қазақ жерлерін қайтаруға, елдің дербестігін толық қалпына келтіруге пайдалану үшін барынша күш салды. Абылай қазақ елінің тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін жағдаяттармен аянбай күресіп, дербес сыртқы саясат ұстанып өтті.
1749 жылы тамыз айында Неплюевпен кездесуінде Жәнібек тархан: «бұрын Орта жүзде Әбілмәмбет хан болған, бірақ ол біраздан бері Ташкентте тұрып жатыр, ел басқарудан қалған. Барақ сұлтан зұлымдық ісі үшін қашып жүр. Онда жалғыз Абылай сұлтан ғана билік жүргізіп отыр», – деп көрсетті.
Жазба деректерде Абылайдың шет ел басқыншыларына қарсы табанды соғыс жүргізгендегі айқын көрсетіледі. 1752 жылы ол бастаған қазақ әскері шамасы 15-20 мың адамдай ойрат қолының шабуылына тойтарыс берді. 1753 жылы желтоқсанда Абылай жоңғар әскерлерімен шайқасып, бірталай қазақ жерін азат етті. 1754 жылы сәуірде Абылай бастаған 1700 қазақ әскері 10 мың қалмақпен соғысуға мәжбүр болса, сол жылдың шілде – тамыз айында 4 мың әскермен Жоңғарияға жорық жасап, 3000 қалмақты тұтқынға түсірді. 1756 жылы Абылайдың бастауымен қазақтар қытайлар мен қалмақтардың біріккен күшімен екі рет шайқасып, оның бірінде жеңіліп, екіншісінде жеңіске жетті. 1757 жылы Абылайдың 6 мың әскері Қытайдың 40 мың әскерімен шайқасқаннан кейін, қытайлар Абылайдан бітім сұрады.
1753-1754 жылдардағы шайқастарға Қабанбай, Бөгенбай Жанатай, Керей Жәнібек, Өтеген батырлар қысы-жазы үзбестен қатысты. Абылай бірде Қалдан Серенмен бітімге келсе, бірде Дабашыны (Давациды) шауып, бірде оны және Әмірсананы өзіне паналатты. Сөйтіп Ойрат ұлысының бөлшектене беруін көздеді. Тегеурінді әскери қимылмен қатар жүргізілген дипломатиялық әрекеттері Абылайды өз заманының ұлы қайраткерлері деңгейіне көтерді. Осының нәтижесінде Абылай әскері 1771 жылы Мойынты өзенінің бойында болған қалмақтармен ауыр шайқаста жаңа жеңіске жетті.
Саяси ахуал тұрақталған шақта Абылай қазақ жерінің бүтіндігіне қол сұққан басқалармен де ымырасыз күрес жүргізді. 1754-1755 және 1764 жылдары қырғыздарды, Жауғаш, Көкжал Барақ және Шынқожа батырлар бастаған әскерлерді Ақсу, Көксу және Шу бойында талқандайды. Осы себепті Абылай 1755-1765 жылдары Қырғыз ұлысына жорық жасап, Іленің сол жағасын, Шу бойын тазартады, қазақ пен қырғыздардың Нарынқолдан Қордайға тартылған, күні бүгінге дейін сақталып отырған шекарасын анықтайды.
1765-1767 жылдары Абылай қолының Қоқан билеушісі Ерденбекпен соғысының нәтижесінде Түркістан, Сайрам, Шымкент қалалары қайтадан қазақтар иелігіне өтті.
Екі жүз жылға созылған қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінің соңғы жаңғырығы алаш жұртының санасында «Шаңды жорық» деген атпен белгілі. Бұл 1771 жылы Еділ қалмақтарының жоңғарға қазақ жері арқылы үдере көшуі еді. Кіші жүздің ханы Нұралы асығыс әскер жиып, Жем бойында қалмақтарға алғашқы соққы берді. Балқашқа жақындаған кезде Абылай бастаған қазақтың қалың қолы қалмақтарды қоршауға алды. Осы кезде қалмақ басшылары Ұбашы мен Серен бітімге келуді, бүкіл ел-жұртымен бодандыққа қабылдауды сұрап, елші жіберді. Кіріптар ұсынысты талқылау үшін шақырылған әскери кеңесте Абылай тағы да көрегендік танытып, жеңілген жауды қырып-жоюдың қажеті жоқ екендігін дәлелдеуге тырысты. Жоңғардан азат етілген шығыстағы жерлерге қазақ ауылдарын апарып түпкілікті қоныстандыру да Абылай саясатының тереңдігін айқын көрсетеді. Оның әрбір іс-әрекеті қазақ халқының бүтіндігін, елі мен жерінің тұтастығын сақтауға бағытталды. Билікке таласқан Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өлтіргенде де Абылай ел бірлігін ойлап қынжылып, Төле бимен тізе қоса қимылдап, сұлтанды жазаға тарту жағында болды.
Абылай соғыс жағдайына сай қол астындағы елде, әскер ішінде қатаң тәртіп орнатты. Сондықтан да хан бастаған жауынгерлердің ел-жұрты мен ата мекенін қорғау рухы жоғары, ұзақ жорықтарға шыдамды, шайқас даласында тегеуріні қатты болды. Абылай сан жағынан әлдеқайда басым жаумен шайқасудан еш тайынбады және көбіне үстем шығып отырды. Ол қазақ хандығының күшін біріктіріп, әскери жағынан қуатты мемлекетке айналдырды.
1771 жылы жасы жеткен Әбілмәмбет хан дүние салды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Орта жүздің ханы болып не Әбілмәмбеттің інілерінің бірі, не үлкен ұлы Әбілпейіз сайлануға тиіс еді. Алайда қандай да бір нақты себептермен абыройлы ақсақалдардың, батырлар мен би-шешендердің, басты сұлтандардың, Әбілпейіздің өз қалауымен үш жүздің басшы өкілдері бірігіп, Түркістанда Абылайды хан көтерді.Тарихи деректер, бойынша Абылай іс жүзінде жалғыз Орта жүздің ғана емес, бүкіл қазақ ордасының ұлы ханы болды. Қытай императоры, Жоңғария хандығы, Орта Азия мемлекеттері Абылайды бүкіл қазақ ханы деп ресми түрде танығанымен оның беделінің өсіп бара жатқанынан сескенген Ресей патшасы Екатерина ΙΙ Абылайға Орта жүз ханы ретінде ғана сый-сыяпат көрсетті. Бұл бір жағынан «бөліп алда, билей бер» саясатының көрінісі еді. И.Неплюевтің: «Қырғыз халқында бас ханның болуы пайдалы болмайтыны былай тұрсын, зиянды да болу мүмкін» деген пікірі мұны аяғақтай түседі.
Күллі қазақ жұрты руханиятты, сананы, идеологияны жаңарту бағытына, яғни, «Рухани жаңғыру» бағытына бет бұрған кезде екі ғасыр бұрын ғана Шығыс Түркістанды дүркіретіп билеген, қос державаның арасында тұрып, ұлан-ғайыр даланы аман сақтап қалған дипломат бабамыз, қазақтың ең керемет ханы жайлы білмесек ұят. «Рухани жаңғыру» тұсында өткен тарихты саралап, бүгінгімізбен ойланып, болашаққа жоспар құра білу қажет. Ендеше сонау жоңғар шапқынышылығын, қоқан мен шүршіттің дүрдараздығына төтеп берген асыл ер Абылайдың өмір жолын жатқа білу бізге міндет. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да жас ұрпақтан осы нәрсені, яки біліктілікті талап етеді. Тарих томдарын парақтасаң, Абылайдың шешендігін, батырлығын, елшілік қасиетін қиындықсыз аңғаруға әбден болады. Жас күнінен болмысы ерек болған азаматтың Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі күні осылай салтанат құруына сіңірген маңдай тері мол. Ендеше ұлыларды ұлықтай білген елдің перзенті ретінде «Рухани жаңғыру» тұсында Абылай дүниесі қайта жаңарып, насихатқа бөленсе, бұл – ұлттың болашағы үшін үлкен бетбұрыс.