Жаңалық

Ақмола облысында глэмпинг дамытылмақ

Аймақта тұрмысқа қажетті, қолайлылығы қарастырылған жабайы табиғатта демалатын экотуризмнің жаңа түрі дами бастады.

Пандемия салдарынан қаладағы қоғамдық орындар, музей, демалыс орындарына шектеу болғандықтан, экотуризмге деген қызығушылық күрт артты. Осыған орай Ақмола облысы Біржан сал ауданындағы Жүкей көлі жағасында «Жұлдызды орман» атты глэмпинг демалыс аймағы салына бастады.

Жоба авторы Айнұр Қуанышқызының айтуынша, індеттің таралуы барлық салаға түбегейлі өзгеріс әкелді. Атап айтқанда, карантиндік шаралар туризм саласына айтарлықтай әсер етті. Көптеген елдерде төтенше жағдай жарияланып, шетелден келетін қонақтарға шектеу қойылып, шекаралары жабылды.

«Бүгінде қалыптасқан жағдайлар ішкі туризмді дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруға үлкен мүмкіндік береді. Біздің ойымызша, глэмпингтер желісін құру маңызды бағыттардың бірі. Қатаң карантиндік талаптарға сәйкес, көптеген адамдар таза ауада демалуға тырысады»,-дейді Айнұр Қуанышқызы.

Жаңа демалыс аймағында қонақтарға төрт адамнан тұратын отбасы мүшелері орналаса алатын 11 жайлы орын және тікелей фермалардан жеткізілетін табиғи өнімдерден жасалатын тағамдар ұсынылады.

Сондай-ақ, демалушылар таза ауада кәуап дайындап, өз уақыттарын көңілді өткізе алады. Демалыс аймағының кешенінде қонақтарға арналған мейманхана, киіз үй, балаларға және үлкендерге арналған бассейн, монша, спорттық алаңдар және тегін көлік қойылатын аула қарастырылған.

Демалушылар атқа мініп саяхаттап, квадроцикл, велосипед теуіп, көңілдеріне қонымды істермен айналыса алады. Жөкей көлінің жағасында балық аулап, табиғат аясында демалады.

Біржан сал ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Марал Шаужанова өңірде глэмпингті іске қосу экологиялық туризмді дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

«Глэмпинг – тұрмысқа қажетті заманауи заттармен жабдықталған жайлы орындар құрып, табиғатта демалғанды жөн көретін жандарға арналған демалыс орны. Табиғаты әсем, таза ауа әрі сыңғырлаған құстардың даусы бар біздің өңірге келетін демалушылар саны одан сайын арта түсеріне сенім мол», – дейді Марал Шаужанова.

Айта кетейік, БҰҰ-ның Бүкіләлемдік туристік ұйымы ауылдық және экологиялық туризмді дамытуды атап өткен. Себебі пандемия әсерінен экотуризм жаһандық туризм үлесінің 30%-ын құраған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button