Ақмола облысында «Рухани жаңғыру» міндеттемелерінің іске асырылу барысы талқыланды
2018 жылдың 18-маусым күні арнайы сапармен ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыру жұмысының мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Бақытбайұлы Байымбетов бастаған республикалық комиссия мүшелері Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде орналасқан «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының өңірлік жобалық офисінде болды.
Қалдыбек Бақытбайұлы университетте арнайы ашылған орталықта болып, Ш. Уәлиханов атындағы КМУ ректоры М.Қ.Сырлыбаевпен және орталық жетекшісі Г.Т.Тілеубердинамен кездесті.
Шара барысында комиссия мүшелері Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының Ақмола өңірінде қалай іске асырылып жатқандығы туралы мәлімет алып, кейін білім ордасында орналасқан өңірлік жобалық офисін аралады. Онда кабинеттердің жабдықталу жай-күйімен танысып, жұмыс істеп жатқан қызметкерлермен кездесу өткізді.
Аталмыш шараға «Өрлеу» облыстық білім жетілдіру институтының директоры, облыстық депутат Е.Т.Ишимбаев, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының жетекшісінің м.а. Г.Б.Шукеева, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ ректоры М.Қ.Сырлыбаев, сондай-ақ Қазақстан халқы Ақмола облысы ассамблеясының мүшелері, облыстық, қалалық білім және мәдениет басқармаларының қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында Елбасының арнайы тапсырмасымен құрылған комиссия мүшелері өңірде жүзеге асып жатқан осы бағдарламаның құндылығы жайында айта келіп, аталмыш бағыт бойынша елімізде атқарылып жатқан игі іс-шаралар жөнінде кеңінен әңгіме қозғады. Сонымен қатар, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған «Рухани жаңғыру» және «Туған жер» бағыттарындағы негізгі мәселелердің жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Келелі кеңесті жүргізіп отырған Қалдыбек Бақытбайұлы: “Өткенімізді бағалау, тарихымызды таразылап, келер буынның кәдесіне жарату – рухани жаңғыруымыздың тармағы. Ата-бабаға құрмет – ұрпақ парызы болмақ”, – деп өз ойын түйіндеді.
Жиын барысында қатысушылармен сындарлы сұхбат құрылып, табысты да нәтижелі жұмыстар істеуге мүмкіндік туындады. Арнайы басқосуға қатысушылар Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы аясында өңірде іске асырылып жатқан игіліктерге бірқатар шолу жасап, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, арнайы қонақтар мен ұйымдастырушылар арасында байланыс орнап, әр тарап өздерінің көкейге түйіп жүрген ұсыныстарын ортаға салды.
Жалпы, Ақмола өңірінің жұмыс барысымен танысқан арнайы комиссия мүшелері атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға көңілі толып, риза болып қайтты.