Сұхбат

Ақмола облысындағы 40-тан астам елді мекенге тарихи атауларын қайтару ұсынылды

ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының 2017-2020 жылдар аралағында Ақмола облысының аумағында жүргізген топонимикалық зерттеу жұмыстарының қорытындыларын жариялады деп хабарлайды Ruh.kz

«Халық қазынасы» институтының ғылыми қызметкері Ирина Бекзатқызы соңғы үш жылда Ақмола облысының аумағындағы жер-су атауларын зерттеуге бағытталған жұмыстарды жүргізу барысында бірегей деректерге қол жеткізілгендігін мәлімдеді.

«Жалпы өңірдегі өзге тілдегі атаулар Ресей империясының саясатымен, сондай-ақ Кеңес үкіметі мен тың және тыңайған жерлерді игеру кезіндегі қоныс аудару процесімен тікелей байланысты. Жер-су атауларына қатысты деректер ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басын қамтиды.

Үш жылдық жұмыс барысында ҚР Орталық мемлекеттік архивіндегі деректер қаралып, қоныс аудару саясаты кезіндегі түрлі хаттамалар, есептер мен қызметтік хаттардың көшірмелері алынды. Ресейдегі Омбы облысының тарихи архивінде жұмыс жүргізе отырып, бірегей картографиялық материалдарға қол жеткіздік.

Атап айтсақ, «1915 жылғы Көкшетау, Омбы, Атбасар және басқа да уездердің қоныс аудару учаскелерінде қонысқа орналастыру және есепке алу барысы туралы тізімдемелер» деп аталатын архив құжаты бойынша елді мекен аттары бастапқыда ана тіліндегі қазақ атауларымен аталса, қоныс аударушылар келгеннен кейін ауыл тұрғындарының шешіміне сәйкес орыс тіліндегі атауларға алмастырылғандығын көруге болады.

Мысалы, Бұланды ауданындағы Макинка ауылы туралы айтсақ, оның алғашқы атауы бірнеше архив құжатында Аютөбе деп кездеседі. Жазба деректерде Макинское селосының Аютөбе өзенінің жанында салынғаны жазылса, карта деректерінде ауыл жанында Аютөбе төбесі орналасқандығы көрсетілген», – дейді Ирина Бекзатқызы.

Оның айтуына қарағанда, Ақмола облысының аумағындағы жер-су атауларын зерттеу барысында көптеген архив материалдары зерделеніп қана қоймай, ел аузындағы аңыз-әңгімелер мен жергілікті халықтың пікірі де ескерілген.

«Экспедиция барысында облыстың көптеген елді мекендерінде болып, ауыл ақсақалдарымен, жергілікті тұрғындармен ашық сұхбат жүргізу арқылы ауыл тарихы мен ескі атаулар туралы деректер мен аңыз-әңгімелерді жазып алдық. Оларды архив құжаттарымен салыстыру арқылы бір қорытындыға келуге болады. Мысалы, Бурабай ауданындағы далалық жұмыстар кезінде жергілікті тұрғындар Златополье ауылының ескі атауы Құмдыкөл болғандығын айтты. Кейін Көкшетау уезінің Дмитриев болыстық басқармасының 1908 жылғы қоныс аударушыларды тіркеу құжаты бойынша да ауыл аты Құмдыкөл болғандығы, 1909 жылы дәл осы құжатта ауыл аты Златополье болып өзгергендігі анықталды. Осындай атаулардың енді бірі – Ерейментау ауданындағы Новомарковка ауылы. Бұрынғы атауы барлық архив деректерінде «Мыңшұқыр» деп кездеседі. Экспедиция кезінде ауыл тұрғындары да, өлкетанушылар да бұл жердің көне атауының Мыңшұқыр болғандығын мәлімдеді.

Біз өз зерттеулерімізде нақты тарихи деректерге, яғни архив құжаттарына сүйенгенімізбен, далалық материалдардың да маңызы өте зор», – дейді «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері.

Топонимикалық зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша Ақмола облыстық ономастикалық комиссиясына өңірдегі 45 елді мекенге тарихи атауларын қайтару ұсынылған. ҚР Ұлттық музейі жаныдағы «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу институты мамандарының айтуына қарағанда, халық санағына байланысты атауларды өзгертуге мораторий жарияланғандықтан, бұл іс қазіргі таңда тоқтап тұр.

Ақмола облысы аумағында жүргізілген топонимикалық зерттеудің қорытындылары туралы толығырақ «Далалық Еуразия төсіндегі Сарыарқа мұрасы» атты ұжымдық монографиясынан оқып білуге болады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button