Жаңалық

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа сұрақ

Ruh.kz порталында «Әкімге сұрақ» айдары басталғанын хабарлай отырып, оқырман назарына Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықпаевтың тарихи-мәдени мұралар жайындағы, «Рухани жаңғыру» жобасы турасындағы, елім деген ерлер хақындағы сұқбатын жариялаймыз.

Сіз мектеп оқушысына «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қалай түсіндірер едіңіз?

– Бұл өте маңызды сұрақтардың бірі. Себебі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Білімнің салтанат құруы» деген бағыттың мектеп оқушылары үшін маңызы зор. Бұл – оқушыларға тиімді, сапалы әрі заманауи білім беру деген сөз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың: «Біздің мемлекет жан-жақты дамыған, білімді, зерек өскелең ұрпақпен ғана жаһанның керуен-көшіне ілесе алады» – деп айтқаны бар. Сондықтан, әр оқушы өзінің талабын көрсете білуі тиіс. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында – өткенімізді ұмытпай, болашаққа барар жолдың нақты үлгісі көрсетілген.

«Прагматизм», «Білімнің салтанат құруы», «Сананың ашықтығы», «Эволюциялық даму», «Бәсекеге қабілеттілік» – бағдарламаның қоғамдық сананы жаңғыртудағы маңызды бағыттарының бірі. Әрине, оқушылардың бұл түсініктерді қабылдауы алғашқы кезде қиынға түсуі мүмкін. Бірақ, оны біз қарапайым тілмен түсіндіруіміз керек. Яғни, «Жақсылыққа ұмтыл, өзіңнің уақытың мен ресурстарыңды дұрыс пайдалана біл, сенің білімің мен білігің қаншалықты көп болса, сен солғұрлым ақылды, күштірек және қызықтырақ боласың. Сенің қолыңнан бәрі келеді, сен үздіксің, сен бұдан да жақсы бола аласың» деген сөздерді жиі айтып отыруымыз қажет. Ең бастысы, мұны біз өз үлгімізбен дәлелдей білуіміз керек.

Менің ойымша, еліміздің шынайы патриоттарын, рухы биік азаматтарды, жігерлі жастарды тәрбиелеуде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы зор.

Біздің облысымызда білімді, зерек, зейінді оқушылар аз емес. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, олардың талабын одан әрі шыңдап, зейінін арттырып, қарым-қабілеттері мен бойындағы бар мүмкіндіктерін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының көмегімен, бағыт-бағдарымен толықтай ашуға болады.

Тарихи-мәдени мұраларды насихаттаудағы облыстың үлесі қандай?

Ұлттық тарих пен мәдениетке деген құлшыныс барлық қазақстандықтардың бірегейлігін қамтамасыз етуге ықпал ететіндігі жайлы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтқан болатын.

Халық мұраларын насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында облыста 678 мәдени мекеме маңызды жұмыстарды атқарып келеді.

Сөз жоқ, олар өскелең ұрпақтың бойында туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне деген ерекше көзқарасты қалыптастырады.

Халықтық өнерді дамыту мақсатында облыстық және аймақаралық айтыстар, фестивалдер мен мүшәйралар өткізіліп тұрады. Атап айтар болсақ, Қазақстанның халық ақыны Көкен Шәкеевтің туғанына 95 жыл және өнерге еңбегі сіңген қайраткер, айтыс ақыны Мұса Асайыновтың 90 жылдығына орай өткізілген «Айтыстың қос тарланы – Көкен, Мұса» атты облыстық ақындар айтысы, Көкшетау қаласының 195 жылдығына арналған «Көзайымым, Көкшетау!» ақындар фестивалі, «Домбыра» архитектуралық композициясының салтанатты ашылуы мен осы шарада 500 күйшінің бір мезетте домбырамен күй орындауы және «Көкшетау –тал бесігім» атты VІ-шы өңірлік дәстүрлі музыкалық фестивалінің өткізілуі ел үшін елеулі оқиға болды.

Жастар жылына орай өткізілген «Ақмола жұлдыздары-2019» халық шығармашылығы облыстық байқауына 211 ауылдық окургтен 49 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде өнерге алғаш қадам басқан 110 жаңа шығармашылық ұжым, 151 жеке орындаушылар мен талантты жастар бар. Сонымен бірге, жас суретшілер арасында «Бояулар құпиясы» конкурсы өтті. Оған аймақтағы мектептерден 2600 оқушы қатысты. Сондай-ақ, Музыкалық және өнер мектептеріндегі 1600 тәрбиеленушінің қатысуымен «Жас дарын» конкурсы ұйымдастырылды.

Шучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту мақсатында «Бурабай –Даму» орталығының алаңында жаз бойы 20-дан астам мәдени іс-шаралар өткізілді. Мұндай шаралардың мәдени туризмді өркендетудегі маңызы зор. Әсіресе, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен «Жұлдыздар маусымы» жобасы зор қызығушылық тудырды.

Сонымен қатар, «KOKSHETAUFOLKFEST»«Достық керуені» атты өңіраралық фольклорлық фестивалі  мен Қазақстанның Солтүстік өңірлерінің (Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары) өнерпаздары қатысқан «Бурабай толқындары» эстрадалық әндердің жас орындаушыларының ІІ-ші телевизиялық конкурс- фестивалі өткізілді.

Бурабайда тұңғыш рет 9 мемлеткеттің 20 суретшісі қатысқан «Бурабай аңыздары» Халықаралық форумы өтті. Форумның аясында баспасөз мәслихаты мен көрмелер және дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Қыркүйек айының 14-ші жұлдызында «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен форумның қорытынды кешінде әр суретші 2 суретін облысқа сыйға тартты. Бұл суреттер облыстық әдебиет және өнер музейінің қорында сақталып, келушілерге көрсетілетін болады. Облыстық кітапханада лицензиялы келісім негізінде «LIBRARY.RU» электрондық кітапханасы мен «Magjan.kz» порталы жұмыс істейді. Енді кітапхана оқырмандарына Ресейдің және өзге де шет елдердегі кітапханалардың базаларынан ақпарат алуға мүмкіндік жасалып отыр. «Цифрлық зертхана» жаңа жобасын жүзеге асыруға және кітап қорын цифрландырудың үлесін арттыру үшін облыстық бюджеттен 46,7 миллион теңге қаржы бөлінді.

Облыстағы 11 музейдің ұйымдастыруымен өткен 1 407 шараға 50 940 адам қатысты. Оның шеңдерінде 17 014 экскурсия, 267 лекция, 270 көрме ұйымдастырылды. Музейлердің қоры 799 жаңа экспонатпен толықты.

Қазіргі уақытта облыстық 2 музейдің, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану және Мәлік Ғабдуллин музейлерінің экспонаттарын қайта жабдықтау жұмыстары аяқталып келеді. Әдебиет және өнер музейінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын және Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған қағидаларды жүзеге асыру мақсатында 6 инновациялық музей жобасы жасалуда.

«Ғасырлар аманаты» экспозициялық-көрме жобасы аясында биыл облыстық тарихи-өлкетану музейі қорының материалдары негізінде Ақмола облысының аудандарында көрмелер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, облыстың барлық музейлерінде ай сайын кешкі сағат 9-дан түнгі 3-ке дейін «Музейдегі бір түн» акциясы ұйымдастырылып келеді.

Облыс мектептерінде музей сабақтары іспетті «Week of history» жобасы жүзеге асырыла бастады. Музейлер мен архивтердің ғылыми қызметкерлері қордағы экспонаттар негізінде мектеп оқушылары үшін экскурсиялар ұйымдастырады, қызықты лекциялар оқиды.

Ашық аспан астындағы археологиялық-этнографиялық «Ботай-Бурабай» жоба-музейі ойдағыдай жүзеге асырып, облысқа келген қонақтар мен тұрғындардың зор қызығушылығын тудырып отыр. Бұл музейге ашылғалы 2 жылдың ішінде 45 000 мың адам келген.

Жыл сайын археологиялық қазба жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. 2019 жылы «Қазыналы қазба – ұлт құндылығы» жобасы аясында Бурабай ауданындағы Жаңаталап, Зеренді ауданындағы Васильковка ауылдарының маңайында археологиялық экспедиция жұмыс істеді. Зеренді ауданындағы зерттеу жұмыстары барысында б.э.д VІІ-ші ғасырдағы қаруланған сақ жауынгерлері жерленген екі қорым табылды. Археолгиялық қазба жұмыстарына жастардың қызығушылығы басым. Сондықтан, бұл жұмысқа негізінен студенттер мен мектеп оқушылары тартылады.

2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасын жүзеге асыру мақсатында Ақмола облыстық әдебиет және өнер музейі «Қазақстан жазушылар одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігімен келісім шарт жасасып, оған 10,3 млн.теңге көлемінде қаржы бөлінді.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер иниститутының ғылыми қызметкері, жазушы, ф.ғ.д. Нұрдәулет Ақыш, жазушы, белгілі журналист Кенебай Жұмаш Айтжұманұлы, жазушы, сыншы, халықаралық және республикалық конкурстардың жүлдегері Айгүл Кемелбаева жобаны жүзеге асыру барысында облыстың музейлері мен мұрағаттарын аралап, Бурабай, Біржан сал, Атбасар, Зеренді, Целиноград, Ерейментау, Қорғалжын аудандарында болып, осы өңірлердің аңыз-әңгімелерін жинақтап, тарихымен танысты.

Жобаның нәтижесі ретінде Нұрдәулет Ақыштың «Афанасий Латута» тарихи романы, Жұмаш Кенебайдың «Ғашық жүрек» поэмасы, Айгүл Кемелбаеваның «Арқаның алтын белдеуі» атты ғылыми очерктері жазылды.

Сонымен қатар облыс көлемінде «Тарихи – әдеби өлкетану» жобасын іске асыру бойынша ауқымды шаралар қолға алынды. Осы орайда, аталмыш бастаманы жүзеге асыру үшін 2019 жылы жобаны қаржыландыруға 10 млн. тг қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта «Қазақстан жазушылар одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігімен ұйымдастырушылық-құқықтық шаралар жүргізілуде.

Мектептердің жанындағы тарихи-археологиялық және өлкетану қозғалысы белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Жыл бойы жас өлкетанушылар өз жобаларын облыстық және республикалық конкурстар мен көрмелерге ұсынып, «Жас өлкетанушы», «Жас экскурсия жүргізуші» аталымдары бойынша бірқатар жүлделі орындарға ие болды. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап, облыстың барлық 557 мектебінде «Өлкетану» курсы жүргізіліп келеді. 5-7 сынып оқушыларын оқыту үшін 30 мыңнан астам «Өлкетану» оқулықтары сатып алынды. Қазақстанның өзге аймақтарының тарихи-географиялық және мәдени ерекшеліктері жайлы кеңінен түсінік беретін бұл оқулықтарға қосалқы көмекші әдебиет есебінде хрестоматия қосымшасы шығарылды. Күні бүгінге дейін 2179,1 мың теңгеге 909 хрестоматия сатып алынды. Осы жылдың қыркүйек айында тағы да 2115,1 мың теңге қосымша қаржы бөлінді.

Облыстың киелі жерлерін көрсететін туристік бағыттар жұмыс істейді. Тарихи-мәдени мұра нысандарына QR-код орнатылды.

Биылғы жылы Нұр-Сұлтан – Көкшетау тас жолының бойына Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Кенесары хан, Біржан сал секілді 5 тұлғаның ескерткіші орнатылды. Облыс бойынша ескерткіш пен тарихи-мәдени мұралар нысанының жалпы саны 1793 болса, бұлардың 4-і республикалық, 1232-сі жергілікті маңызға ие. Бұдан бөлек 757 нысан есепке алынбақ.

Өңірде «Заманауи Қазақстан мәдениеті жаһандық кеңістікте» арнайы жобасы қалай іске асырылуда?

Бұл арнайы жобаның негізгі міндеттерінің бірі – елімізде Қазақстандық мәдениеттің танымалдылығын арттыру, сондай-ақ, шет елде Қазақстанның мәдени жетістіктерін неғұрлым кеңінен насихаттау.

Ол үшін облыстағы таңдаулы шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың халықаралық конкурстар мен фестивальдарға қатысуына барынша қолдау көрсетіледі.

Биылғы жылы Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық музыкалық-драма театры Башқортостан Республикасының астанасы Уфа қаласында өткен «Тулганлық» түрік тілдес елдер театрларының фестиваліне қатысты.

Ақмола облыстық орыс драма театры Шыңғыс Айтматовтың «Жанпида» спектаклімен Татарстан Республикасының (РФ) Буинск қаласында өткен ұлттық театрлардың «БУА: диалог кеңістігі» атты III Халықаралық фестиваліне қатысып келді.

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Гәкку» би ұжымы гастрольдік сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды.

Облыстың әуесқой әртістері, «Көкшетау», «Достар» Мәдениет сарайларының өнер ұжымдары Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Сочи қалаларында, Кабардин-Балкария Республикасының Нальчик қаласында, Марий Эл Республикасының Йошкар-Ола қаласында, Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде, Түрік Республикасының Анталия және Сиде қалаларында, Грузия Республикасының Батуми қаласында өткен халықаралық конкурстар мен фестивальдарға қатысты. Биыл жастар жылы аясында «ELjastar» экспериментальды лабораториялық театры ашылды. Театр сәуір айында Ақтөбе қаласында өткен «Балауса» IV Халықаралық фестиваліне қатысып, «Өзекті сахналық тілді іздегені үшін» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Бұл біздің мәдениет қайраткерлерінің бастамасы ғана деп білеміз. Олардың басқа да конкурстар мен фестивальдарда аймағымыздың, тұтастай еліміздің намысын лайықты қорғайтынына сенімім мол.

Сіздер мақтан тұтатын батырлар мен аймақтан шыққан азаматтар туралы не айтасыз?

Біздің өңіріміз шын мәнінде ұлы батырлардың, сал-серілердің мекені болып саналады. Олардың жанқиярлық батылдығы халқымыздың бірлігі мен қазақ жерінің тұтастығының сақталуына игі ықпалын тигізді.

Егер бүгінгі күннің батырлары туралы айтар болсақ, Шортанды ауданының тумасы, қаракүштің иесі Сергей Цирульниковті айтуға болады. Ол – әлемнің төрт дүркін рекордшысы, Гиннесс кітабына енген және Қазақстанның алты дүркін жеңімпазы болып табылады. Ол мен үшін ең алдымен осы заманның атақты спортшысы, Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақтың игі дәстүрін жалғастырушы. Қазір, оның есімі елімізден тысқары жерлерге де мәлім.

Ал, кеудесін жерден көтеру спорты бойынша Қазақстанның алты дүркін, планканы ұстаудан екі дүркін чемпион, 13 жасар Әмір Махмет Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында тұрады.

Әлем біріншіліктері мен халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрген семсерлесуші Дмитрий Алексанин, боксшылар Теміртас Жүсіпов пен Дина Жоламан, триатлоншы Аян Бейсенбаев және тағы басқа да көптеген спортшыларымыз біздің мақтанышымыз.

Ерлік, батырлық ұғымы туралы айтар болсақ, әрине, Атбасар ауданында өзінің қызмет бабындағы міндетін атқару барысында қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиевті ерекше айтуға болады. Жерлесіміздің осы ерлігін ұмытпай, есте сақтау – біздің бәріміздің ортақ парызымыз.

Мен осындай батырлар туған Ақмола топырағында дүниеге келгенімді мақтан етемін. Біздің ақмолалықтар өздерінің кіші Отанына өте үлкен сезімталдықпен қарайды. Осы орайда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында тұрақты түрде меценаттықпен және демеушілік көмек көрсетумен айналысатын кәсіпкерлер мен өнім өндірушілерді де атап өткім келеді. Олар Целиноград ауданындағы «Родина Агрофирмасы» серіктестігінің директоры Иван Адамович Сауэр, Есіл ауданындағы «Заречный» серіктестігінің директоры Уәлихан Сапиұлы Әріпов пен «Ново-Приречный» серіктестігінің директоры Валерий Николаевич Тюркин, Жақсы ауданындағы «ТНК Агрофирмасы» серіктестігінің директоры Батырбек Тұрсынбекұлы Уәлиев, Ақкөл ауданындағы «Хлебороб» серіктестігінің директоры Владимир Ильич Стихиляс, Сандықтау ауданындағы «Свободный» серіктестігінің директоры Александр Александрович Закусилов.

Осылай ауыл аймақтың дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосатын қайырымды жандардың қатары жыл сайын көбейіп, жаңа есімдер, жаңа кәсіпкерлер қосылып жатыр. Бұл әрине, қуанарлық жағдай.

Нағыз азамат ең алдымен, ар-ожданы таза, күнделікті өмірінде адамгершілік қағидаларын жоғары ұстайтын, өз ісін жетік білетін, өзін-өзі ұдайы жетілдіріп отыратын, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, көмек көрсететін адам. Ол өз елі мен халқының нағыз патриоты болуы керек. Міне, осындай адамды нағыз азамат деп айтуға болады.

Ескерту: сұқбат Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз бөлімінің көмегімен дайындалды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button