Жаңалық

Ақмола облысының «Өлкетану» оқулығы жарияланды

Білім маңызы артқан дәуірде білімдар болуға ұмтылу – ең дұрыс жол. Бұл жол адамды жарқын болашаққа жетелейді. Ол білімнің ұлт үшін қызмет жасауы барлығынан биік тұратыны айтпаса да түсінікті. Осы ретте болашақ азаматтарды мектеп жасынан бастап ұлт тұтқасын ұстайтын, өз-өзіне жауапкершілік арта алатын азамат ретінде тәрбиелеу үшін түрлі бастамалар жоспарланып, жүзеге асып жатыр.

Аталған игі бастамалардың бірегейі – «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы. Осы арнайы жобаның аясында мектеп оқушыларының, жалпы азаматтардың еліміздің қасиетті жерлеріне саяхаты, қалталы азаматтардың өз өлкелерін дамытуға үлес қосуы сынды өнегелі істер жүзеге асып жатыр. «Туған жер» жобасының жақын арада жарыққа шыққан тағы бір жаңалығы – 5-7 сыныптарға арналған өзге форматтағы «Өлкетану» оқулығы. Аталған оқулықта тарих, география, әдебиет, музыка сияқты пәндер біріктіріліп, оқушының танымын кеңейтетін тамаша дүниелер ұсынылған.

«Өлкетану» оқу құралы әр облысқа жеке-жеке жарық көрді. Мысалы, Алматы облысына өз алдына, Ақмола облысына өз алдына, тағысын тағы…

Біз бүгін Ақмола облысының құндылықтарымен, бай мұрасымен, тарихымен, әдеби-мәдени, музыкалық ерекшеліктерімен таныстыратын «Өлкетану» оқулығы туралы сөз қозғамақпыз.

Аталған аймақтың тамашаларын тізген оқу құралы Көкшетау қаласында таныстырылды. Ақмола облысының білім басқармасының басшысы Гамазовтың айтуынша, аймақтың тарихын және өзге де құндылықтарын оқушыларға таныстырып, ұлттық рухын көтеретін, отансүйгіштікке баулитын «Өлкетану» оқулығына 20 сағат бөлінбек. Алғаш рет мектеп бағдарламасына еніп отырған оқулықтың бірден мұндай жоғары көлемдегі сағатқа ие болуы жаман көрсеткіш емес. «Өлкетану» оқулығы өзінің негізгі міндеті – аймақтың құндылықтарын, мұрасын оқушыларға таныстырумен қатар, биология, география, тарих, әдебиет, музыка секілді негізгі пәндерді толықтырып, жетілдіріп отырады.

Маңызы жоғары, аса үлкен талғамда жазылып, талай сүзгіден өтіп, сарапталған оқу құралының авторлық құрамына экологтар, туристер және өлкетанушылар,[GB1] жоғарыда аталған пәндер бойынша білікті ұстаздар кірді. Атап өтсек: Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директорының орынбасары Алма Құнанбаева, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұстазы, педагогика ғылымдарының кандидаты Иван Плачинта, «Келешек-2030» баспа үйінің редакторы Шағбан Бектасов, облыс көлемінде және республикаға танымал ұстаз және публицист Алия Ахетова.

«Өлкетану» оқулығы 5-7 сыныптарға арналғандықтан, ол осы аралықта өте маңызды пәндерді біріктіреді. Жоғарыда айтылған пәндердің ең қаймақты, қажетті әрі бұрын-соңды ешбір жерде жарияланбаған тың деректері жиналған оқулықтың маңызының зор екені айтпаса да белгілі.

Оқулықтың мазмұны жайлы [GB2] Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директорының орынбасары Алма Құнанбаева баяндама жасап, оқу құралының артықшылықтарын тілге тиек етті. Оның айтуынша, жаңа ұрпақ өзінің тарихын терең танып, өзінің түп-тамырының дәрежесін білуі керек және туған өлкесінің өзіне тән салт-дәстүрлерін, қағидаларын, бай тарихи мұраларын сақтауды үйренуі шарт. Сонымен қатар, бұл кітап арқылы ұлт болашағы саналатын мектеп оқушыларының санасындағы отансүйгіштік, ұлттық рух, азаматтық болмыс секілді сезімдер ұлғайып, оқушыға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Заманауи стандарттарға сай, ұлт тарихындағы ұлы белес саналған «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында жарық көрген «Өлкетану» оқулығын көпшілікке Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұстазы, педагогика ғылымдарының кандидаты таныстырды. Ол кітаптың жалпы мазмұны жайлы және иллюстрациялық безендірілу деңгейі жайлы сөз қозғап, бұл оқулықтардың мектеп оқушысы үшін қаншалықты пайдалы екеніне тоқталды.

Облыста «Өлкетану» сабақтары 2018/2019 оқу жылының екінші жартыжылдығынан бастап, оқушылардың мектеп бағдарламасына енгізіліп, жүргізілмек.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button