Ақсарбас атау ғұрпы
Ақсарбас атау – көне дәстүрлі дініміздегі құрбандық шалу ғұрпы. Қуаныш пен қайғыда, ауырып, қиындыққа тап болғанда немесе сапарға аттанғанда мал атайды. Бұл тылсым күшке сеніп, Тәңірдің құдіретіне иланудан пайда болған.
Ақсарбасқа қандай мал шалынады?
Ақсарбасқа бозқасқа, көкқасқа және қызылқасқа шалынатыны туралы деректер көп. Бұл жердегі бозқасқа – қой, көкқасқа – жылқы, қызылқасқа – сиыр дегенді білдіреді. Қазақтар ақсарбас атағанда, малдың ерекше ақ сары бас немесе боз қасқа болуына айрықша мән берген. Өйткені боз қасқаны атаса, тілек Тәңірге тез жетеді деп болжаған. Боз, көк түстерін Көктің символына балап, қасиетті түске жатқызған. Онымен қоса, құрбандыққа шалынатын қойдың түсі ақ, басы мен мойны сары болуын жақсылыққа жориды. Ақ малды жақсылықтың нышанына балап, құрбандық қабыл болады деп ырымдайды.
Ақсарбас атаудың тәртібі:
Адам қауіп-қатерге ұшырап, қатты ауырғанда, ақсарбас атайды. Бұл кезде Алла атымен «ақсарбас» деп үш рет айтуы керек. Бәле-жаладан аман шыққан кісі осыдан кейін ел-жұртты шақырып, құдайы береді.
Алыс сапарға кеткен адамның амандығы үшін шалған малды да ақсарбас атауға жатқызады. Ақсарбас атаған адамға қонақтар мен жақындары «Құдай, оң жолына баста, жолыңа ақсарбас айттым» деп тілек айтуы керек Ақсарбас сапар шеккен адамды бәле-жаладан, қиындықтан аман сақтап, тілекші болады деп сенген.
Жаңа босанған әйелге ақсарбас қой сойып, тілек айтып, қалжа жегізеді. Себебі жүкті әйел құрбан шалған еттен дәм татпаса, ана мен баланы қырық түрлі қырсық шалады, қалжа жемеген әйелдің баласы ынжық болады деп ойлаған.
Қызға құда түсіп келіп, екі жақ «құдандалы» болғанда, қыздың әкесі ақ қой сояды. «Ақ қойдың қаны – ақ бата оқығаны» деген сөз осыны меңзейді. Жігіт жақ жаңа түскен келіннің «өлі-тірісіне» ақтоқты апарады. Қазақтарда қойдың ақ сары басын құрбандыққа шалу – құдайы айтудың жақсылық, қуанышпен аяқталуын тілеу.
Беделді адам қайтыс болғанда, құрбандыққа қойдан ақсарбас шалынса, қатардағы құрбандыққа қоңыр тоқты мен қара шұнақ лақ сойылған.